Жастар үйленуге неге құлықсыз?
Қазақ алғашқы мүшел жасты «Он үште – отау иесі» деген. Ата-бабамыз он үштегі жігітті азамат санап, бір шаңырақтың жүгін арқалатып, жауапкершілігін жүктеген. Тіпті, қайтыс болған ағасының қатын-баласын қолына алып өсірген. Мұндай мысалдар қазіргі жастарға ертегідей елестейді. Өйткені бүгінде «Он үште – отау иесі» деген сөз «отызда – отау иесіне» айналды.
Соңғы 19 жылдағы ең төменгі көрсеткіш
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде отбасын құрушылар саны жыл сайын азайып барады. 2023 жылы республика бойынша 120,8 мың неке тіркелген. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 5,9 пайызға аз. Қалалық жерлерде 80 мың неке (66,2 пайыз), ауылдық жерлерде
40,8 мың неке (33,8 пайыз) тіркелген.
– Қолда бар соңғы мәліметтер 2023 жылы қаңтар-желтоқсан айларында заңды түрде қиылған неке саны 20 870 екенін көрсетіп отыр. Шыны керек, жалпы соңғы жылдары неке қию динамикасы төмендеді. Неке аз тіркелген облыстарға Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары жатады, – деді СЖРА Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Бибігүл Мирасбек.
Сала мамандары мұндай көрсеткіштің жыл өткен сайын күшейіп бара жатқанын және бұл соңғы 19 жылда тіркелген ең төменгі көрсеткіш екенін алға тартады. Алайда «Дәстүрлерді жаңғырту: қазақстандық қоғамдағы жаңа мінез-құлық нормалары» әлеуметтанулық зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, азаматтардың көпшілігінің (81 пайыз) өмірлік құндылығына әсер ететін негізгі фактор «отбасы» екенін атап өтіпті. Содан кейінгі орында – респонденттердің 65 пайызы «өзін» таңдаса, алғашқы үштікті «достарым» деген нұсқа қорытындылайды. Яғни, қазақстандықтар үшін отбасы құндылығы әлі де маңызды деген сөз. Алайда осыған қарамастан жастар бас құрауға асығар емес.
Парадокс дерсіз, кездейсоқтық дерсіз, бірақ елімізде ерте жаста некеге тұру мәселесі де өзекті. Мәселен, 2021 жылы 57 ер адам мен 862 әйел ерте жаста некеге тұрған. Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында аборт жасатушылар кездескен. ДСМ деректері бойынша 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ересек тұрғындар арасында жүктілікті жасанды түрде үзудің 25 577 жағдайы тіркелсе, жасөспірімдер арасында 182 жағдай болған.
Статистика былтыр неке қию коэффициенті – 6,07 (1000 адамға шаққанда) болғанын көрсетіп отыр. Некелесудің жалпы коэффициенті бойынша Астана қаласының тұрғындары көп некелескен, 1000 адамға шаққандағы коэффициент – 7,46. Отбасын құрғандардың ішінде бірінші рет некеге тұрған ерлердің үлесі 78,2 пайыз болса, әйелдерде – 79,4 пайыз. Ал алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер үшін – 27,8 жас, әйелдер үшін 25,2 жас. Тіркелген некелердің 82,3 пайызы – моноэтникалық.
Елде кеш үйленетіндер саны артқанымен, 2022 жылмен салыстырғанда ажырасу саны 9,6 пайызға азайып, 40,2 мыңды құраған.
Қалалық жерлерде – 29,4 мың ажырасу (73,1 пайыз), ауылдық жерлерде 10,8 мың ажырасу (26,9 пайыз) тіркелген. Ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда – 2,0-ге тең. Ал ең көп ажырасқандар ШҚО-да тіркелген, 1000 адамға шаққандағы коэффициент – 3,14. Неке ұзақтығы бойынша ажырасулардың ең көп үлесі, яғни 34,9 пайызы 1-4 жыл отасқандар екен.
Психоанализ бағытындағы практик-психолог Бибігүл Тойшыбекованың айтуынша, жастар тәуелсіз болғысы келетіндіктен үйленуге асықпайды.
