Депутат Жетісу облысындағы аяқсыз қалған әлеуметтік жобалар туралы мәселе көтерді

Депутат Жетісу облысындағы аяқсыз қалған әлеуметтік жобалар туралы мәселе көтерді
сурет: istockphoto.com
383

Депутат Болат Керімбек Жетісу облысындағы аяқсыз қалған әлеуметтік жобалар туралы мәселе көтеріп, Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Жетісу облысында қаражат бөлінбеуінен аяқсыз қалған бірнеше әлеуметтік нысандар бар. Басталған жұмыс айлап, жылдап созылып, соңында халық наразылығына ұшырап жатады.

Мәселен, бір ғана медицина саласындағы жағдайды алсақ. Бүгінгі таңда Талдықорған қалалық поликлиникасы 112 000 адамға қызмет көрсетуде, бұл қала халқының 70%. Яғни, артығымен адам қабылдау арқылы сырқаттанғандарға тиісті сапалы медициналық көмек көрсете алмай отыр. Ауырып келгендер ем алу үшін кезекке тұруда. Бұл мәселені шешу үшін қалада 500 адамды қабылдауға арналған жаңа емхана ашу жоспарланған. Ғимараты да салынды. Алайда, республикалық бюджеттен қаражат бөлінбегендіктен тоқтап қалды. Соның салдарынан жаңадан құрылған 5 шағын ауданның тұрғындары емделу үшін қала шетінен орталықтағы емханаға баруға мәжбүр болып отыр. Егер де осы мәселе шешілсе жаңа емхана 45 мың адамға қолжетімді медициналық көмек көрсетер еді. Келесі әлеуметтік нысандардың бірі – 250 балаға арналған жатақханасы бар Лепсі ауылындағы спорттық дене шынықтыру және сауықтыру кешені. Құрылысы қазіргі уақытта аяқталып қалды. Алайда, ауылдағы ауыз су мәселесіне қаражат бөлінбеуінен нысанды іске қоса алмаймыз. Яғни құны 2,9 млрд теңгені құрайтын жақсы жоба ел игілігіне уақтылы берілмеуде, – дейді депутат.

Осы аталған әлеуметтік екі жоба да басталып, аяқталмай қалғандықтан халық пайдасын көре алмай отыр.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдылықтардың бірі –  «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру болып табылады. Соның аясында өңірде 9 әлеуметтік жаңа жоба жүзеге асырылуы тиіс еді. Алайда бюджетте ескерілмегендіктен, ауыл тұрғындары медициналық, мәдени және спорттық қызметтерге қолжеткізе алмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы жылы өңірдегі 126 елді мекеннің 25-сін газдандыру көзделген болатын. Тиісті қаражат бөлінбегендіктен, бұл жұмыс та тұралап тұр. Осы ретте, аталған мәселелердің барлығы өңірлік саясатқа қатысты жобаларды қаржыландыруда мемлекеттік және бюджеттік жоспарлауды әлі де жетілдіруді қажет ететінін көрсетіп отыр. Бұл бір ғана өңірде емес, барлық өңірге тән жағдай. Жүйелілік жоқ. Әрине, мұндайда құрылыстың сапасы жоғалады, бағасы қымбаттайды. Біз бір істі бастасақ, соны соңына дейін жеткізуге тиіспіз. Қаржыландыруда да солай болуы қажет. Осы айтылғандарды ескере отырып, Сізден Президенттің Жетісу облысына жұмыс сапарлары аясында берген тапсырмаларын және партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын қатаң бақылауға алуыңызды, аталған жобаларды қаржыландыру үшін Қаржы және Ұлттық Экономика министрліктеріне тапсырма беруіңізді сұраймыз, – деді Болат Керімбек.

Серіктес жаңалықтары