Атырауда дәрігерлер ауыр пневмонияға шалдыққан нәрестені аман алып қалды

Науқас нәрестені аурухана жеткізу үшін санавиация шақырылған

Атырауда дәрігерлер ауыр пневмонияға шалдыққан нәрестені аман алып қалды
istockphoto.com
432

Атыраулық дәрігерлер ауыр пневмонияға шалдыққан 2 айлық нәрестені аман алып қалды, деп хабарлады Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында сәбиге ауыр пневмония диагнозы қойылған. Науқас нәрестені аурухана жеткізу үшін санавиация шақырылған.

«Дәрігер-реаниматолог Нұрмұханбет Бөкенұлы санвиация арқылы Атырау қаласындағы №2 облыстық ауруханасына екі айлық сәбиді жеткізді. Сол кезде сәбидің жағдайы өте ауыр болды. Жүрек соғысының жиілігі минутына 210-ға дейін жетті. Жалпы нормасы 150-ге болу керек. Аурухана әкімшілігі мен реаниматолог мамандар Ана мен бала ұлттық орталығымен шұғыл телемедициналық кеңес ұйымдастырды. Астана қаласының кардиолог мамандарының ұсынысымен шұғыл түрде электрлік кардиоверсия жасалды», - делінген хабарламада.

Аурухананың білікті реаниматологтары кардиоверсия процедурасы сәтті өткізген. Сәбидің жүрек соғысының жиілігі қалыпқа түскен. Қазір сәби жансақтау бөлімінен жіті респираторлы вирусты бөлімшесіне ауыстырылды. Оның қасында анасы бар. Жағдайы бірқалыпты.

Серіктес жаңалықтары