Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналды
Елордада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық кикбоксинг турнирінің гала-финалы өтті. Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында ұйымдастырылып, Қазақстанның 13 облысынан, соның ішінде әлем және Азия чемпиондарын қамтыған 500-ден астам спортшының басын қосты.
Турнирдің мақсаты — қазақстандық патриотизмді дамыту, жас ұрпақты ұлттық тарих пен мәдениетке қызықтыру, сондай-ақ жастар мен ата-баба ерліктері арасындағы байланысты нығайту. Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Еркеш Қалықов кикбоксинг турнирінің ерекше маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай спорттық шараларды өткізу жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқарады.
Спикер спорттың, әсіресе жекпе-жек өнерінің, адамның бойында тәртіп, табандылық және жеңіске деген ерік-жігерді тәрбиелейтінін баса айтты. Бұл қасиеттер зиянды әдеттерден аулақ болуға және дұрыс жолды таңдауға көмектеседі.
– Кикбоксинг – жай ғана спорт емес, бұл энергияны игі істерге бағыттау, рухани күшті дамыту және мінез-құлықты қалыптастыру мүмкіндігі. Біз мұндай іс-шаралардың есірткіге қарсы күресте үлкен ықпал ететініне және жастарға балама таңдау мен өзін табуға мүмкіндік беретініне сенеміз, – деді ол.
– Спортшылар арасында әлем және Азия чемпионатының қатысушылары бар. Барлық қатысушы жоғары деңгейде дайындалған. Бәрі де жеңіске барынша ұмтылғандықтан, жарыстар өте қызықты өтіп жатыр, – деді елордалық спортшы Амир-Акиф Абдуллаев.
– Гала-финалдардың ерекшелігі – турнирдің финалы шоу атмосферасында өтетінінде. Осыған байланысты жекпе-жектер әлдеқайда әсерлі болып, спортшылардың эмоциялары айқынырақ сезіледі, – деді турнирдің негізгі ұйымдастырушысы әрі кикбоксинг жаттықтырушысы Ернар Омаров.
Турнир соңында үздік спортшылар лайықты марапаттарға ие болып, медальдарын алады.
А.БИМЕНДИЕВА