Израильдік раввинді өлтірді деген күдікпен Өзбекстанның 3 азаматы қамауға алынды

Ел билігі күдіктілердің кісендегі және бетін жауып тұрған суреттерін жариялады

Израильдік раввинді өлтірді деген күдікпен Өзбекстанның 3 азаматы қамауға алынды
фото: bbc.com
514

Біріккен Араб Әмірліктері билігі Молдова азаматтығын алған израильдік раввин Цви Коганды өлтірді деген күдікпен Өзбекстанның үш азаматын қамауға алды. Бұл туралы ВВС жазды. 

– Қамауға алынғандардың екеуі – 28 жаста, ал үшіншісі – 33 жаста, - деп мәлімдеді БАӘ Ішкі істер министрлігі.

Өзбекстанның ақпарат құралдары күдіктілердің аты-жөні Олимбой Давлатеров, Махмуджон Кенжабоев және Азизбек Исмоилов деп жазады. Бұл ретте БАӘ Ішкі істер министрлігі өз хабарламасында олардың аты мен әкесінің атын ғана жазған. 

Ел билігі күдіктілердің кісендегі және бетін жауып тұрған суреттерін жариялады.

Reuters агенттігінің атап өтуінше, құқық қорғау органдары бұл адамдарға ресми айып тағылғаны туралы әлі хабарлаған жоқ.

28 жастағы ультра православ раввині Цви Коган өткен аптаның бейсенбі күні жоғалып кеткен. Оның денесі жексенбі күні табылған.

– Коган бірнеше жыл Дубайда тұрып, сол жерде азық-түлік дүкенін басқарған, - деп хабарлайды Associated Press.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігі Коганның жоғалуын тергеу туралы айтқанда, оны тек Молдова азаматы деп көрсеткен.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қылмысты «антисемиттік лаңкестік әрекет» деп атады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің бірнеше мыңға жуық еврей қауымдастығының мүшелері кісі өліміне алаңдаушылық білдіріп отыр. 

BBC өзбек қызметінің редакторы Хайрулло Файздың айтуынша, күдіктілер туралы барлық ақпарат негізінен БАӘ Ішкі істер министрлігінен алынған.

БАӘ-дегі Өзбекстан елшілігі BBC сауалына кейінірек жауап беруге уәде берген, бірақ Коганды өлтірді деген күдікпен ел азаматтарының қамауға алынғаны туралы деректерді жоққа шығармаған. 

Серіктес жаңалықтары