Баян Алагөзова кіші қызының «шешесі» Аша Матай екенін айтты
Тұрсен жездем мен Баян тәтем біраз ойланып, қабылдаған шешімдері екен, дейді ол
Отандық продюсер Баян Мақсатқызы Алма есімді төртінші қызын қырқынан шығарды. Тұрсын Алагөзовтің жұбайы қуанышты күннің видеосын Instagram желісіндегі парақшасына жүктеді.
Алманы қырқынан шығаруға Баян Мақсатқызының жақындары келген. Ақ дастархан басына жиналғандар арасында Баян Мақсатқызының анасын, Аша Матай мен Арман Қоңырбаевты, Айсәуле Бақытбек пен Салтанат Байқошқарованы, сондай-ақ Ғалия Байбосынованы байқауға болады. Құдағиын айтулы күнмен құттықтауға Диляра Қайдарова да келген.
«Бақытты болғыңыз келсе, болыңыз. Бақыт сырттан келмейді, оны әр адам өз жүрегінен, өз айналасынан табуы керек. Бақытты болғың келсе, бақытыңды бөліс! Бүгін бақытты күн»,- деп жазды продюсердің өзі.
Баян Мақсатқызы мен Тұрсын Алагөзов қызының «кіндік шешесі» ретінде Аша Матайды таңдаған. Бұл жайында тележүргізуші Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
«Алма деген тәтті қыздың кіндік шешесі болып тағайындалдым! Тұрсен жездем мен Баян тәтем біраз ойланып, қабылдаған шешімдері екен. Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақылы, адамгершілігі, еңбекқорлығы кіндік шешеге тартады деген түсінік бар. Саған ұқсаса, жаман болмайды дейді. Мен үшін бұл үлкен қуаныш, абырой. Аллаға шүкір! Көпбалалы анамын, енді менің 6 қызым бар!», — деді ол.