Біздің жұмыста қыз, жігіт деп бөлінбейді, бұйрық бәріне бірдей – арнайы жасақ инспекторы Қымбат Ахмет

Жұмыс кестесі қиын болса да, отбасы, бала-шаға болса да, жұмыс бірінші орында тұратындықтан қандай бұйрық түссе, соны орындауға тырысамыз. Ол талқыланбайды.

Біздің жұмыста қыз, жігіт деп бөлінбейді, бұйрық бәріне бірдей – арнайы жасақ инспекторы Қымбат Ахмет
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
1341

Құқық қорғау саласы – еліміздегі ең ауқымды, ең күрделі саланың бірі. Ел ішінде халық тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бұл сала тек ер-азаматтарға ғана қол деген түсінік қалыптасқан. Форма киген қыз-келіншек көрсек таңғала  қарайтынымыз да, тіпті оларды осындай ауыр жұмыста жүргені үшін аяйтынымыз да рас.

Дегенмен осы саланың өзін ерлермен бірдей бағындырып, беріспей, жетістікке жетіп жүрген арулар да аз емес. Соның бірі – Ахмет Қымбат Елеусізқызы. Ол Алматы облысының орталығы Қонаев қаласындағы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлінісінде инспектор, аға лейтенант қызметін атқарады. Әуелде кейіпкерімізді біз TikTok әлеуметтік желісі арқылы таныдық. Форма киіп, қызметте жүрген ару көпшіліктің көзайымына айналған. Бірі ақ тілегін жаудырып, жұмысына сәттілік тілеп жатса, енді бірі осы жұмысқа тұруға қызығушылық танытқан. Қызығы мен машақаты мол жұмыстың қыр-сырын танып-білу үшін Қымбатқа хабарласып, тілдескен едік.

«TikTok-ке сурет немесе видео жүктеу хоббиім сияқты болды. Кейде спорт жарыстарына барғанда, ара-тұра салмақ қуғанда видео түсіремін. Жарыстан кейін жарақат алып қалатын жағдай болады. Сондай сәттерді таспалап, оны монтаждап, қысқа видеолар жасайтынмын. Бұл іс өзіме ұнайтын. Сөйтсем, ондай видеолар көпшілікке де ұнайды екен. Формадағы қыздарды көбісі қолдайды екен. Сөйтіп жүргенде TikTok-тағы парақшам көп қаралым жинай бастады. Танымал болып кеттім демеймін, бірақ әр қаладағы қызметкерлер танып, қолдау көрсетіп жатады. Сол жағы ұнайды», – дейді өзі.

Қымбат – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылының тумасы. Спортқа әкесі баулыса, ал ішкі істер саласына келуіне туған ағасы себепші болыпты.

«Мектепте беріліп сабақ оқыдым дей алмаймын. Өйткені кішкентайымнан қызыққаным спорт болды. Спортқа бармай тұрған кезімде де ұлдармен бірге жүріп, футбол ойнайтынмын. Әулетте жалғыз қызбын. Кілең ұлдардың арасында өскенім спорт пен құқық қорғау саласын таңдауыма әсер етті. Спортқа 13 жасымда әкемнің қалауымен келдім. 2005 жылы дзюдомен айналыса бастадым. 2007 жылы Алматы облысы Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың дзюдо секциясына қабылдандым. Төрт жыл оқып, мектеп-интернатты бітірген соң дене шынықтыру мамандығына оқуға түсіп, білімімді жетілдірдім. Дене шынықтыру мамандығын таңдағандықтан болашақта жаттықтырушы боламын деген ойда болған едім. Бірақ туған ағам менің құқық қорғау саласында жұмыс істегенімді қалап, қайда, қалай жұмысқа орналасуға болатынын көрсетті, бағыт-бағдар берді. Ең алғашқы жұмыс орным – Алматы қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесінің ЛА-155/18 мекемесі болды. 2015 жылдан 2021 жылға дейін сол жерде 6 жыл жұмыс істедім. Сержант болдым», – дейді Қымбат.

Ел аузында «СОБР, спецназ» аталатын арнайы жасақта жұмыс істеу Қымбаттың бала күнгі арманы екен.

