«Сіз iPhone 17 ұттыңыз!»: Ақтөбеде алаяқтық жолмен ақша иеленген күдіктілер ұсталды

/
«Сіз iPhone 17 ұттыңыз!»: Ақтөбеде алаяқтық жолмен ақша иеленген күдіктілер ұсталды
polisia.kz

Қазан айында Алға ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын телефон арқылы хабарласып, алаяқтардың құрбаны болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жедел-тергеу шаралары барысында белгісіз тұлғалар жәбірленушіні "iPhone 17 телефонын ұтып алдыңыз" деп сендіріп, алаяқтық жолмен оның ақшасын иемденгені анықталды.

Ұтысқа сеніп қалған 49 жастағы ер адам бейтаныс адамдардың нұсқауымен өз атына екі рет онлайн несие рәсімдеп, алынған ақшаны оларға аударған. Күдіктілер бұл соманы "ұтыстың комиссиясы", "қатысушы жарнасы" және "қайтарылатын төлем" деп түсіндірген. Нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады.

Полицейлер жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ақтөбе қаласының 18 жастағы екі тұрғыны ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Жас жігіттер өз кінәсін толық мойындады.

Тергеу барысында күдіктілер әлеуметтік желіде бейтаныс ер адамның танымал блогердің парақшасында жарияланған ұтыс ойынына қатысып жатқанын байқап, оған "ұйымдастырушы" ретінде хабарласқаны анықталды.

Ер адам ұтысты ақшалай алғысы келетінін айтқаннан кейін, олар "ұтысты алу үшін" деген сылтаумен онлайн шот нөмірлерін жіберіп, шамамен 1,5 миллион теңгесін заңсыз иеленген. Алаяқтық жолмен алынған ақшаны күдіктілер өзара бөлісіп, жұмсап жіберген.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарға бейтаныс адамдардан келген ұтыс немесе сыйлық туралы хабарламаларға сенбеуді, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуді және күмәнді сілтемелерге өтпеуді ескертеді. Белгісіз адамдардың айтуымен ақша аударуға немесе несие рәсімдеуге болмайды. Күмән тудырған жағдайда дереу "102" нөміріне хабарласыңыз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары