Жол құрылысы сапалы цифрлық платформа арқылы бақыланады

Жол құрылысы сапалы цифрлық платформа арқылы бақыланады
сурет – автордікі
299

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында өңірлердегі жолдардың жөнделуін бақылау үшін платформа құруды тапсырған еді. Президенттің бұл тапсырмасы алғашқылардың бірі ретінде Ақтөбе облысында жүзеге асты. Өңірдегі автожолдарды жөндеу мен салуды бақылайтын цифрлық платформа іске қосылды.

BIRGE PROJECT — бірегей жүйе

Ақтөбе облысы алғашқылардың бірі болып BIRGE PROJECT бірегей электр­онды бақылау жүйесін таныстырды. Бұл жүйе автожолдарды жөндеу мен салу­дың барлық процесін бақылауға мүм­кіндік береді.
Цифрлық платформаның ерекше­лік­тері туралы BIRGE салалық кластер­лер қау­ымдас­тығының басқарма төрағасы Арман Евниев айтып берді. 

— Бірыңғай платформаның арқа­сында жобаны әзірлеуден бастап ныс­ан­ды пай­далануға беруге дейінгі жөндеу жұмыстары­ның бүкіл процесін бақы­лауға болады. Оның ішінде нақты уа­қыт режимінде ны­сан­ның өзіне бар­май-ақ, жөндеу жұмыс­тары­ның барыс­ын онлайн режимінде көре алады. Яғни, мердігер ұйымның респуб­лика­лық маңызы бар тас жол болсын немесе қаладағы жол бөлігі болсын, жолды қалай жөндеп жатқаны көрсетіледі. Платформада жобаның бюджетімен де танысуға болады, — деп түсіндірді плат­формаға жауаптылар.

112 жобаның жұмысы

Арман Евниевтің айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асырылып жатқан жоба­ларға қоғамдық бақылауды күш­ей­ту үшін депутаттар, партиялар, қоғам қайрат-
кер­лері, белсенділер, БАҚ өкіл­дері тар­тылмақ. 
— Қазір Ақтөбе облысында бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін жол­дар­ды жөндеу және салуға қатысты 112 жоба іске асырылып жатыр. Олардың барлығы жүйеге енгізілген. Платфор­маға кіріп, жұмыстың қалай жүріп жат­қанын рұқсат етілген азаматтар көре алады. Деректерді жүйеге мердігер ұйым­ның өкілі енгізеді. Платформада сіз мердігердің өзі туралы ақпаратты, оның қазіргі уақытта қанша жоба жүр­гізіп жатқанын және жұмысты қанша­лық­ты орындайтынын біле аласыз. Әрбір мердігер ұйымның рейтингін бір­ден қоюға болады, – деді Арман Евниев. 

Қалпына келтірілген ақаулар

Цифрлық платформаға енген жоба­лардың бірі – биыл қарашада толық пайдалануға берілетін «Ақтөбе-Атырау» тас жолы келесі айда толық қолданысқа беріледі. Қазір жарықтандыру, абат­тан­дыру жұмыстары жүріп жатыр. Құрыл­ыс­тың сапалы, әрі уақытылы жүруін жауапты мамандар жіті бақылап отыр. 
Көлік қозғалысы үшін ашылған жолдың игілігін Алға, Мұғалжар, Темір және Бай­ғанин аудандарының тұрғын­дары қазірдің өзінде көріп отыр. Қаты­нас едәуір жеңіл­деген.
«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жол­ы­ның Ақтөбе облысындағы бөлігі – 326 ша­қырым. Жоба екі кезең бой­ынша жүзеге асты. Құны – 113 млрд тең­ге­ге жуық. Жаң­ғырту жұмыстары барысында жол бөлігінің 75 шақырымы бірінші, ал 251 шақырымы екінші тех­никалық санатқа ауыстырылып, екі жолағы 9 метрге дейін кеңейтілді.
Анықталған ақаулардың бәрі қалпы­на келтірілген. Жасалған жұмыс, қол­данған материалдардың бәрі тех­никалық талап­тарға сәйкес келеді. Кепіл­дігі – бес жыл. Бес жыл ішінде қан­дай да бір ақаулар анықтал­ып жат­са, мердігер мекеме ол ақауларды ретке келтіретін болады. 

Жосықсыз мердігерлер

Ақтөбеде жол салып жатқан мерді­герлер жақында облыс әкімінің сынына ілікті. Олар бұған дейін де аймақ бас­шы­сының сынына ұшыраған болатын.  
– Тоғыз айдың қорытындысы бой­ын­ша жоспарланған жұмыстардың жар­тысы ғана орындалды. Ал бюджет қаражатын игеру маңызды. Біз қателік­терге жол берген мемлекеттік қызмет­ші­лер­ге тәртіптік ша­ра­лар қолданамыз және жосықсыз мерді-
г­ерлерге де қатыс­ты шаралар қабыл­даймыз, – деді А. Шахаров. 
Аймақ басшысы өңірдегі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысын қарады. Облыс әкімі кейбір жобалардың белгіленген мерзімінен кешігіп жатқан­ын, бюджет қаражатын тиімсіз пайда­ла­ну және мердігерлердің сапалы жұмыс­ының жеткі­ліксіздігін сынға алды.

Жедел жауап, белсенді бақылау

Платформаға жауаптылардың айту­ынша, қазіргі таңда бұл жүйеге келер жылға жоспарланған жобаларды енгізу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Пайда­ланушылар жобаны әзірлеу қай кезеңде іске асыр­ылатынымен танысып, өз пікірлерін айта алады. Цифрлық плат­формада қазір Ақтө­бе облысындағы барлық жобалар туралы мәліметтер көрсетіледі.
Сондай-ақ, құрылыс алаңына барып, жұмыстар туралы толығырақ білу мүмкін­дігі бар. 
– Халық жол жөндеу жұмыстарының мерзімі мен сапасына қатысты жиі шағым айтады. Осы жүйенің арқасында біз түрлі өтініштерге жедел жауап бере­тін боламыз, мердігерлердің жұмысын бақылай аламыз және жұмыстарды орындаудағы кешігу мен кемшілік­тердің алдын аламыз. Цифрлық плат­форма процесті белсенді бақылауға және жөндеудің әрбір қадамынан хабардар болуға ықпал етеді, – деген облыс әкімі Асхат Шахаров бақылау жүйесінің артық­шы­лықтарын да атап өтті.
Әзірлеушілердің айтуынша, аталған платформада әкімдер, басқарма басшы­ларының рейтингі жүргізіледі. Пайдалану­шылар басшылықтағы лауазымды тұлға­лар­дың қызметіне баға бере алады.

4440 шақырым жол реттеледі

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың ақпаратына сүйенсек, жалпы биылға арналған жоспар бойынша 4440 шақырым жолды ретке келтіру жоспарланған. Осы мақсатта бюджеттен 69,5 млрд. теңге бөлінді. Жалпы 186 жоба іске асырылып жатыр. Бұл – облыстық, қалалық, аудандық ауқымдағы жолдар.
Биылғы тоғыз айдың қоры­тындысы бойынша 34,2 млрд.теңге игерілді. Бүгінде  491,9 шақырым жолдың негізі салынып, 315,7 шақырымға асфальт төселді.

Айару СЕРІК,
Ақтөбе облысы

Серіктес жаңалықтары