Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне жаңа туындысын ұсынды

/
Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне жаңа туындысын ұсынды
dimashnews.com

14 қазан күні Димаш Құдайберген Almaty Arena сахнасында өнер көрсетіп, Франция, АҚШ, Түркия және Қазақстан авторларының әндерін орындады. Сондай-ақ, ол композитор ретінде өзінің «Самғау» атты жаңа туындысын таныстырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Almaty Open ATP 250 – халықаралық деңгейдегі ірі теннис турнирлерінің бірі ғана емес, сонымен қатар әйгілі әртістер қатысатын ерекше мәдени шара.

Осы мерекелік кеште Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген көрермендерге бірнеше туындысын орындап, өзінің жаңа әнімен ерекше әсер қалдырды. Әншінің қазақ тіліндегі халыққа тарту еткен «Самғау» атты туындысы – аспанға самғаған қыранның өз халқы мен жалпы әлемге деген шексіз махаббатын бейнелейтін символдық арнау. Ән алғаш рет 5 қазанда Madison Square Garden сахнасында өткен Димаштың жеке концертінде шырқалып, кейін Мексикадағы “Stranger” шоуында екі рет орындалған болатын.

Сонымен қатар, Димаш қазақтың сүйікті авторы Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Тау ішінде» әнін заманауи аранжировкада орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл ән жаз бойына қазақстандық музыкалық рейтингтерде, соның ішінде YouTube-та да көш бастап, елдің сүйікті хиттерінің біріне айналған еді. Күздің салқын кешінде де бұл туынды жылы әсер сыйлап, залдағы көрермендерді бірге қосылып ән шырқауға жетеледі.

Кештің динамикасын арттырған тағы бір әсерлі сәт – түрік диджейі Бурак Йетермен бірлесіп жазылған «Weekend» әні болды. Бұл композиция 2023 жылы Анталиядағы жеке концерт алдында жазылып, кейін Димаштың «Stranger» тур бағдарламасына енгізілген.

Энергия мен романтикалық нәзіктіктің үйлесімін сақтай отырып, Димаш тағы бір тың премьерасы, екі мәрте «Грэмми» сыйлығының иегері Уолтер Афанасьефтің жетекшілігімен жазылған халықаралық жобасын орындады. «Love’s Not Over Yet» шығармасы алғаш рет мамыр айында Алматыдағы фан-кездесуде шырқалса, 5 қазанда Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында Димаш оны Уолтер Афанасьефтің фортепиано сүйемелдеуімен орындаған болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары