Түркі бірлігінің рухани діңгегі

Түркі бірлігінің рухани діңгегі
605

Жақында ұлы ойшыл, рухани ұстаз, түркі дүниесінің көрнекті тұлғасы 
Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен мұрасын дәріптеуге арналған конференция өтті. Жиынға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Парламент депутаттары қатысты.

Іс-шараға тұтас түркі дүниесінің дін лидерлері мен қайраткерлері арнайы жиналды. Сонымен қатар, кон­ференция еліміздің және шетел ясауитанушы ға­лымдарының басын қосты. Одан бөлек Мәдениет жә­не ақпарат министрлігінің өкілдері, шығыс­тану­шы­лар, сарапшылар, руханият пен зиялы қауым өкіл­дері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Ясауи – ұлтымыздың рухани темірқазығы

Жиында сөз сөйлеген Мәулен Сағатханұлы  ең ал­дымен Ясауи мұрасын зерделеу мен дәріптеуге бай­ланысты атқарылып жатқан шараларға тоқталып өт­ті. Сондай-ақ  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  ғұламаның есімін ұлықтап, оның адам­затты ізгілік пен мейірімділікке шақыратын еңбек­терін жан-жақты зерделеуге үнемі баса мән беретінін айтты:
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың оты­ры­сында «Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, та­мыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әле­міндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша на­зар аударған жөн», – деген еді. Осыған орай елі­міз­дің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы іс-шара өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бү­гінгі конференция – аталған бастаманы іске асы­рудың нақты көрінісі». 
Сондай-ақ ол Президент жуырда ғана киелі Түр­кі­станға жасаған сапарында ең алдымен Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне зиярат еткенін еске салды. Оның айтуынша, мұның бәрі Ясауи – ұлтымыздың рухани темірқазығы екенін айқын көрсететін қадамдар. Бүгінгі    іс-шара да  ұлы тұлғаның есімін және еңбегін жаңаша жаңғыртудың жарқын үлгісі болады деп сенім білдірді. 

Ясауи тұлғасы тек діни шеңберде қарастырылмауы керек 

Сенат Төрағасы Қожа Ахмет Ясауидің есімі біре­гей тарихи тұлға ретінде бүкіл әлемге белгілі екенін айт­ты. Сондықтан ойшылдың мұрасын терең зерт­теп, оны дәріптеу аса маңызды екеніне тоқталды:
«Жалпы, Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасын кең ау­қым­да қарастырудың маңызы зор. Ясауи, бірінші ке­зекте, сопылық ілімнің түркілік дәстүрін қалып­тас­тырған ірі діни көшбасшы. Ол осы бағытта «Диуа­ни Хикмет» секілді бірқатар ауқымды әрі аса маңыз­ды еңбектер қалдырды. Мыңдаған рухани ізбасар тәрбиеледі. Сондықтан халық оған «Әзірет Сұлтан» де­ген мәртебелі есім бергені белгілі. Дегенмен, біз Ясауи­дің тұлғасын тек діни шеңберде қарастырсақ, оның болмысы толық ашылмайтыны анық. Себебі, ол – түркі-ислам философиясын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшыл. Сонымен бірге, төл әдеби тілі­міздің бар байлығын, қуатын көрсете білген ақын, сөз зергері».  
Конференцияға Ясауи әлемін жан-жақты зерде­леу­ге елеулі үлес қосып жүрген беделді дін қайраткер­лері мен ғалымдар жиналғанын айтқан ол Ахмет Ясауи туралы терең көзқарас одан әрі дәріптелетініне сенім білдірді. 

Түркі жұртына ортақ құндылық

Сонымен қатар ол  Ясауи тек қазақ халқының ға­на емес, бауырлас елдердің бірлігін нықтау ісінде маңыз­ды рөл атқаратын тұтас түркі әлеміне ортақ тұлға екенін айтты. Сондай-ақ ол ойшылдың есімі мен еңбегін рухани диалог пен мәдениетаралық және ді­наралық келісімнің алтын көпірі деп бағалады.
– Жалпы, Ясауи жолы – ұлттық және түркі жұр­ты­ның бірегейлігін нығайтудың кепілі. Бүгінгідей сын-қатерлерге толы алмағайып заманда өзімізге тән ерекшеліктерді сақтай отырып дамудың маңызы өте зор екені анық. Бұл тұрғыдан алғанда, Ясауи ілімінің берері мол. Себебі, Ясауи – түркілік дүниетаным мен Ислам қағидаларын шебер үйлестіре алған тұлға. Осылайша, ол өзіміздің тарихи тәжірибемізге және салт-дәстүрімізге негізделген рухани бағдар қа­лып­тастырды, – деді Сенат Төрағасы. 
Сондай-ақ ол  болмысымызға сай келмейтін, ді­ни догмалар мен радикализммен күресте Ясауидің ілі-
мін бағдар етіп ұстану, рухани бастауымызға на­зар аудару – баршамыз үшін маңызды екенін жет­кізді:
«Ясауи тұлғасы – түркі бірлігінің рухани діңгегі де­сек, артық айтқандық болмайды. Қазақстан түркі әле­мімен және түркі тілдес мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше көңіл бөледі. Бұл – еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Осы ретте соңғы жылдарда ауыз толтырып айтуға болатын көптеген жұмыс атқарылды». 
Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының 10-ыншы мерейтойлық саммиті өткенін еске салған ол жиын аясында мемлекет басшылары өте маңызды стратегиялық құжаттарды қабылдағанын еске салды: 
«Қазір Түркі мемлекеттері ұйымы ынтымақтас­ты­ғы­мыздың барлық саласын қамтитын толыққанды, беделді халықаралық құрылымға айналды. Бұл бір жағынан біздің тарихи сабақтастығымызды жалғас­тыру­ға, жан-жақты даму бағыттарын жандандыруға және бірлескен жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Сонымен қатар, ортақ тарихи тұл­ға­ларды бірлесе дәріптеу ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеретіні анық. Осы орайда Ясауидің тұл­ғасы тұтас түркі жұртының басын біріктіре ала­ды».   

Рухани диалог пен байланыстың алтын көпірі

Мәулен Сағатханұлы   Ахмет Ясауи ілімі қоғамда гу­манистік құндылықтарды дәріптеуге жол ашаты­нын айтты.
– Ғұлама-ойшылдың даналық хикметтері адам­зат­ты ізгілікке, бауырмалдық пен адал еңбекке шақы­ра­тыны баршаға аян. Бұған қоса, ол өзінің шығар­ма­ларында адамгершілік пен имандылықты биік кө­теріп, бүкіл түркі жұртын татулыққа үндеген. Мұның бәрі уақыт өткен сайын Ясауи ілімінің маңызы арта беретінін және оған әрдайым назар аударып отыру қажет екенін көрсетеді. Сондай-ақ, Ясауидің есімі – рухани диалог пен байланыстың алтын көпірі бола алады деп сенеміз, – деді ол.
Біздің еліміз түркітілдес кеңістікте ғана емес, әлем­дік деңгейде де мәдениетаралық және дінаралық келі­сімді насихаттауға ерекше көңіл бөлетінін айт­қан ол Қазақстанда 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтіп келе жатқа­нын еске салды.
– Жалпы, Съезд дүние жүзіндегі беделді дін өкіл­дерінің, саяси қайраткерлердің және халықаралық ұйым басшыларының басын қосып, ортақ мәмілеге шақыратын бірегей диалог алаңына айналды. Бұл ретте бейбітшілік, бауырластық және төзімділік сияқты құндылықтарға негізделген Ахмет Ясауи хик­меттері де Съезд идеяларымен үндес екенін атап өт­кен жөн, – деді ол.
Түркі мұрасы және түркітілдес елдерге ортақ тұл­ғалар мен құндылықтар жүйесін дәріптеу үшін Съезд алаңын белсенді пайдалануға шақырған ол Қожа Ахмет Ясауи – түркі дүниесі үшін ерекше қадір­лі есім екенін айтты. Сөзін түйіндей келе ол  осы алаңда айтылған ойлар мен көтерілген мәселелер ясауитану ісін және түркі тұтастығын жаңа белеске шығарады деп сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары