"Кейбірі қорыққан, кейбірі пайда көздеген": Қарамағындағы 58 қызметкермен көңіл жарастырған қытайлық шенеунік ақша жегені үшін сотталды

Кейбір ер адамдар Чжун ұсынған артықшылықтар үшін оның ғашығы болуға келіссе, басқалары оның билігінен қорқып, мәжбүр болған.

"Кейбірі қорыққан, кейбірі пайда көздеген": Қарамағындағы 58 қызметкермен көңіл жарастырған қытайлық шенеунік ақша жегені үшін сотталды
сурет: SCMP composite/Shutterstock/Sohu
1203

Қарамағындағы 58 қызметкерімен көңіл жарастырып аты шыққан қытайлық шенеунік 60 миллион юань пара алғаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 1 миллион юань (140 000 АҚШ доллары) айыппұл салынды, деп жазды scmp.com.

52 жастағы Чжун Ян Гуйчжоу провинциясының Цяньнань аймағында губернатор және партияның орынбасар хатшысы қызметін атқарған. Қарапайым отбасында өскен ол университетте тарих мамандығын оқып, 22 жасында Коммунистік партия қатарына қосылған. Кейінірек ол бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) депутатына дейін жеткен.

Өзінің көрікті келбетімен танымал Чжунды басқару кезінде халық «әдемі губернатор» деп атайтын. Ол ешқашан тұрмыс құрмаған және балалары болмаған. Чжун фермерлерге көмектесу мақсатында жеміс өсіру және ауыл шаруашылығы қауымдастығын құрып, өз қаражатынан қарт адамдарға көмек көрсеткені үшін мақтау алған.

Алайда, биылғы қаңтар айында Гуйчжоу радио және теледидар арнасы түсірген деректі фильм оның мансабындағы алаңдатарлық тұстарды ашып берді. Құжатта Чжун пара алғаны және мемлекеттік инвестициялар желеуімен артықшылыққа ие компанияларға тиімді келісімшарттар бергені айтылған.

Мысалы, ол жақын қарым-қатынаста болған бизнесменге жоғары технологиялық өндірістік аймақта 170 000 шаршы метр жерді дамытуға рұқсат берген. Кейін бизнесмен бұл жерді игеруге берген. Чжун осыдан елеулі пайда тапқан деп болжануда. Жеке бизнес иелерінің айтуынша, Чжун жеке байланыстары жоқ компанияларды елемей, өңірдегі жекеменшік бизнестің дамуын тежеген.

NetEase News хабарлауынша, Чжун билік пен байлыққа ұмтылумен қатар, бағынышты ер адамдармен бірнеше романтикалық қарым-қатынас құрған. Ол «қосымша жұмыс» және «іссапарлар» сынды сылтауларды пайдаланып, ғашықтарымен уақыт өткізген.

Кейбір ер адамдар Чжун ұсынған артықшылықтар үшін оның ғашығы болуға келіссе, басқалары оның билігінен қорқып, мәжбүр болған. Чжунның 58 ғашығы болған және оны жеке түнгі клубтарда жиі көрген.

Өткен жылдың сәуір айында Гуйчжоу үкіметі оның іс-әрекетін тергеуді бастаған, нәтижесінде оны сыбайлас жемқорлыққа кінәлі деп тапқан. 13 жылдық түрме жазасымен қатар, оған 1 миллион юань айыппұл салынған.

Биылғы 1 қыркүйекте Чжун Коммунистік партия қатарынан шығарылып, мемлекеттік қызметінен шеттетілді. Бұл Қытайдағы шенеуніктер үшін ең қатаң саяси жазалардың бірі болды.

Серіктес жаңалықтары