Хан Гаң және Азия әдебиетінің болашағы
2024 жылғы Нобель әдебиет сыйлығы Оңтүстік Корея жазушысы Хан Гаңға бұйырды. «Ет жемейтін әйел», «Ақ кітап», «Адам табиғаты», «Грек тілі сабағы» қатарлы романдардың авторына Нобель комитеті: «Тән мен жанның, өлі мен тірінің арасындағы нәзік иірімдерді терең сезініп, өзінің поэтикалық және эксперименттік стилінің мәнерімен қазіргі әдебиетке жаңалық әкелгені үшін» әйгілі сыйлық бұйырғанын мәлімдеді. 53 жастағы Хан Гаң жазушылар отбасында дүниеге келген. Оның әкесі мен ағасы да өз отандарында танымал жазушылар қатарында.
Хан Гаң шығармашылығы несімен құнды?
Қазір аты әлемге мәшһұр болған, кітаптары тез арада сатылып кеткен жазушының өмірбаянына тоқталудың қажеті жоқ шығар. Гуанжу өлкесінде дүниеге келіп, есейген шағында Сеулге көшкен жазушының ғұмырбаяны туралы ақпарат құралдары там-тұмдап болса да, біраз жазды. Біз жазушының онға таяу әңгімесін, «Өсімдік әйел» атты шығармасы мен «Ет жемейтін әйел» романын оқып шықтық. Нобель комитеті «өзінің поэтикалық және экспериментке толы стилімен әдебиетке жаңашылдық» әкелгені үшін осы сыйлықты бергенінің себебі – Хан Гаң жасампаздығының бүгінге дейінгі әдебиет үлгілерін барынша сығымдап қолдана білуінде әрі қаламгердің нақтылық пен дәлдік принципінен бұлжымай, шығармаларында шымыр оқиғалар тізбегін барынша боямасыз суреттей алуында екенін бажайлағандай болдық. Жазушы «Ет жемейтін әйел» романын жазу ойына «Өсімдік әйелді» жазып болғанда-ақ бекінгенін айтады. Бұл екі шығармада идеялық тұрғыдан да, мазмұндық, тіпті жазу мәнері жағынан да ұқсастық өте көп.
Екеуінде де әйел өз жарынан суынып, отбасылық қызықтан бірте-бірте бас тарта бастайды. Өйткені біреуінің денесінде көгерген дақ пайда болып, ақыр соңында мына дүниенің барлық қызық-қуанышынан жырақтап, өз әлемінде, онда да таза бір ғаламда өмір сүруді көксей түссе, екіншісі түсінде орманда қан-жосаға малынған өлекселер әлемінде жүргенін көріп, бұл дүниеден оқшауланады. Екеуінің де күйеуі оларды түсінуден қалып, ақыры өткел бермес сезім шырғалаңына тап болып, тіпті бұған әйелін жазғырып тынады. Өйткені олардың көзқарасы, атамзаманнан келе жатқан өмір дағдысы, дәстүрлі құндылықтар екі әйелдің шешімі мен таңдауына мүлдем кереғар еді. Жазушы бұл эпизодтарды асқан шеберлікпен суреттейді, тіпті Ён Хенің көрген түсін егжей-тегжейлі сөз етпегендей, дәл сондай өсімдікке айналған әйелдің ішкі арпалысын да толық ақтарып, оған қатты екпін түсірмегендей көрінеді. Егер бұған дейінгі ілем әдебиетін оқыр болсаңыз, автор да, оқырман да осы сәттердің барынша көбірек сөз болуын қалайтыны белгілі. «Сол шақты жеріне жеткізе жазбағаны-ай» деп өкініш танытып, автордың бұл ісіне кейістік танытуы ғажап емес.
