«Айғақ қалдырмау үшін қолма-қол ақшамен төлегендер көп»: Дина Таңсәрі құлдықта болған қыздың жағдайы туралы айтты

Белсенді Дина Таңсәрі сыныптастары бірнеше ай бойы құлдықта ұстаған қызылордалық қыздың жағдайы жайлы айтты.

«Айғақ қалдырмау үшін қолма-қол ақшамен төлегендер көп»: Дина Таңсәрі құлдықта болған қыздың жағдайы туралы айтты
istockphoto.com
Автор
Админ
1078

«Құлдық кезінде қыздың картасына мыңға жуық аударым жасалған. Анасы шошып, мың аударым – мың еркектен деп ойлаған. Аударым сомасы 13 млн теңгеге жуық. Бұл соманың ішінде қыздың әкесі мен анасынан түскен ақша да бар. 200-ден астам «еркек-клиенттің» ісі тергеліп жатыр. Олардың көпшілігі қыздың «қызметін» бірнеше рет сатып алған. Айғақ қалдырмас үшін, қолма-қол ақшамен төлеген «клиенттер» де көп деп ойлаймыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, қазір Қызылорда облысының Полиция департаменті бірнеше бап бойынша тергеу жүргізіп жатыр: бір топ адамның кәмелеттік жасқа толмаған баланы жезөкшелікке тартуы; кәмелеттік жасқа толмаған баланы тартып, жезөкшелікпен, жеңгетайлықпен айналысу үшін притон ұйымдастыру, ұстау; күш қолданамыз деп қорқытып, алдын-ала келісім бойынша бір топ адамның бопсалауы; кәмелеттік жасқа толмаған баланы есірткі, психотроптық заттар тұтынуға мәжбүрлеу; азаптау; кәмелеттік жасқа толмаған бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамау.

«Мектептегі екі меңгеруші жұмысын жалғастырып жатыр. Біз мектеп меңгерушілерін де қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп есептейміз. Қыз мұғалімдеріне бірнеше рет айтпақ болған, бірақ мұғалімдер айғайлап берген. Бәрі көз алдарында болған. Балалар бір сыныпта оқиды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, көнбіс қызды құлдыққа тартқан. Бұны қалай ешкім байқамады?», -дейді Таңсәрі.

Сондай-ақ ол қыздың қазіргі күйін баяндады.

«Қыз баяу қалпына келіп жатыр. Психиатриялық тексерістен өтті. Қазір дәрігерлердің бақылауында.  Неврологиялық клиникада емделіп жатыр. Бірақ палатадағы мұндай ем ауыр өтіп жатыр. Еркін ем түрін тағайындауды сұраймыз. Емхананың төрт қабырғасында емделу қиын, қыздың ойы бөлінбейді. Басынан өткен оқиғаларды қайта-қайта есіне түсіріп, күйзелісі одан сайын күшейеді. Қыз басында «бізді өлтіреді, бізді бәрібір өлтіреді, ақшаны жинадым, осынша ақшаны жинадым»,-деп қайталай беретінін», - дейді.

Серіктес жаңалықтары