Инвестициялық қызметті жандандыруға мүмкіндік береді

Кәсіпкерлер экотуризм, ло­гис­­тика, қонақүй бизнесі, тері өңдеу, құс өсіру­ге байланысты жобалар бойынша ұсы­ныс-пікірлерін де ортаға салды.

Инвестициялық қызметті жандандыруға мүмкіндік береді
420

Жақында Ақтөбеде инвесторларды, инвестициялық жобаларды сүйе­мел­деумен айналысатын Aqtobe Investment Center жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі құрылған болатын. Ақтөбе об­лысы әкі­мінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов енді барлық жобаларды жи­нақтау үшін жергілікті деңгейде маркетингтік талдаумен айналысатын консалтингтік компания жалдайтын­дарын айтып отыр.  «Орта мерзімді ке­зең­ге арналған барлық бағыттар бойын­­ша қажеттілікті анықтай оты­рып, біз инвестициялар тарту жөніндегі ба­сым бағыттарды түсінеміз. Нәти­же­сінде, елуге жуық тауашалық жобаның инвестициялық пулын жинаймыз», — деді ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы алаңында аймақтағы инвестициялық жобаларды іске асыратын бизнес құрылымдары өкіл­дерімен кездесу барысында.  

Бұл орайда кәсіпкерлер экотуризм, ло­гис­­тика, қонақүй бизнесі, тері өңдеу, құс өсіру­ге байланысты жобалар бойынша ұсы­ныс-пікірлерін де ортаға салды. 
— Логистикадан басқа біз еліміздің әр­түр­лі өңіріне жемшөп жеткізумен айна­лы­са­­мыз. Өңірде құс етін өндірушілердің жоқ­­тығын көріп отырмыз. Менің жос­па­рым­­да осы бағытта өте үлкен жоба бар. Оны жү­зеге асыруда инвесторларды тарту үшін преференциялар туралы ақпарат қажет, — деді MR-Logistic Group ЖШС директоры Рус­там Мартасов.
Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, қаржыландыру мәселесінде «Бәйтерек» холдингі жанындағы даму институттары — өнеркәсіпті дамыту орталығы бар. Онда өңдеуші өнеркәсіп, оның ішінде агроөнеркәсіп кешені жобалары үшін 9 пайызға дейін жеңілдікті қаржыландыру көзделген. Ал инфрақұрылым бойынша арнайы экономикалық аймақ шеңберінде индустриялық аймақта бос жер учаскелерін іске асыру ұсынылмақ. 
Бүгінде Ақтөбе өңіріне инвестиция тартуда кедергі келтіретін проблемалық мәселелер де бар. Атап айтқанда, инфра­құры­лымның, шағын жобалар үшін белгілі бір преференциялардың болмауы бұл ба­ғытта іс жүргізуге кедергі келтіреді. Дегенмен өңір­де көптеген мәселені шешуге мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ ашу да жоспарда бар. 
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының ди­рек­торы Дидар Боранқұловтың айтуынша, инвесторлар үшін жағдай жасау және кә­сіп­орындарды ұлғайту — ортақ міндет. 
— Палата нақты көмек көрсетуге және жо­­­баларды жүзеге асыруға дайын. Мемлекет бас­шысы өз Жолдауында инвестициялық ахуал мен бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақ­сарту бойынша жұмыстың маңыз­ды­лығын атап өтті. Өңірімізде инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді жұмыс облыс прокуратурасының ерекше ба­­қылауында. Оның ішінде ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы тарапынан маңызды ин­вес­ти­ция­лық жобаларды сүйемелдеу «Жасыл дә­ліз» жүйесін енгізу шеңберінде өтеді. Бұл — ин­весторларға рұқсат беру құжаттарын алу, жер учаскелерін беру, инфрақұрылымды жүр­гізу және тұтастай алғанда бюрокр­а­тия­лық кедергілерді еңсеру мәселелерін ор­та­лықтан шешуге мүмкіндік береді. Ал мем­ле­кеттік органдармен осындай диалогтар өңір­дегі қолайлы іскерлік ахуалды дамытуға ықпал етеді, — деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Бизнес өкілдері палата алаңында өзекті мәселелер талқыланып қана қоймай, жер­гілікті атқарушы және мемлекеттік орган өкіл­дерінің қатысуымен мұндай пробле­ма­ларды жедел шеше алатыны да айтылды. 
Облыстың инвестициялық әлеуетін көр­сетуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жә­не өңір экономикасының негізгі сала­ларына отандық және шетелдік инвестиция­ларды тартуға бағытталған Aqtobe Invest-2024 халықаралық инвестициялық фору­мын өткізу биыл қазан айына жоспар­ланып отыр. 

Айару СЕРІК,
Ақтөбе облысы
 

Серіктес жаңалықтары