Шындығында солай ма? Жоқ, әрине. Екі кейіпкердің әлемін, құлазуын, естанды халдегі сәттерін ұсақ детальдармен береді және оқырман ол детальдардың қолданылу ретін де байқамай қалады. Өсімдік әйелдің күйеуі балконда көгөністер өсіреді, гүл егеді, бірақ ол солып қала береді немесе дұрыс көктемейді. Осы шағын ғана оқиға шығарманың өн-бойына айрықша алау сеуіп, негізгі нүктесіне айналады. Күйеуі ерлі-зайыпты арасындағы шырын сәттен алыстап, бұған негізгі бөгет әйелінің денесіндегі көк дақтар деп ойлайды. Ал ет жеуден бас тартқан Ён Хенің күйеуі жарымен төсек ләззатына батқысы келсе де, әйелі оған ырық бермей, бойын аулақ салады. Бұған жары: «Тым құрыса екеуміздің арамызда бұған да жол бермейсің бе? Сонда бізде не қызық қалды?» деген сыңайда ашу шақырады. Сонда Ён Хенің айтқаны не дейсіз ғой: «Сенің денеңнен еттің иісі шығады...». Автор осы бір ауыз сөз арқылы көп дүниені айтқанын, бір сөйлемге тұтас роман жүгін сыйдырғанын аңғарлы оқырман болмаса, көбісі байқамауы мүмкін.
Өсімдікке бірте-бірте айналған әйел жас кезінен әлдебір сапарға, ел көрмес жаққа кетуді аңсайды, оның жаны тазалықты сүйеді және қаланың у-шуынан запы болғанын арагідік айтып отырады. Ал ет жеуден бас тартқан әйел де айналасынан көңіл аулар түк таппай, өзінің оқшау әлеміне – жан дүниесінде жүріп жатқан процестердің тұңғиығына қарай күн өткен сайын жақындай түседі.
Екеуіндегі оқшаулану ритмінің суреттелуінде көптеген ұқсастық бар. Автордың «Өсімдік әйелді» жазып болғанымда, ет жемейтін адам туралы ойлана бастадым әрі оны міндетті түрде жазам деген бекімге келдім» деуі – «Өсімдік әйелдегі» кейіпкерлер арасындағы нәзік қақтығысты басқа қырынан көрсетуге болатынын аңдауында еді. Алғашқы шығармада бір отбасындағы ерлі-зайыптының арасындағы шағын әңгімелер мен детальдар арқылы бүгінгі адамдар дәуір тасқынында сеңдей соғылған жаңалыққа, қоғамдағы өзгеріске қаншалықты тез бейімделсе, жеке адамның жан әлемін түсінуге соншалықты қауқарсыз, төзімсіз екенін көрсете білген. Ал романда осы шағын қақтығыстарды бір отбасының емес, тұтас әулеттің ішіндегі қақтығысқа ұластырады. «Ет жемейтін әйел» шығармасының 2016 жылы «Букер» сыйлығын еншілеуі жазушының бір тақырыпты індете отырып, өзінің шығармашылық дағдысын қайта түлете алатын ізденімпаздығында жатса керек.
Роман жалғыз қалған қауқарсыз әйел мен тұтас жүйенің қақтығысынан тұрады. Бірінші бөлімде күйеуі, екінші бөлімде жездесі, үшінші бөлімде әпкесінің әңгімесі арқылы өрілетін оқиғалар біз әдетте қарапайым тұрмыс барысындағы жағдаяттар деп ойлайтын отбасылық қарым-қатынастың адам жанына қалай әсер ететінін баяндайды. Өзіңнен өзгеше пендеге өшіге қарау, өз әлеміңді қорғай отырып, өзгенің әлемін жатсыну, оның жеке шекарасын бұзу, тіпті соған үстемдік ету, өзіңдікін дұрыс санап, өзгенікін үнемі теріске шығару тұтас адамзаттық дағдыға, қалыпты өмірге айналғанын өте шынайы жеткізеді. Бұл шығармаларда мистиканың өзі жоқ, бірақ адам санасының мистикалық хаосқа толы екенін көрсететін өзгеше поэтика бар.
