Балқашта құбыр ауыстыратын жұмысшылар 3 адамның сүйегін тапты
Сүйектердің жатысына қарай үшеуі де қасақана өлтіріліп, көмілген болуы мүмкін деген жорамал бар.
Балқашта құбыр ауыстырып жүрген жұмысшылар жер астынан үш адамның денесін тапты. Бірнеше жыл бұрын көмілген мәйіттер шіріп, тек сүйегі қалған, деп хабарлады turkystan.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Құбыр ауыстырып жүргендер алдымен бір адамның сүйегін көреді. Полиция адам сүйектерін алып жатқанда тағы екі адамның денесі табылған. Сот-медициналық сараптама табылған адам денелері жер астында бірнеше жыл жатқан деп болжайды. Өйткені етінен дым қалмаған. Сонымен қатар сүйектердің жатысына қарай үшеуі де қасақана өлтіріліп, көмілген болуы мүмкін деген жорамал бар.
Полиция із түзсіз кеткендердің деректерін көтеріп, мәйіттердің жеке басын анықтауға кірісті. Қылмыстық іс қозғалды.
«Үш адамның сүйегін табу дерегі бойныша үш қылмыстық іс қозғалды. Сот сараптамасы тағайындалды. Сүйектер Қарағанды қаласына сот сараптамасына жолданды. Соның қорытындысы бойынша саралаймыз және шешім қабылдаймыз», - деді Балқаш қаласы полиция бөлімінің бастығы Айткен Қадрин.