Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілмек

Заң жобасы Түркістан Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілеуге бағытталған.

Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілмек
istockphoto.com
253

Бүгін Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы ұсынылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов заң жобасы қоғамдық қатынастарды реттеуге және Түркістан Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілеуге бағытталғанын хабарлады.

«Бірінші блок қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсаттар үшін жоба қаланың археология ескерткіштерінің резерватын құруды көздейді. Екінші блок кесененің айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағындағы сәулет, қала құрылысы мен құрылыстың бірыңғай стилистикасын қолдануға бағытталған», — деді ол.

Оның айтуынша, үшінші блок туристік қызметке жәрдемдесу және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ туристік тартымдылық орындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымдарды бейімдеуге бағытталған.

Ол заң жобасы аясында қаланың ерекше мәртебесінен туындайтын қоғамдық қатынастар саласындағы реттеу мынадай қағидаттарға негізделетінін атап өтті:

  • тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану және жандандыру үшін жағдайлар жасауда тарихи-мәдени мұраны сақтаудың басымдығы;
  • қаланың тарихи-мәдени мұрасын қорғау, пайдалану және ілгерілету мәселелері бойынша қабылданған шешімдердің ғылыми негізділігі;
  • Түркістанның дамуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін экономикалық негізделген шешімдерді анықтаудағы экономикалық негізділік.

«Бұдан басқа, заң жобасы қала әкімдігі мен мәслихатына 34 қосымша құзырет беруге мүмкіндік береді, бұл қаланы сапалы дамыту бойынша шешімдер қабылдау процесінің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді депутат.

2022 жылдың 27 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беруді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары