Әбубәкір Қайран: Қазақ барда қазақы ұғым, қазақы таным жоғалмайды

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Әбубәкір Қайран: Қазақ барда қазақы ұғым, қазақы таным жоғалмайды
756

Оқырман үшін танымал қаламгерлердің өмір жолы да, шығармашылық лабораториясы, әдебиетке деген көзқарасы  қашан да қызығушылық тудырады. Өйткені ақын-жазушылардың өсу-қалыптасу жолдары әртүрлі. Белгілі ақын Әбубәкір Қайранмен сұхбатымызда осы айтылғандардың бәрін қамтуға тырыстық.

– Ақын аспаннан түспейді, адамдар арасында туып-өседі, қалыптасады. Сондықтан әр ақынды әдебиет әлеміне алып келетін жол оның жас кезінен басталатыны анық. Сізді сөз өнеріне ға­шық қылған қандай жағдай?

– Бұл – өзімді де іштей толқытып, толғандыратын, тіп­ті, өзіме өзім қоятын сауал. Өзің айтып отырсың ғой, ақын аспаннан түспейді деп. Рас сөз. Ең әуелі айта­тыным, адамның өнерге, қандай да бір кәсіпке қабі­летті болуы Жаратқаннан шығар. Бірақ адамның бойындағы дарынды қозғайтын, жандандырып-ұш­тайтын бір себептер, әсерлер болады ғой. Менің ақын болуыма әкем Рахметолла, шешем Биқан, сосын әкем­нің ағасы Жүніс атам себепкер деп ойлаймын. Десе де, менің көркем әдебиетке деген құштарлығымды оятқан ең үлкен ағам болды. Әкем де, Жүніс атам да ба­тырлар жырын, Шәкәрімнің поэмаларын, Міржа­қыптың өлеңдерін, «Зарқұм», «Салсал» секілді діни қиссаларды жатқа білетін. Тіліміз шыға бастағаннан әкеміздің, атамыздың әлгі жыр-дастандарды айтқа­нын, оны жұрттың алқа-қотан отырып тыңдағанын көріп өстік. Оны «сен де тыңдап отыр» демесе де бір­тін­деп санаңа құя береді екенсің, құштарлығың ояна береді екен. Сосын өзіңнің ыңғайың болуы керек. Мен 5 жасымнан бастап бүкіл әріпті оқып, жазып үйреніп алғам.

– Сіз Семейдің Ақсуатында дүниеге кел­генсіз ғой, әке-шешеңіз өткен ға­сыр­дың ортасында елге Қытайдан көшіп келген көрінеді?

– Иә! Әкем, Жүніс атам отбасымен 1955 жы­лы Қытайдың Шәуешек деген қаласының маңындағы Шағантоғай деген жерден елге өт­кен. Оларды бері өткен соң бірден пойызға са­лып, Қырғыз Республикасының Ош облы­сы­на апарып, мақта тергізіп қойған. Жүніс атам (ол кісі де, әкем де қолмерген, атбегі кі­сі­лер еді) сол қырғызға барған жерінде Сү­­­леймен деген кісімен дос болған. Мақта теру маусымы аяқталған соң біздің отбасы әлгі кісінің көмегімен, пойызға отырып Се­мей облысының Тарбағатай тауының бауы­рын­дағы Ақсуат ауданынан бір-ақ шыққан. Ол жерге қоныстанған соң кеңшар басшысы әкемнен қолыңнан не келетінін сұрап, әкем малға қатысты барлық шаруаны білетінін айтқан соң Ақсуат кеңшарындағы 55 түйені бір өзі бағып жүрген Мүлік дейтін ақсақалға кө­мекші қылып бекітеді. Сол Мүлік атам мен ту­ғанда кіндік атам болыпты. Анам он құр­сақ көтерген (біреуі арғы бетте сәби кезінде ше­тінеп кеткен) оның біреуі – қыз бала. Қазір со­дан қалғанымыз – қарындасым екеуміз ғана. Үлкен ағам Қалихан 48-жылғы. Одан соң Азатхан, Түсіпқали, мен. Менен соң Тұр­сынғали, Сіләмғали, Жақсыгелді. 

– Әлгінде, жазуды оқу, жазуды ерте үй­реніп алғам дедіңіз, оған кімнің кө­ме­гі болды?