ХХ ғасырда әлем әдебиеті магия мен мистиканың неше түрлі формасын жасап, талай өзекті мазмұнды жаратты. Қазір кино, театр, әдебиетте, жалпы өнер атаулыда мистиканың ұшқын, магиялық тартылыс болмаса, оны қабылдамайтын халге жеттік. Хан Гаң өткен ғасыр мен жаңа ғасырдағы мистикалық һәм магиялық суреттеудің айқын образдарын жерге түсіріп, күнделікті адамдар арасындағы қарапайым әңгімелер мен жүріс-тұрысының өзінде мистика мен магияға бергісіз, тіпті адам ақылына сыйғысыз дүниелер көп екенін көрсеткендей. Шын мәнінде, Ён Хе – тек отбасымен тайталасқа түсіп отырған жоқ, арғы өзегіне үңілсеңіз, ол тұтас қоғаммен қақтығысып отыр. Оны әкесі де, әпкесі де, жездесі де түсіне алмайды. Түсінбек түгіл, оған агрессия танытады. Мұндағы агрессияның бәрі бірде жеңіл, бірде ауыр халде өтеді. Біртоға, көп ешкіммен қақ-соғы жоқ әйелін күйеуі сүйе ме, әлде бүгінгі адамдардың өз жағдайы үшін есеппен үйленетіні сияқты, ол да оны «қолайлы өмір» үшін таңдады ма? Шығармадан күйеуінің әу баста қызды «өзіне икемді серіктес» деп қарағанын білеміз. Әкесі ет жеуден бас тартқан қызына айбат шегіп, аузына ет тығып, оны күшпен тамақтандырмақ болады. Оның да ойында тек «отбасылық абырой, бедел» деген ғана ұғым тұр. Ал жездесі... өз әлемінің тұтқынына айналған балдызын нәпсісін қандырушы роботтай көретіні бар. Бір таңғаларлығы, әйел де оның бұл әрекетін жазғырмайды, керісінше, осылай етсек, оның икеміне көнсем, ішімдегі азап оты басылып, бәлкім өсімдікке тезірек айналып, таза әлемге қадам басармын деп қиялдайды. Денесіне жездесі салған тутуаждың әсеріне алданып, жан дүниесі тепе-теңдікке жетіп, рахат күй кешкендей сезім кешеді. Бірақ ол жездесінің тән қалауын, әзәзіл пиғылын қанағаттандырған соң, тіпті де азап шегіп, ішіндегі «қаннан» (еттен деп ұқсаңыз да болады) одан бетер жиіркенеді. Яғни, өзінің дәл сол шақтағы ет пен сүйектен тұратын тәнін қабылдай алмай, аһ ұрады.
Бірден айтайық, шығарма – вегетариандарды қолдау, сол жолға түскен адамдардың өмір салты мен көзқарасын әспеттеу емес, әйелдің оларға қатысы болмаған, тіпті ондай топпен араласпаған да. Мұны шығармада күйеуі айтады әрі әйелінің аяқасты өзгерісіне таңғалумен болады. Біздіңше, автордың айтқысы келгені одан ауқымды, мұнда тұтас адамзаттың болмысындағы жыртқыштық қайдан келді, ту бастағы мөлдір сезімдерді неге мансұқ еттік, айналамызды ластау, былғау, құрту неге қалыпты жайтқа айналды, өзіміздің ішімізге үңіліп, бір сәт тазаруды қаласақ болмас па, судай мөлдір жанымызды неге қоқыспен толтырып жатырмыз деген сұрақтар төңірегінде болып отыр.
