АЭС еліміздің энергетикалық ресурстарын дербес басқаруға мүмкіндік береді

АЭС еліміздің энергетикалық ресурстарын дербес басқаруға мүмкіндік береді
511

Атырау облысындағы халықтық штаб мүшелері «Атырау облысы Су Арнасы» КММ мен «Атыраунефтемаш» ЖШС ұжымдарымен кездесу өткізді.

Кездесуге Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов қатысып, жалпыхалықтық референдумның маңыздылығы, энергия тапшылығы, энергетикалық тәуелсіздік мәселесі туралы айтып өтті. Сондай-ақ, 6 қазанда өтетін референдум туралы құлағдар етіп, еліміз үшін маңызды шешім қабылдайтын күн екенін айтты.

– АЭС туралы айтылған кезде халықтың үрейленетіні белгілі. Оған Семей мен 24 жарылыс болған Азғыр аймағындағы ядролық полигондардың жағдайы себеп екендігі жасырын емес. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі кезіндегі Чернобыль, Жапониядағы Фукусима атом электр стансасындағы апаттар да белгілі бір әсерін тигізді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда одан бері қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Өздеріңізге белгілі, былтыр Маңғыстаудағы МАЭК-та апат болған кезде көптеген жұмыс тұрып қалған еді. Айталық, ұңғымалардың жұмысы тоқтап, отандық, шетелдік компаниялардың да жұмысында кідіріс болды. Ал олардың жұмысының тоқтауының кесірінен ел қазынасына миллиардтаған шығын әкеледі. Былтыр Ресей елінен 2 млрд.кВт электр энергиясын импорттаған едік. Бұл дегеніңіз 100 млрд.теңгеден астам қаражат жұмсау деген сөз, – дейді депутат.

Облыстық халықтық штаб мүшесі, техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов атом электр стансасын салу туралы пікірін білдірді.

– Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас директоры Рафаэль Гросси әлем бойынша 17 мемлекет АЭС салуға ниет білдіргенін, оның ішінде нақты қолға алып жатқан 10 мемлекет бар екенін атап өтті. Ал, осы ондықтың ішінде Қазақстан да бар. Агенттік бұл жұмыстарды өз бақылауына алғалы отыр. Кейбір адамдар электр энергиясын көмір, мұнай, газ, жел, күн, биоқалдықтар арқылы алуға болмай ма деп сұрап жатады. Париж меморандумына байланысты олардан бөлінетін қалдық заттарды ауаға таратып жатсыңдар деген желеумен айыппұл салуы мүмкін. Сондай-ақ, жоғарыда аталған энергия көздерін пайдаланып отырған мекемелер өз өнімдерін экспортқа шығара алмауы да ғажап емес. Ал, АЭС-ті қолданатын болсақ бір жылда 20 млн.тонна қышқылды ауаға таратпауға септігі тиеді екен. Осының барлығын ескеруіміз керек. Баламалы энергия көздерін пайдаланбаймыз деген де сөз емес. Салыстырып қарайтын болсақ, күннен алатын электр энергиясының қуаттылығы әнебір күшті еместігі белгілі. Оның жұмыс істейтін уақыты 6-8 сағаттың арасы, күн бұлтты кезде тіптен жұмыс істемей қалады. Желдің де өзіндік технологиясы бар. Бұлардың пайдалану мерзімі 15 жыл. Ал, АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі 60-80 жылға дейін. Сондай-ақ, мысал ретінде айтар болсақ, АЭС салуға 100 гектар жер қажет болса, күн панелін салуға 29 мың гектар қажет болады. Мінекей, осындай ньюанстарын да естен шығармаған дұрыс, – деді. Б.Кенжеғұлов.

Кездесу барысында «АтырауНефтеМаш» ЖШС Бас директоры Салтанат Әділова, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Александр Донсков пен серіктестіктің сауда бөлімі басшысы Дулат Сембаев, сонымен қатар «Атырау облысы Су Арнасы» КМ мекемесінің экологы Орақ Бисембиев өз ойларын ортаға салды.

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Шемонаиха аудандық халық штабының төрағасы Мұрат Желдібаев пен «AMANAT» партиясының ардагері Владимир Акулов Камышинка ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. 

Тұрғындармен кездесуде атом электр станциясының құрылысы және алдағы референдумға қатысты мәселелер талқыланды.

«Қазақстанда АЭС салу басқа мемлекеттерге саяси тәуелділікті арттырмай, энергетикалық егемендікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл жоба Қазақстанның тәуелсіздігін қолдайтын және оған өзінің энергетикалық ресурстарын дербес басқаруға мүмкіндік беретін сенімді және тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ете отырып, ел үшін стратегиялық маңызға ие", – деді Владимир Акулов. 

Егер елімізде АЭС салынса ол жаңа технологиялармен барынша зертеліп қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. АЭС-тің құрылысының қауіпсіздігімен сапалы жүргізілуін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік «МАГАТЭ» қадағалайтын болады . 

«Сыртқы тәуекелдерді азайту және жобаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тексерілген халықаралық әріптестермен ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі тетіктері, сондай-ақ озық технологияларды енгізу көзделген. Қазір әркімнің дауысы үлкен маңызға ие. Біз ел болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауымыз керек», – деп атап өтті Мұрат Желдібаев.

Серіктес жаңалықтары