– Жоғарыда айтып өткен Мүлік атамның То­ғайша деген қызы болды. Бәріміз Әйтәте (Әй-әй тәте деген сөз ғой) дейміз ол апайды. Әй­тәте менің 5 жасар кезімде Семейдің пе­ду­чилищесінде оқып жүрді. Бастауыш сынып мұ­ғалімі мамандығы ғой. Сол апай жазғы де­малысқа келгенде маған әріп үйрететін. Әріп­терді жерге сызып, қағазға жазып үйре­теді. Соған қатты қызығып, бір жазда-ақ әріп­­­­терді жазуды, оқуды үйрендім де алдым. Одан қалса маған «Әліппе» кітабын алып кел­ген. Әріпті үйреніп алған адам қарап оты­ра ма, «Әліппені» зуылдатып оқимын. С­олай­ша, мектепке бармай тұрып оқуды үй­ре­ніп алғам. Тоғайша апай келер жылы мұ­ғалім боп келіп, жасым жетпесе де мені 1-сынып оқушыларының арасына апарып отырғызып қоятын. Онымен қоймай, мені тақтаға шығарып жаздырады, оқытады. Ба­ла­ларға «Міне, көрдіңдер ме, әлі мектепке кел­меген бала қалай оқып, жазады» деп өз­ге­лерге үлгі қылып көрсететін. Осы күннің тілімен айтқанда, өзгелерге мотивация беру ғой.

– Содан кітапқа құмар болдыңыз ба?

– Құмар болдым. Қолыма кітап тисе оқи бере­мін. Сөйтіп жүргенде ауырып қалдым. Көз тиді ме, басқа жағдай ма, біле бермеймін ен­ді. Сол кезде Қалихан ағам маған мұқа­ба­сын­да қасқырдың ұлып тұрған суреті бар жұқа кітап әкеп берді. Ол Мұхтар Әуезовтің «Көк­серегі» екен. Ағам кітапты маған беріп тұрып, «Әбіш, мынау қазақтың керемет жазу­шы­сының қасқырдың бөлтірігін өсірген ба­ла туралы кітабы. Аяқ жағын оқығаныңда, бәл­кім, көңілің босап көзіңе жас келуі де ық­тимал. Бірақ саған ұнайтын шығарма. Осы­ны оқып шықсаң – ауруыңнан жазылып кете­сің» деді. Тез-ақ оқып тастадым. Әңгімеде баян­далатын оқиғалар маған қатты әсер етті. Тіпті, көзіме елестеді десем артық бол­мас. Содан бастап көркем әдебиетке бір­жола беріліп кеттім. Үйде кітап баршы­лық. Арасында Қалихан ағам жаңа шыққан кітап­тардан әкеп тұрады. Ол кісі мектепті кү­міс медальмен бітіріп, малдәрігерлік инс­титутына өз күшімен түсті. Бірінші курста оқып жүргенінде мені атқа жеккен шанамен аудан орталығына апарып, кітап дүкенін көр­сетті. Кітап дүкенінде кітап толып тұр, қап­таған кітаптарға таңырқап қараймын. Ағам маған қалаған кітабыңды ал деді. Бір құшақ кітап алып шықтым. Менің кітап­құ­мар­лығымды қолдағаны ғой, ағалық жүрек­ке тең келер нәрсе бар ма?
Ол кезде біздің ауылға әлі электр жа­ры­­ғы келмеген. Мен үшке келгенде кең­шардан 5-6 шақырым жердегі біз отыр­ған Түйебазға – екі отбасына арнап үй сал­­ған-ды. Бір жағында Мүлік ақсақалдың от­ба­сы, бір жағында біздер тұрдық. Сол кезде кітап­ты күндіз өзіміздің меншік қойымызды бағып жүріп оқысам, түнде ондық шамның жа­рығымен оқимын. Прозамен тұрмай, поэ­зия кітаптарын да оқыдым. Әке-шешеміздің жатқа айтатын өлең-жырларын көп естіген­нен, бәлкім, батырлар жырын көп оқығандікі шы­ғар, әйтеуір, 5-сыныпта жүргенде өлең жаз­ғым келетін болды. Жазып көрсем, тәп-тәуір сияқты. Содан өлеңдерімді хатпен «Қа­­­зақстан пионері» газетіне (қазіргі «Ұлан» ғой) жібере бастадым. Онда біраз жазған­да­рым басылған соң аудандық «Еңбек туы» газетіне жолдайтын болдым. Ондағы ағалар, «Мына өлеңдерің тәп-тәуір, ақынсың ғой өзің» деп, арқамнан қағып қанаттандырып газетке басты. 9-сыныпта оқып жүргенімде об­лыстық «Семей таңы» газетіне өлеңдерім ба­сылды. Осының бәрі маған әсер етіп, ақын болсам деген арман пайда болды. Мектепті бітірген соң КазГУ-дің Журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Қолтығымда бір папка жарияланған өлеңім бар, шығармашылық конкурсынан өттім. Әдебиеттен жазбаша ем­тиханға еркін тақырыпта Кәмшат Дөнен­баева туралы жаздым, ауызша емтиханнан да, жазбаша емтиханнан да «5» алып, тарихтан «4» алған соң, неміс тілінен болған ем­ти­ханда «ұшып» кеттім. Аттестатымда не­міс тілінен «4» қойылған ғой. Ол тілден оқыт­қан апайымыз тіл үйретуге онша мән бер­меді-ау деймін. Сабақта «Огонек» журна­лын­да шпиондар туралы жазылған мате­риал­д­арды оқып беретін бізге. Ол сабақта уақыт жақсы өткенімен, тіл үйрену жөніне қал­ды. Енді міне, сол кемшілік алдымнан шы­ғып тұр. Неміс тілінің толық курсын оқы­мады деген анықтама алып келгенде болады екен, біз оны қайдан білейік. Қашқанмен жан қала ма, амалсыз емтиханға кірдім. Ем­ти­ханда қысқа ғана мәтін берді, соны оқып, аудару керек. Отырып-отырып, түк бітірмей шығып кеттім. Сол кезде журфактың деканы Те­мірбек Қожекеев еді, сол кісінің «Әй, Қай­ранов, қайран кеттің-ау» дегені әлі құлағымда тұр.