«Кішкентай кезімде арнайы жасақта жұмыс істейтін, полицей қыздар туралы киноларды көретінмін. Қатты қызығатынмын. Өскенде осындай боламын деп армандадым. 2018 жылы арнайы жасаққа қыздарды қабылдай бастағанда декретте едім. Ол кезде мүмкіндік болмады. 2021 жылы қайтсем де арманыма жетемін деп, шешім қабылдадым. Алматы қаласы мен Алматы облысында орын болмағандықтан Шымкент қаласының арнайы жасағына жұмысқа тұрдым. Ол жақ мені жұмысқа тез қабылдады. 2023 жылы Астана қаласына, Қаржылық мониторинг агенттігінің «Қыран» арнайы жасағына ауыстым. Бірақ маған осы жылдам қимылдайтын арнайы жасақта жұмыс істеген ұнайтындықтан қайтадан өзімнің туған жеріме –  Алматы облысының Қонаев қаласына ауыстым», – дейді ол.

Елді қызықтырған ең басты сұрақ «Қыз балаға бұл қызмет қиын емес пе?» дегенді де өзінен сұрап көрдік.

«Біздің жасақта қазір жеті қыз бар. Жетеуміз де спортшымыз. Бәрі жақсы нәтиже көрсетіп, көтеріліп келе жатыр. Арнайы жасақта жұмыс істеу үшін кемі «Спорт шеберіне үміткер» деген атағың болуы керек. Жұмыстың талабы сондай. Денсаулығы жоқ, спорттан алыс адамдар мұнда қызмет істей алмайды. Жұмыста қыз бала, ер бала деп бөлінбейді, бәріне бірдей қарайды. Жұмыс берілсе бірдей атқарамыз. Қиын сәттер болады. Соның өзінде қыздар тырысады. Жұмыс кестесі қиын болып кетсе де, отбасы, бала-шағасы болса да, жұмыс бірінші орында тұратындықтан қандай бұйрық түссе,  соны орындауға тырысамыз. Ол талқыланбайды. Себебі әу баста қыздар қай салаға келе жатқанын білді. Жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамастан басшылардың қойған талабын орындаймыз. Мұнда жұмыс істейтін қыздар қара жаяу емес, спортпен шұғылданған, ер мінезді, батыл қыздар. Бұл жұмыс отбасын құрмаған қыздарға өте қызықты. Ал бала-шағасы, ата-енесі бар келіншектерге ауырлау. Сондықтан мұнда әбден ойланып келу керек. Таңғы тоғызда келіп, алтыда қайтатын график жоқ. Жұмыс кестесі тұрақсыз. Қайтпай, жұмыста қалып қоятын күндеріміз де болады. Жарыста, оқу-жаттығу жиындарында жүремін. Ондай кездері маған анам көмектеседі, қолдайды», – дейді спортшы.

Қымбат үшін жұмыс пен спорт – егіз ұғым. Оның спортта жеткен жетістіктері аз емес. Самбо күресінен спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері. 2024 жылы төрт спорт түрінен Қазақстан чемпионатын ұтып алған. Қазір әлем чемпионаттарына дайындық үстінде екен.

«Жақында джиу-джитсудан әлем чемпионы атағын алып келдім. Қазір жауынгерлік самбодан әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Бұл жарыстарды бітірген соң алдымда әлі екі жарыс бар.  Бұйырса соларға дайындалуым керек. Спортпен қызметті қатар алып жүру оңай емес. Өйткені түсінетін басшылар, түсінбейтін басшылар да болады. Қазіргі жұмыс орным, командирім, коллективім мені барынша қолдайды. Қолдап, жарысқа жіберіп отырады. Маған да ең керегі сол. Жарыс пен жаттығуда жүріп неше түрлі соққы, жарақат аласың. Жарыстан кейін қалпыңа келуің керек. Оңай емес. Бірақ өзіміз таңдаған жол болған соң шағым түсірмей шыдауға тырысамыз», –дейді Қымбат Елеусізқызы.

Қымбатты спорт пен жұмыста осынша жанкештілікке итермелейтін ең үлкен мотивациясы – бес жасар ұлы. Ұлының өз анасымен мақтанғанын қалайды. Арудың арман-мақсатына жетуіне біз де тілекшіміз!

 

Серіктес жаңалықтары