Халықтық штаб: АЭС – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық таза болашағының кепілі

Гүлнар Құраметова алдағы референдумда АЭС құрылысына қолдау білдірудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Халықтық штаб: АЭС – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық таза болашағының кепілі
Автор
Админ
273

Алматы облыстық Халықтық штаб Есік қалалық гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттерімен кездесті.

Кездесудің басты мақсаты – жастарға атом электр станциясы салудың маңыздылығын түсіндіру және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оны қолдау қажеттілігін көрсету.

Өңірлік Халықтық штаб мүшесі Бағдат Рахимов АЭС салудың Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екенін ерекше атап өтті.

«Қазіргі таңда еліміздегі электр энергиясының 70%-ға жуығы көмірден алынады. Бұл біздің экологиямызға үлкен зиян келтіруде және энергетика саласындағы тәуелділігімізді арттыруда. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 миллиард кВт/сағатқа жетеді, ал қолданыстағы станциялар бұл қажеттілікті өтей алмайды. Біз қазірдің өзінде Ресейден қымбат электр энергиясын сатып алуға мәжбүрміз, бұл біздің энергетикалық тәуелсіздігімізге қауіп төндіреді. АЭС салу – осы мәселелерді шешудің жалғыз тиімді жолы. Бұл біздің экологиялық таза және тұрақты энергетикаға қадам жасауымыздың белгісі, әрі болашақ ұрпаққа қауіпсіз және сенімді энергия көзін қалдырамыз», – дейді Бағдат Рахимов.

Кездесуде АЭС құрылысының қауіпсіздік шаралары да сөз болды. АЭС үшін қолданылатын III және III+ буын реакторларының қауіпсіздігі жоғары стандарттарға сәйкес келеді, және олар апаттардың алдын алу үшін арнайы жүйелермен жабдықталған. Студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап берген Халықтық штаб мүшелері олардың күдіктерін сейілтуге тырысты.

Ал Халықтық штабтың тағы бір мүшесі Гүлнар Құраметова алдағы референдумда АЭС құрылысына қолдау білдірудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

 «АЭС салу – бұл тек энергия тапшылығын шешу ғана емес, сонымен қатар еліміздің ғылыми және технологиялық әлеуетін арттыру жолындағы үлкен қадам. 6 қазан күні өтетін Республикалық референдумда әрқайсымыздың дауысымыз маңызды. Бұл – біздің болашаққа деген жауапкершілігімізді көрсетудің сәті. Біз әрбір азаматты АЭС салуға қолдау көрсетуге шақырамыз, себебі бұл жоба тек электр энергиясын өндіру ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. АЭС – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық таза болашағының кепілі», – дейді Гүлнар Құраметова.

Кездесу соңында студенттер мен оқытушылар АЭС құрылысының маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдірді. Жастар атом электр станциясының ел экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне тигізер пайдасы туралы сұрақтар қойып, өз көзқарастарын ашық айтты.

Серіктес жаңалықтары