«Құнды дүниемді санап жүріпті»: Жұлдыз Әбдікәрімова ең жақын адамын сотқа беретінін айтты

Бәлкім менің құтқарушым осы болар деген ой жылт етті, дейді ол

«Құнды дүниемді санап жүріпті»: Жұлдыз Әбдікәрімова ең жақын адамын сотқа беретінін айтты
фото: әлеуметтік желіден
1739

Танымал әнші Қайрат Нұртастың әйелі, кино және театр актрисасы Жұлдыз Әбдікәрімова жақында соттасайын деп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Оның айтуынша, сотқа берейін деп жатқан адам ұзақ уақыт бойы достасып, сырын біліп, алдап келген көрінеді.

"Ол кездер мен үшін сынақты күндер еді. Жаным қиналып, айналамнан ақыл сұрайтын адам таппай, басымды тауға да, тасқа да соғып жүргем. Сөйтіп сенделіп жүргенде күндей жарқ етіп, алдымнан бір кісі шықты. Бәлкім менің құтқарушым осы болар деген ой жылт етті. Содан ол адам іші-бауырыма кіріп, мұңымды тыңдап, сырымды біліп, үйімнен талай ас ішті. Сөйтсем, оның өз жоспары болған екен. Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында", - деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Аталған адам оның сеніміне кіріп алғаны соншалық, тіпті, бірнеше құжатқа қол қойдырып алыпты. 

"Қит етсе халімді сұрап, менің басымдағы проблемамды өзінікіндей көріп, уайымдап жүрді. Мен болсам ештеңеден хабарым болмай, Жаратқанға алғыс айтумен болдым. Қысқасы, қасымда жарты жыл жүріп, мендегі бар құнды дүниені санап жүрген екен. Мен өз қайғымнан есімді жия алмай жүргенде, ол біраз құжатқа қолымды қойдырып алды. Ертең сол кісімен кездесуге барамын. Мәселе шешілмесе сотта кездесеміз. Егер оқырманым талап етсе, соттың ашық түрде, ел алдында онлайн трансляциялануын талап етемін. Сотта оқиға бүге-шүгесіне дейін айтылады. Әділ өтеріне сенемін. Ол адаммен 2 жыл бойы телефонмен сөйлескен әңгіменің барлығы заңды түрде делоға тігілді", - деп мәлімдеді өнер иесі. 

Серіктес жаңалықтары