Астана көшелері мұнтаздай таза екен – чехиялық спортшы

Қоғамдық көлік желісі де өте жақсы дамыған. Автобустардың іші де таза екен.

Астана көшелері мұнтаздай таза екен – чехиялық спортшы
511

Көшпенділер ойындарына Чехиядан келген Ян Ванек бұл додаға жалғыз емес, ұлын да ерте келгенін айтады.

– Біз бұл ойындарға қазақтың ұлттық спорт түрі – асық ату мен қырғыздардың төл спорты – ордодан жарысуға келдік. Асық атудан үшеуіміз, ал ордодан сегізіміз жарысамыз. Екеуі ұқ­сас ойын секілді көрінгенімен, біраз айырмашылықтары бар. Алдыңғы ойындарда тек ордодан жарысқанбыз. Әлбетте, біз бұл екі спорттың шебері емеспіз. Дегенмен бұл екі спорт дәл­дік­ке, мергендікке үйрететін болғандықтан, қызығушылығымыз кү­шейе түсті. Айтпақшы, менің ұлым да кураштан бақ сынады. Алғаш рет Көшпенділер ойындарына қатысқанымда ол «Әке, этникалық спорт маған да қызық. Қатысайыншы» деп ниет танытқан болатын. Ол алты жастан бастап дзюдомен шұ­ғыл­данады. Сондықтан ол оң жамбасына келетін кураш күресін таң­дап, сол жарысқа күні-түні дайындалды. Бір қуантарлығы, ол да осы ғимаратта жарысты. Ара-тұра оның кездесуін ба­қылап тұруға керемет мүмкіндік болды, – дейді ол.

Ян бәрінен бұрын елода көшелерінің тазалығына таңғалғанын айтады.

– Жарыстар бес күнге жал­ғасатындықтан, қонақүй мен сарайдан басқа жерге барып үлгер­медік. Дегенмен Астана бізге қатты ұнап жатыр. Басқа елде көр­меген, аспанмен тірескен көп ғимаратты көрдік. Ерекше айта кетерлігі, қала іші мұнтаздай таза екен. Көшелерде еш қо­қыс жоқ. Соған таңғалдым. Әрі қоғамдық көлік желісі де өте жақсы дамыған. Автобустардың іші де таза екен. Бізге берілген шаттл автобустармен осы жерден қонақүйге жете алмай әлек бол­ғанымыз бар. Бізге ол көліктен гөрі, қоғамдық көлікті қол­данған әлдеқайда тиімді екен. Себебі  шаттл автобус бірнеше ло­кацияға тоқтайды. Одан гөрі біз қонақүй жаққа баратын автобуспен тез жетеміз. Әрі біздің шетелден келгенімізді бай­қа­ған автобустағы жолаушылар мейіріммен қарап, қазақша сәт­ті­лік тілеп жатыр. Ерекше әсер алдық. Айрықша әсер алған та­ғы бір сәт – ашылу салтанаты. Тамаша болды. Стадионда ко­ман­даластарымызбен мұны талқылаған кезде «Бұл шоуға қан­шама әртістер мен бишілер қатысты екен?! Мыңнан астам шы­ғар» деп таң-тамаша болып отырдық. Шоудың астарында те­рең мағына жатқанын бәріміз түсіндік. Өз басым көшпенділер мә­дениетін бір сағатқа жалғасқан сол шоу арқылы жете түсін­дім. Бәлкім, бұл туралы кино немесе кітаптан оқысам, ұзақ уа­қыт алар ма еді. Ал ашылу салтанатында бәрін бірден түсіне қой­дым, – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары