АЭС-ті қолдаушылар саны артуда – сарапшылар

2024 жылғы 25 қыркүйекте Ақтау қаласында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «SARAP» эксперттік клубының «Энергетикалық саясат және азаматтық жауапкершіліктің қоғамдық санадағы көрінісі» тақырыбындағы өңірлік отырысын өткізді.

АЭС-ті қолдаушылар саны артуда – сарапшылар
Автор
Админ
254

Шара барысында Мемлекет Басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары қарастырылды.

Сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес атом электр станциясының құрылысы бойынша алдағы референдум, энергетикалық саясат және Маңғыстау облысындағы энергетика саласының ағымдағы жағдайы талқыланды.

Кездесуге Маңғыстау облысы және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық кеңестер, партия өкілдері, ғалымдар, атом энергетикасы саласындағы мамандар, азаматтық белсенділер қатысты.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі тақырыбында Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев келесі  аспектілерді атап өтті.

«Президент биылғы Жолдауда Үкіметке Жаңаөзен, Қашаған және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырды. Сондай-ақ, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Бұл, әрине, адал еңбек, маңдай терімен қызмет етіп жүрген азаматтардың мәртебесін көтеруге жасалған қадам. Қазақстанда АЭС салу жалғыз өзі экономикалық және әлеуметтік мәселелердің жалғыз шешімі ретінде қабылданбауы керек. Алайда ол ғылым, технология, инфрақұрылым салаларын дамытудың қуатты катализаторы бола алады».

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев референдумның маңыздылығына тоқталды.

«Жалпы референдум өткізу Мемлекет басшысы бастаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының практикалық тұрғыда орындалуының бір көрінісі десек болады. Ауыл әкімдерін сайлау, келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау процесінің іске қосылатыны, елді толғандырған маңызды сұрақтарға қатысты референдум өткізу елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін оң өзгерістер. Алдағы референдум өркениетті демократиялық процестердің орнығуына, азаматтық жауапкершіліктің артуына септігін тигізеді деп есептеймін».

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС БН-350 реакторлық қондырғысының директоры Марат Молдағұлов өз баяндамасында Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың маңыздылығы туралы сөз қозғады.

«Атом энергетикасы энергиямен жабдықтауды дамытуға және экономиканың тұрақты өсуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Ол сенімді, экологиялық таза және жоғары тиімді электр энергиясын өндіруді қамтамасыз еткендіктен қазір әлемде таптырмас энергия көзі болып отыр. Оған қоса, Қазақстанда АЭС салу компанияларды дамыту, біліктілігін арттыру және жұмыс орындарын құру есебінен жергілікті өнеркәсіпке пайда әкеледі. Жергілікті компаниялар жұмыстың едәуір бөлігін орындайды, бұл олардың әлеуетін арттыруға және өндірістің өсуіне ықпал етеді. Жоғары технологиялық жобаларға қатысу жергілікті мамандарға тәжірибе жинақтауға және кәсіби өсуге мүмкіндік береді».

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының директоры Киікбай Жаулин болашақ энергия тапшылығы проблемасын шешу үшін атом электр станциясын салудың маңыздылығын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша басқа да  сарапшылар нақты  мәселелерге тоқталып, бірқатар ұсыныс жасады. «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова  Жолдауда қойылған міндеттерді іске асырудағы азаматтық қоғамның рөлін атап өтті, ал «Amanat» Маңғыстау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Анар Шамшадинова саяси шешім қабылдаудағы жастар белсенділігі туралы  ой айтты. Пікірталас қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар ұсынысты ортаға салды.

«SARAP» эксперттер клубының отырысында Қазақстандық қоғамдық даму институтының тақырыпқа байланысты өткізген телефон арқылы сауалнамасының нәтижесі жарияланды.

Референдум аясындағы электоралды қатысу бойынша сауалнамаға қатысқандардың 64%-ы  қандай да бір дәрежеде референдумға баруға дайын екендігін білдірген. Оның ішінде, сауалнама өткізіп жатқан кезеңде респонденттердің 45,4%-ы АЭС салу жөніндегі референдумға нақты қатысатынын айтқан. Ал, респонденттердің 18,6%-ы референдумға қатысуға тырысатынын хабарлаған.

Сауалнамаға қатысқандардың 16,6%-ы  референдумға қатыспаймын деген көзқарас білдірген.

Респонденттердің 10,5%-ы қатысу туралы әлі шешім қабылдамаған.

Қатысқандардың бір бөлігі (8%) ақпарат алмаған және референдум туралы «бірінші рет естігенін» мәлімдеген.

Алдағы референдумға қатысу туралы сұраққа жауап қайтаруға қиналғандардың үлесі тек 0,9%  құрайды.

Референдумға баруға дайын азаматтардың ішіндегі 67,4%-ы АЭС құрылысын қолдап, 22,8%-ы қарсы дауыс беруді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Ал, респонденттердің 9,8%-ы осыған қатысты өз ұстанымын анықтамағанын айтқан.

Жалпы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының телефон арқылы жүргізген сауалнамасы және бірқатар институттар жүргізген әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері референдумға келуге дайын азаматтар санының өскенін және Қазақстанда АЭС салу идеясын қолдайтындардың көбейіп келе жатқанын білдіреді. Осылайша, референдумда азаматтардың көпшілігі АЭС салу шешімін қолдайды деп болжауға болады.

Анықтама:

«Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша 2024 жылғы 17-24 қыркүйек аралығында қазақстандықтардың АЭС салуға және референдумға қатысты көзқарасы бойынша телефон сауалнамасын өткізді.

Зерттеу Қазақстандағы ересек (18 жастан асқан) азаматтардың жынысы, жасы, қоныстану түрі, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша қамтитын жалпыұлттық іріктемеге сәйкес жүргізілді.

Іріктеме көлемі 1200 респондентті құрады. Телефон арқылы сауалнама 17 облыс және республикалық маңызы бар 3 қалада (Астана, Алматы, Шымкент) өтті. Онда респонденттердің стационарлық және ұялы телефон нөмірлеріне қоңырау соғылды.

Сауалнама ҚР ОСК 2024 жылдың 17 қыркүйегіндегі №ОСК-08-19/ЗТ-M-13  ресми хабарламасына сәйкес жүргізілді.

Серіктес жаңалықтары