Хан Гаңның поэтикасы – адамдардың танымын жіңішке қылдай сезімдер қақтығысы арқылы өруінде деп ойлаймыз. Оның поэтикасының қуаты – адамға адам ретінде қарай білудің қаншалықты мағыналы өнер екенін іс-әрекеттер тізбегімен көрсете отырып, ӘСІЛГІ АДАМ нәті мен бүгінгі біздің, айналамыздағы миллиардтаған жұмыр басты пенденің болмысы мүлдем қабыспайтынын, біз тым ертеде өзіміздің ту бастағы жаратылысымыздан жырақтағанымызды пафоссыз суреттеуінде. Ал оның эстетикасы, Нобель комитеті айтқан жаңашылдығының сыры – суреттеудің көл-көсір эпитеттері мен баяндауларынан, оқырманын егілту, таңғалдыру, тамсандыру сынды «кәнігі тәсілдерінен» бас тартуында жатыр. Сіз Хан Гаңды оқысаңыз, таңырқап, аузыңызды ашып, көзіңізді жұмбайсыз, керісінше, күнделікті көріп, естіп, өзімізде қолданып жүрген қарапайым дағдылардың соншалықты сөлекет екеніне бір сәт мән бересіз. Хан Гаң құсап жазудан оңай дүние жоқтай көрінеді, ол құсап сөйлем құрау, диалог құру екінің бірі жасай алатын шығармашылық машық деп ойлайсыз. «Қарабайыр әңгімелердің» өзінде айрықша қуат боларын сезінбесеңіз, онда Хан Гаң шығармашылығының ішіне ене алмайсыз.
Нобель комитетінің таңдауында қандай сыр бар?
Мұндай сұрақ қоюымыздың себебі, Хан Гаң 2016 жылы «Букер» сыйлығын алғанына қарамастан, биылғы Нобель сыйлығының шорт-лисінде оның есім-сойы болмады. Алғашқы ондықта аты аталмаған қаламгердің Нобель алуы біраз жұртты таңырқатты. Өйткені биылғы үміткерлер ішінде Хан Гаңнан басқа да атағы алысқа кеткен, өз оқырмандарын ұйытып үлгірген жазушылар болды. Десе де, Нобель комитеті таңдау жасаудан қателеспегені анық. Таңдау азиялық жазушыға түсті. Неліктен? Біріншіден, Хан Гаң шығармашылығы, жоғарыда айтқанымыздай, әбден лайық болғанымен, бұл жерде заманауи мәдениеттің ықпал ету күшін де ұмытпағанымыз жөн. Оңтүстік Корея – Шығыс Азиядағы дамыған әрі экономикасымен қоса, мәдениеті де әлемде мойындалған ел. Олардың киносы жаһан жұртын таңғалдырғалы талай жылдың жүзі болды. Әлемдік кинофестивальдерде топ жарған, тіпті «Оскарды» да алған режиссерлері бар. Ал қарапайым тарихи сериалдарының өзі бүкіл әлемді шарлап кеткелі қашан. Дорамалары арқылы дүйім жаһанды тәнті етуден жалыққан емес. Заманауи ән өнерінде көпке үлгі, сән, дизаин, архитектура, сурет өнерінде де корейлік дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіріп, өзінің «Бар» екенін көрсетіп үлгерді. Қысқаша айтқанда, олар өз мәдениетін экспорттаушы санаулы елдің қатарына енген. Жаһандану заманында әрі бүгінгідей ақпараттық тұтасу дәуірінде өз мәдениетіңізді экспорттай алмасаңыз, онда өзге мәдениеттің тұтынушысы боласыз. Өз мәдениетін өзгенің кәдесіне жарата алған елдің әдебиеті де ықпалды болары даусыз.
Хан Гаң тақыр жерден шыққан жоқ, ол – ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында бәсекелестікке төтеп, жетістікке ұмтылған халықтың, урбанизация мен техникалық үстемдіктің игілігін көрген халықтың, Батыс пен Шығыс мәдениетінің әртүрлі үлгісін тел емген халықтың, шындығында, өзінен, ұлттық мәдениетінен жерімеген, керісінше, онысын мақтан тұтатын, өзіне не керегін білетін халықтың өкілі. Түптеп келгенде, заманауи өркениет жасаушы елдің ұрпағы. Сол үшін де Хан Гаң сияқты қаламгердің Нобель сыйлығын алуы заңдылық әрі корей мәдениеті мен жасампаздығына берілген шынайы баға деп ойласақ қателеспейміз
Азия әдебиетінде орнымыз бар ма?
Дегенмен біз үшін, берісі қазақ, арысы Орталық Азия оқырмандары мен әдебиетшілері үшін ойланатын бір сұрақ бар.
Латын Америкасының әдебиеттегі төңкерісі секілді, болашақта Азия әдебиетінің бүкіл әлем оқырмандарын өзіне баурап алар шағы туа ма? Егер солай болып жатса, біздің әдебиет сол көшке ілесе ала ма? Жалпы, әлем әдебиетін айтпайық, Азия әдебиетінде біздің өзіндік орнымыз бар ма?
М.Астуриас, Х.Борхес, Г.Маркес, А.Карпентьер, М.Льосалар бастаған ұзын-ырғасы жиырмадан астам қаламгер Латын Америкасынан іркес-тіркес шығып, күллі әлем әдебиетін басқа арнаға бұрғаны күні кеше еді. Сондай булкандар Азия әдебиетінен шыға бастағалы да біраз уақыт болды. Жапон әдебиеті десе, ойланбастан оншақты қаламгердің атын айтамыз. Ол көшке Қытай да ілесіп үлгерді. Бірнеше жылдан бері қытайлық жазушы Сан Шуе Нобель сыйлығын алатындардың негізгі тізіміне кіріп жүр. Одан бөлек, Қытайдан шетелге ерте кеткен ақын Би Дау бар. Қытайдың өзінде ондаған жазушы «әлем әдебиеті бізден үйренсін» деп кезекте тұр деп естиміз. Үнді ақыны Тагор, мысырлық Махфуз, түркиялық Памук Нобель сыйлығын иеленді.
Мән беріп қарасаңыз, жаңа ғасырда азиялық төрт жазушы – Гао Синцзянь (2000), Орхан Паму (2006), Мо Янь (2012), Хан Гаң (2024) даңсалы сыйлыққа ие болғанын көріп отырмыз. Біз арғы тегі азиялық жазушыларды қосып отырғамыз жоқ. Ширек ғасырда Азиядан төрт лауреат шығуы үлкен жетістік әрі мән беруге тұратын айтулы оқиға. Осыдан-ақ енді әлем жұртшылығының, саналы оқырмандарының назары Азияға ауатынын бажайлауға болатындай. Өйткені Азия құрлығы – Мәңгілік Шығыстың түп мекені. Сондай-ақ жыл өткен сайын әлемдік экономика мен саясатта Азия елдерінің ықпалы артып келеді. Бұрын барлық салада тұтынушы болса, енді өндіруші бола бастады. Әлемдік саясатта Жаһандық Оңтүстік (ресми осылай аударылып жүр, меніңше, Оңтүстік Жаһан деген дұрыс секілді) ұғымы еніп, әлемдік сауда мен экономикада негізгі тенденцияларды қалыптастыра бастағанын көріп отырмыз. Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея үштігінің дамуына Оңтүстік Шығыс Азия елдері де ілесуге талпынып жатыр. Олар қазірше өндірістік тауарын экспорттаса, күні ертең мәдениетін экспорттайтын елге айналады. Демек, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея әдебиетінің бүгінгі мәуелі шағын Оңтүстік Шығыс Азиядағы Малайзия, Индонезия, Тайланд, Сингапур секілді елдер жалғауы бек мүмкін.
Ал біз ше?
2018 жылы Астанада «Азия жазушыларының І форумы» өтті. Сәтті өтті деп қауқылдастық. Делегаттардан сұхбат алып, олардың сөздеріне тамсанып, «күні ертең Азияның өзге тілдеріне біздің әдебиет аударылады» деп марқайыстық. Қызды-қыздымен, Нобельмен бәсекелесетін «Азия алыбы» деген сыйлық тағайындаймыз дестік... Ол идеяны ұсынған да, қолдаған да өзіміз. Басқалар да «бұларың жөн екен...» деп кеткендей болды. Міне, арада алты жыл өтті. «Азия жазушыларының тұңғыш форумын Қазақстан өткізді» дегеннен өзге, қазір ешқандай игілік, нәтиже көрмей отырмыз. Форумның өткені жақсы, оны ұйымдастыру барысындағы әбжілдікке, төккен терге дау жоқ, тек қынжылатынымыз, осы форумнан кейін қандай сең қозғалды, ары қарай не істейміз деп ойланбағанымыз болып тұр. Сол кезде форум үшін арнайы ашылған жап-жақсы сайттың өзі қазір жоқ. Демек, оған жүктелген біраз материал ғайып болды деген сөз. Тым құрыса, сол сайт әлі жұмыс істеп тұрса, әлем әдебиетінің үздік үлгілері мен авторлар жайлы ақпаратты бір арнаға тоғыстыруға аздап қызмет еткені үшін болса да, «түйе аунаған жерде қалған түкке» де риза-қош болып, өзімізді жұбатар ма едік?!. Қазір анда-санда ақпараттарды ақтарғанда, сол кезде біраз шетелдік қаламгердің сұхбатын жариялағанымыз еске түседі. Болды.
Бізге форум емес, ізденіс керек еді. Жас әдебиетшілерді мемлекеттік тұрғыдан қолдап, шетелден оқыту механизмін жасасақ, соның пайдасы анағұрлым зор еді. Бұл туралы кезінде «Жас әдебиетшілерді эмиграцияға жіберу керек» деп мақала да жазғанбыз. Бір жылдары «БҰҰ-ның алты тіліне» «жауһарымызды түгел» аударып, «әлем енді танып қалар» деп үміттенген едік. Одан бері де он жылдың бедерінен асты. Тым-тырыс. Сыбыс жоқ!
Оңтүстік Шығыс әдебиетіне кезек келген соң, күндердің күнінде Орталық Азияға да осы әлемдегі ең әйгілі сыйлық бұйырады. Оған дау жоқ. Ал біз соған ішкі дайындық жасай алдық па? Өзбектің шетелде тұратын бірнеше қаламгері бар, олар әлемдік деңгейдегі сыйлықтарды да алып жүр. Қырғыз десе, Шыңғыс Айтматовты білмейтін ел аз. Шетел әдебиетшілері бізден кімді таниды? Аздап орысшаға, түрікшеге, қырғыз бен өзбекке аударылғанымызға мәз болып жүре береміз бе? Сол ма еді керегі? Бізде шетелден айтуға тұрарлық сыйлық алған бірде-бір қаламгер жоқ екенін ашық мойындауымыз керек. Белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшіліктің шетелдік медальдарды кеудемізге тағып, сыйлық алдық деп даурығуымызды сынайтыны сол...
Жоғарыда «Азия әдебиетінде орнымыз бар ма?» деп сұрақ қойдық қой. Меніңше, орнымыз бар. Ол тек осыған дейінгі әдебиетіміздің, бай фольклорымыз бен аңыз-мифтеріміздің, яғни, өзіміздің сандығымызда жатқан мұрамыздың арқасында айтылатын, тек өзімізге арналған сөз. Біз әдебиетімізді экспорттаушы елге айнала алған жоқпыз, мына сықпытымызбен әл-әзір айнала алуымыз да қиын. Жекелеген авторлардың талпынысы мен жастардың әлемге құштарлығына әрқашан құрметпен қараймыз...
Түйін:
Хан Гаң шығармаларын қазақ тіліне аудару керек. Себебі одан үйренеріміз көп. Жалпы, Нобель сыйлығын алған жазушыларды уақтылы аудару өзіміз үшін маңызды. Хан Гаң сыйлық алғанда, қазақ оқырмандары орысша аудармаларын іздеп сабылды. Қазақша қашан шығар екен деп күтіп жүргендердің қатары мол. Бұл – арысы Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кесірін тигізсе, берісі өзгенің «үстемдігіне, ықпалына» мойынсұнуға итермелейді. Бұл да талай жылдан бері айтылып келеді...
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