Үндістандық миллионер демалыс күндерін алып тастау қажет екенін айтты

Үндістандық миллионер демалыс күндерін алып тастау қажет екенін айтты
сурет: m9.news
415

Infosys компаниясының негізін қалаған Нарияна Мурти жұмыс күндерінің қысқаруы елдің дамуына кедергі келтіріп жатқанын айтты. Ол өткен аптада Мумбайда өткен Global Leadership Summit форумында Үндістанның 70 сағаттық жұмыс аптасына көшуі елдің жағдайын жақсартатынын тағы да мәлімдеді. Сонымен қатар, демалыс күндерінен бас тартуды қолдады.

«Мен жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікке сенбеймін. Бұл пікірімді өзгерткен емеспін және осыны өмірімнің соңына дейін ұстанамын», – деді 78 жастағы кәсіпкер CNBC-TV18 арнасына.

Муртидің айтуынша, Үндістанның кедейлігі ел азаматтарын көп жұмыс істеуге міндеттейді. Ол алты жарым күн жұмыс істеп, зейнетке шыққанын және жұмысқа берілген өмір салтын қолдайтынын айтты. Мурти Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен оның министрлер кабинетінің еңбекқорлығын үлгі ретінде келтірді. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Моди аптасына 100 сағат жұмыс істейді.

Алайда, заңнама мұндай көзқараспен келіспейді. Үндістанның Еңбек қауіпсіздігі және жұмыс шарттары туралы кодексі жұмыс күнін сегіз сағатпен шектейді.

Муртидің бұл пікірі Үндістанда үлкен дау тудырмағанымен, Қытайда Baidu компаниясының PR-директоры Цюй Цзин ұқсас мәлімдеме жасаған соң қызметінен кетуге мәжбүр болды. Ол жұмысшылардан тәулік бойы қолжетімді болуды және демалыссыз жұмыс істеуді талап еткен еді.

Айта кетейік, XX ғасырға дейін зауыт қызметкерлері аптасына 100 сағатқа дейін жұмыс істейтін. Бірақ еңбекшілердің құқықтарын қорғау үшін жүргізілген күрес нәтижесінде бүгінде 40 сағаттық жұмыс аптасы және екі күндік демалыс енгізілген. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, аптасына 55 сағаттан көп жұмыс істейтін адамдардың депрессияға шалдығу қаупі 1,66 есе, ал мазасыздыққа шалдығу қаупі 1,74 есе жоғары.

Серіктес жаңалықтары