Жастар тәуелсіз болғысы келеді
– Жастар ең әуелі белгілі бір мамандықты игеріп, дипломымды алған соң жақсы жұмыс істесем, сүйікті ісіммен айналыссам, үй алсам деп ойлайды. Осыларды істегеннен кейін мен тәуелсіз боламын және табысты, менімен бірге дамитын адамды кездестірсем, сонымен бірге қол ұстасып, Instagram-дағы мінсіз өмірге қол жеткіземін деп жүріп қалады. Адамды кемшілігімен қабылдай алмаған соң да түсініспеушілік басталады, соңы ажырасуға ұласады. Жалпы, жастардың осылай материалдық тәуелсіздікке ұмтылуы ата-аналарының тағдырын қайталағысы келмегеннен туындап отыр. Жастар үй болса ешкімге тәуелді болмаймын, өзімнің қалауыммен өмір сүремін, ұрыс-керіс ақшадан болады, сондықтан мен сол өмірді қайталағым келмейді деген ойдан әбден шатасқан. Алайда астарында шындық та жатыр. Мәселен, жоқшылықты көп көрген, өзіне толыққанды мейірім мен жылулықты ала алмаған, ата-анасының кикілжіңіне жиі куә болған, әкесінің маскүнем, ойынқұмар екенін көріп өскен бала үйленуге асықпайды.
Мінсіз адам болмайтынын түсінген кезде ер де, әйел де бала туатын жастан асып кетеді. Тіпті, бір балалы болудың өзі үлкен стресс, қаржы мен уақытқа келіп тіреледі. Психология саласында еңбектеніп жүргенде көзім жеткені, бала оқуды бітіріп, өзінің құрбы-құрдастарымен бірге өзіне ұнайтын мамандықты оқып, дипломын алған соң үйлену туралы ойлана беруге болады. Біздің қоғамда жасы 40-тан асса да мойнына жауапкершілік ала алмайтын жігіттер бар. Сондықтан бұрын 25-28 жас үйленуге нағыз қолайлы кезең деп саналса, қазіргідей сананы тұрмыс билеген заманда бұл 25-34 жас аралығына ұзарып кетті, – дейді Бибігүл Қанапияқызы.
Отбасы және мемлекет
Отбасы – жас ұрпақтың бойына негізгі құндылықтарды қалыптастыратын іргетас. Бұл әлеуметтік институттың жұмыс істеуі мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекеттегі отбасылық саясаттың бірінші кезектегі мақсаты – отбасын қолдау, нығайту және қорғау, оның табиғи, интеллектуалды, рухани, өнегелі дамуына ықпал ететін қажетті жағдайларды жасау.
Отбасы мәселесі Мемлекет басшысының назарынан да тыс қалған емес. Президент отбасы саясатын кешенді жүргізу және отбасы институтын қолдау қажеттігін атап, берекелі және бақытты отбасы қуатты елдің тірегі екенін жиі айтады. Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жандандырылды. Тұжырымдамада міндеттердің орындалу тиімділігін анықтауға мүмкіндік беретін нақты индикаторлар көрсетілген. Оған әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері және тіркелген некелердің жалпы санынан бұзылған неке санын төмендету көрсеткіштері енгізілген. Барлық өңірде консультациялық, заңгерлік және психологиялық көмек көрсететін отбасын қолдау орталықтары бар. Отбасының бос уақытын ұйымдастыру үшін отбасылық аула клубтары, отбасылық қарым-қатынас клубы жұмыс істейді.
Елімізде ата-ана мен бала жағдайы да ескерілген. 3 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға толық емес жұмыс күні режимі ұсынылған. 2020 жылғы қаңтардан бастап отбасындағы бала санына қарай көпбалалы отбасыларға сараланған мөлшерде жәрдемақы енгізілді. Қолданыстағы заңдарға сәйкес көпбалалы отбасылар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналар коммуналдық тұрғын үй қорынан бірінші кезекте үй алуға құқығы бар. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың мектепке қажетті керек-жарақпен қамту, мектепте тегін тамақтану, қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруді қамтамасыз етуді қарастыратын кепілді әлеуметтік пакет қарастырылған.
Қазақстанда отбасы институтын қолдау және дамыту бойынша заң актілері мен мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Отбасын, ана мен баланы қорғау мемлекеттің бақылауында. Қазақстанда отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасының басым моделін ілгерілету, бала тууды көбейту, барлық қоғамдық салада гендерлік теңдікті дамыту – бүгінде республикадағы отбасы саясатының негізгі құрамдас бөлігі.
Азаматтық неке – жауапсыздық
Мемлекет жас отбасыларға оң көзбен қарағанымен, бұл жастардың үйленуіне мотивация бола алмай отыр. Мамандар ұсынған мәліметке сенсек, ерлердің дені 32-35 жаста үйленсе, бұрымдылар 30-ға тақап күйеуге шығуға тырысады екен. Қыз балаларда тіпті 30 жастан кейін де аса бір құлшыныс байқала қоймайтын көрінеді. Оның бір себебі – азаматтық неке. Елімізде соңғы жылдары заңды түрде тіркелмеген неке саны артып барады. Аты атып тұрғандай, заңдық күші жоқ некеде ер де, әйел де жауапкершілікті сезінбейді. Психологтер мұндай некеде әйел «Ер адам түбі үйленуге ұсыныс жасайды» деп күтіп жүріп уақытын өткізіп алатынын айтады. Ал ер адам тамағы жасаулы, төсегі жинаулы, өзіне жайлы жерден жылыстамайды және мойнына жауапкершілік алып, әке болуға асықпайды.
Қазақстандық қоғамдық даму институты 2022 жылы «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасын жариялады. Сонда зерттеуге қатысқан респонденттердің «азаматтық неке» құбылысына деген көзқарастары тең үш топқа бөлінген: оң, теріс және бейтарап. Жасы ұлғайған сайын адамдар 61 жастан асқан ересектерді қоспағанда, бұл құбылысқа оң көзқарас танытқан. Дәлелдейтін факт ретінде әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін алуға болады, мұнда «жастар» мен «зейнеткерлік жас» санатындағылар (29-60 жас аралығындағы) адамдардың пікірімен салыстырғанда азаматтық некені көбірек жоққа шығарады. Орташа алғанда, барлық жастағы адамдардың 28,3 пайызы азаматтық неке туралы оң пікірде, теріс көзқараспен қарайтындар – 33,1 пайыз, бейтараптық ұстанатындардың үлесі – 32,8 пайыз. Яғни, қазақстандық қоғамда әрбір бесінші неке тіркелмеген болуы мүмкін деп қорытынды жасауға болады.
Осылайша, сауалнамаға қатысқан 29-60 жас аралығындағы тұрғындар азаматтық некені оң қабылдайтынына көзіміз жетті. Зерттеу нәтижесі бойынша зейнеткерлеріміз АХАЖ органдарында тіркелген мәртебесі бар некені ғана ресми неке деп қабылдайды. Әдетте аға буын өкілдері дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, еркек пен әйел арасындағы некені, патриархалдық бағыттағы толық отбасын қолдайды. Бұл контексте азаматтық некеге қатысты көзқарастардың өзгеруіне жасынан басқа білім беру, географиялық орналасуы, этностық және т.б. факторларға байланысты болуы мүмкін.
Ұлттық баяндама қазақстандықтардың 27,9 пайызы некеге дейін бірге тұруға жол беретінін айтқан. Алайда бұл көрсеткіштер динамикасы аймақтарға қарай өзгеріп отырды. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірлерінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында некеге дейін бірге тұруды құптау деңгейі орта есеппен 2 есе жоғары болса, Батыс Қазақстан облысындағы көрсеткіш салыстырмалы түрде жоғары (шамамен 45 пайыз). Сонымен қатар Жетісу облысында да жоғары көрсеткіш тіркелген.
Ал 30,7 пайыз респондент некені ресми тіркеусіз бірге тұруға болады деп санайды. Бұл сұрақтың жауаптары да аймақтарға қарай өзгеріп отырады. Жалпы ел бойынша алып қарасақ, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Жетісу облыстарында құптау деңгейі орташа көрсеткіштен шамамен 2 есе жоғары. Некеге дейін бірге тұру мәселесі бойынша мұндай аймақтық көрініс жалпы қазақстандықтардың пікіріне ұқсас болып келеді. Бұл, әрине, қорқынышты.
Әлеуметтанушылар қоғамда азаматтық некенің белең алуы азаматтардың жауапкершіліктен қашуынан туындап отыр дейді. Егер мұндай үрдіс жалғаса берсе, демографиялық жағдайымыздың да нашарлайтыны анық.
Некесіз бала туу амалсыздық па, қажеттілік пе?
Қыз-келіншектердің отбасын құруға асықпайтын және бір себебі бар. Бұл себеп қыздардың өз арасында ашық айтылғанымен, қоғам мұны айыптайды. Нәзік жандыларымыз күнделікті өмірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерді, психикалық, моральдық қысымға ұшыраған келіншектерді, нашақор, маскүнем, ойынқұмар күйеуін не істерін білмей басы қатқан аналарды және материалдық қиындықтарға тап болған отбасыларды көргенде тұрмыс құру туралы ойларынан бас тартады. «Олай бақытсыз өмір сүргенше, тыныш қана жұмысымды істеп, бизнесімді жасап, өзім үшін бір бала туып алайын» деген ойға келеді.
Біздің бұл ойымызды ел ішінде жүргізілген әлеуметтік зерттеу де дәлелдеп отыр. «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасына қатысқан әрбір 4-респондент некесіз бала тууға болады деп санайды. Мұндай әрекетке ,әсіресе қала тұрғындары мен жастар түсіністікпен қарайды екен. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде некесіз бала туудан бас тарту дәрежесі өте жоғары. Ал Батыс Қазақстан, Қарағанды, солтүстік өңірлерде бұл мәселенің қалыпты құбылысқа айналып келе жатқанына алаңдаушылық танытпаған.
Денсаулық кімге керек?
Соңғы 5 жылда репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді пайдаланған ер адамдар – 34,4 пайыз, әйелдер – 53,4 пайыз. Дәрігерге бармағандар қала тұрғындарына (51 пайыз) қарағанда ауыл тұрғындары арасында (54,9 пайыз) көп екен. Репродуктивті жүйенің медициналық тексеруінен өту үшін қандай клиникаларға жүгінгені туралы сұрақтарға сауалнамаға қатысушылардың жауаптары көбіне мемлекеттік клиникаларға – 53,7 пайыз немесе азаматтардың мемлекеттік және жеке клиникаларға да – 30,3 пайыз бірдей барғанын көрсеткен. Тек жеке клиникаларға жүгінгендер – 15,4 пайыз, ал шетелдік клиникаларда қызмет алғандар – 0,2 пайыз. Сарапшылар пікірлердің осылай бөлінуі түсінікті дейді, өйткені репродуктивті қызметтер өте қымбат, олар мол қаражат пен уақытты қажет етеді. Сондықтан репродуктивті денсаулықты қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі тек уақыттың еншісінде.
Қазақстанда бүгінде көптеген ЭКО жұмыс істейді. ҚРТ (қосалқы репродуктивті технологиялар) бағдарламаларының да саны өсті, ЭКО жүргізу нәтижесінде республика бойынша жүкті әйелдер саны артып келеді. Бір ғана мысал, 2017 жылы 1 155 адамнан 2019 жылы 1 334 адамға дейін өскен.
2020 жылы ресми түрде бедеулік диагнозы қойылған ерлі-зайыптылар санының артуына және ЭКО құнының қымбат болуына байланысты Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында Денсаулық сақтау министрлігінің алдына 11 міндет қойды, олардың арасында «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосу және ЭКО бағдарламалары бойынша квотаны 7 000-ға дейін ұлғайту туралы тапсырма берді. Жалпы, репродукті денсаулықты сақтау – елдегі әлеуметтік-демографиялық жағдайды анықтайтын маңызды фактор. Алайда сауалнамаға қатысушылар репродуктивті денсаулық сақтау саласында көрсетілген қызметтерді 5 балдық шкала бойынша 3,7 балға бағалаған.
Сауалнама жыныстық жолмен берілетін ауруға шалдыққандар қалалық және ауылдық жерлерде ерлер арасында да, әйелдер арасында да төмен екенін көрсетіп отыр. Мәселен, 2016 жылы әйелдер арасында ЖБАА-ның 115,2 жағдайы, 2021 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 63,6 жағдай тіркелген. 2016 жылы ер адамдар арасында 100 мың тұрғынға шаққанда 88 жағдай, ал 2021 жылы 53 жағдай болған. 2016 жылы қалаларда ЖБАА-ның 73, ауылда 43,4 фактісі тіркелген.
Ал елімізде АИТВ-ЖИТС диагнозымен есепте тұрған адамдар саны жыл сайын артып барады. Мәселен, 2016 жылы олардың саны – 16 429, ал 2020 жылы 23 760 (7 331 адамға өскен) болған. Сондай-ақ өсім ер адамдарда жиі байқалады – 2016 жылы 9 540-тан 2020 жылы 13 902-ге дейін (4 362 адамға дейін) өскен. Әйелдер арасында да аурудың өскені байқалады, бірақ қарқыны жылдам емес: 2016 жылы 6 889-дан 2020 жылы 9 858-ге дейін (2 960-қа) өскен.
СЖРА ҰСБ деректері АИТВ-инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдер көптігін көрсетеді. Ерлер арасында өмір сүру ұзақтығы төмен – 68,8 жас, ал әйелдер арасында – 78 жас. Бұл 8-9 жас гендерлік алшақтықты қалыптастырады екен. Ерлер өлімінің, АИТВ, ЖИТС-пен ауыратындар санының өсуі ерлердің өз денсаулығына қатысты жаңа құндылық көзқарастарын қалыптастыру қажеттілігін туғызады, негізгі мақсат әркімнің өз денсаулығы үшін жеке жауапкершілігінің болуы. АИТВ инфекциясымен күрес мәселелері Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Алайда АИТВ жұқтырғандардың саны біртіндеп өскенін қалалықтар мен ауылдықтар арасынан да байқауға болады. Алайда қалада бұл көрсеткіш ауылдық жерлерге қарағанда 2 есе көп. Ауру жұқтырған адамдар арасында әйелдерге қарағанда еркектер 2 есе көп. Ауру жұқтырған адамдардың ең көп саны репродуктивті жастағы 15 пен 49 жас аралығындағы жас тобына тиесілі.
Кеш үйлену тақырыбын зерттеу барысында тәжірибелі маманның пікіріне сүйенуді жөн көрдік. Жасұлан Сейтқалиев – JJS қарым-қатынас академиясының құрушысы. Ол – осы салада 15 жылдық жұмыс тәжірибесі, ғылыми дәрежесі бар маман. 3 мыңнан аса отбасының сақталуына, нығаюына себепкер, отбасы қарым-қатынасы бойынша осыған дейін 30 мыңнан аса семинар-тренинг өткізген. Отбасылық психолог, халықаралық дәрежедегі коуч Жасұлан Құттығалиұлының кеш үйлену тақырыбында айтар өз ойы бар.
Адамдар жалғыз да бақытты бола аламын деп ойлайды
– Жастардың үйленуге асықпауының бір себебі – кезіндегі сәтсіз, баянсыз махаббаты, яғни дұрыс қарым-қатынас орната алмауы. Сонымен қатар экономикалық, психологиялық себептер де бар. Экономикалық себепке қалыңмал, той жасау, отбасын асырау сынды қаржылай қиындықтар жатады. Тұрақты жұмысы, баспанасы жоқтарға үйлену – үлкен уайым. Мойнына жауапкершілік ала алмаған адам кейін отбасын қамтамасыз ете ала ма? «Одан да әуелі ақша жинайын» деп шешім қабылдайды. Алайда қазақтың «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген сөзін естен шығарып алады. Бұдан бөлек, қазір адамдар өзін жан-жақты дамытуды, мансап жасап, қызметте өсуді қалайды. Білім алып, кәсіп ашып, өзін қоғамға дәлелдегісі келеді. Осылайша, үйленетін уақытты өткізіп алады. Осы кезде «жеке шекарасын» нықтап, жеке өмір сүруге құштарлық пайда болады. Бұрынғы үйленсең ғана бақыттысың деген көзқарас ескірген, адамдар өзім бақытты болсам жеткілікті деп санайды. Кей қыздар тұрмысқа шықсам, қаржылай тәуелді болып қаламын деп қорқады. Енді бірі отбасының бар жауапкершілігін мойнына алудан қашқақтайды.
Бүгінде қыздар да, жігіттер де әлеуметтік өмірдегі ауқаттылар мен блогер, шоу-бизнес өкілдерінің жылтыраған өміріне қызығады. Бәрі сол сурет, видеодағыдай әдемі деп ойлайды. Сол жерде бір-бірімен онлайн танысып, қарым-қатынас құру мәселесіне тым жеңіл қарап кетті. Жастарды шынайы өмірден гөрі виртуалды өмір қызықтыратыны байқалады.
Біз өзімізде бар отбасы институтынан айырылып қалғалы тұрмыз. Құндылықтар өзгеріп, адамдар материалдық қажеттіліктерге баса мән бере бастады. Ажырасу тақырыбы тіптен өзекті, тіпті бір тренд секілді. Тиран еркектер мен таяқ жеген әйелдерді көп насихаттау да бұл жерде маңызды рөл ойнап тұрғанын жасырмай айтуымыз керек. Ата-анасының отбасылық моделін қайталаудан қорқып, үйленбейтіндер де жиі кездеседі. Өзінің отбасын дұрыс құра алатынына сенбейді. Одан да жалғыз жүргенді артық санайды. Күйрегелі тұрған отбасы институтын қалпына келтіру үшін тек қана әйелді емес, ер адамдарды да оқыту керек. «Мамандық пен жар таңдаудан қателеспе» деп бекер айтылмаған. Отбасын құруға дайындайтын арнайы оқыту орталықтарын ашса, сұраныс болады деп ойлаймын.
Біз жұбайымыз екеуміз осы салада жұмыс істеп жүргенімізге 10 жылдан асты. Байқағаным, отбасын алып жүруде, оларға жауапкершілік танытуда ер адамдарға көшбасшылық қасиет көбірек керек екен. Отбасын құруда және оны сақтауда ішкі ресурстар мен потенциалды ашу керек. Менің негізгі бағытым – адамдардың өздеріне деген ішкі бір сенімділіктерін арттырып, ары қарай отбасын құруға, сақтап қалуға, дамытуға жетелеймін.
Жастарға қоғам, үлкендер тарапынан қойылатын таптаурын сұрақ «Қашан үйленесің?» деген. Өз жайынан онсыз да қысылып жүрген қаракөздеріміз тығырыққа тіреледі. Бұл адамға «Менде бір нәрсе дұрыс емес» деген ой қалыптастырады, сеніміне селкеу түсіріп, ішкі арпалысын арттырып жібереді.
Жалпы, үйленудің бір мінсіз жасы жоқ. Біреу 18 жасында-ақ отбасының жауапкершілігін мойнына алып, бір шаңырақты үйіріп әкетуі мүмкін. Ал біреу 30-ында әлі дайын болмайды. Көп психолог 25-30 жасты үйленуге дайын кезең деп санайды. Егер адамның эмоциялық тұрақтылығы қалыптасқан, жауапкершілікті сезінетін болса және қарым-қатынас құру дағдылары, өзіне деген сенімділігі бар болса, үйленуге қадам жасауға болады.
Менің ойымша, үйлену тақырыбында ағартушылық жұмыстар көптеп жүргізілуі керек. Өзім докторантураны сол үшін оқып жатырмын. Білім алып, соны қоғамға жеткізгім келді. Бала мен ата-ананың, тәрбиешілердің, мұғалімдердің бір-бірімен ашық, сенімді диалогі бізді алға жетелейді. Сонымен қатар кәсіби психологтер ауадай қажет. Бізде қарасаңыз, психолог көп сияқты. Бірақ нағыз мамандар әлі де аз. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын насихаттайтын мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралардың көбеюі де маңызды.
Қазір біздің қоғамда әйелдер бар жағынан дамып кетті. Негізінде, ер мен әйел бірдей дамуы керек. Тұлғалық, рухани, физикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық бірге даму ерлі-зайыптыларды жақындата түседі. Әрдайым дамып отырған отбасының іргесі берік, шаңырағы шайқалмайды.
Ұлы сөздің ұяты жоқ, жыныстық сауаттылық тақырыбына аса мән беру керек. Жоғары сыныптарда қауіпсіз қарым-қатынас туралы ағартушылық жұмыстары жүргізілуі қажет. Бұл ұят емес. Ерте жасалған аборт, ерте басталған жыныстық қатынас, қалай сақтануды білмеу – ұят. Мұның бәрі қарапайым сауаттылық. Балалар мұндай тақырыптағы ақпаратты интернеттен көріп отырмауы үшін мектептерде айтылса, дұрыс жеткізілсе, қандай жақсы.
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасылық-демографиялық саясат туралы баяндамасын қолымызға алғанда да біраз жайтқа қанықтық. Мамандар некеге тұрушылардың азаюына қазақстандықтардың жаппай өзін-өзі оқшаулау, шектеу шаралары режимінде қарым-қатынастарды тіркеуге және үйлену тойларын өткізуді біраз уақытқа кейінге қалдыруға құлықсыздығының салдары болды деп болжам жасайды. Кейбір ерлі-зайыптылар карантин кезінде қарым-қатынастарын сақтай алмаған. Мұндай жағдайдың болуына тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері себеп болған.
Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