– КазГУ-ге түсе алмасаңыз да Семей пе­­­динститутын бітіріпсіз. Ол жердегі өмі­ріңіз қалай өтті?

– Алматыда оқу бұйырмаған соң елге кел­дім. Мінезім тентектеу болған соң әкем бос жүрсе бұзылып кетер деді ме, тауда тас­тан қора салатындарға қосып жіберді. Күш та­сып тұрған жас кезіміз, тас қалаушы болып шы­ға келдік. Айлығы жақсы. Онда жүргенде де қол сәл босаса кітап оқимын. Өмірімде істе­ген қара жұмысым сол ғана болды. Келесі жы­лы Семейдің пединститутының фило­ло­гия факультетіне оқуға түстім. Сол жерде оқы­ғаныма әлі қуанамын. Өйткені маған әде­биеттің не екенін түсіндірген, ақынды­ғым­ды ұштаған Семей ғой. Ондағы ұстазда­рым қандай! Қайым Мұхаметқанов секілді мықты ғалымнан білім алдым. Ол кісінің сүйікті шәкірті болдым. Баласындай жақын бол­дым, үйіне де ертіп баратын. Семейдегі «Ер­тіс» қонақүйінің астында ресторан бола­тын. Қайым аға біз оқып жатқан аудито­рия­ның есігін ашып тұрып, «Қайрановты бо­сат­шы» деп мені сабақтан сұрап әкетіп, әлгі рес­торанға ертіп баратын. Несін жасырайын, аға­мыз екеуміз стакан да соғыстыратынбыз.
Қайым аға маған, сол кезде оқуға тыйым са­лынған Шәкәрім, Жүсіпбек, Міржақып, Мағ­жан туралы айтып, шығармаларымен та­ныстыратын. Ол кісінің әкесі Мұхаметхан ақ­сақал Алаш орда қайраткерлерімен бірге жүр­ген білімдар адам болған ғой. Репрессия ке­зін­де атылып кеткен. Ол кісінің үйінде Әли­хан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов се­кілді тұлғалардың бәрі болған. Қайым аға со­лардың бәрін көзімен көрген, әңгімесін ес­тіген адам ғой. Олардың төте жазумен шық­қан кітаптарын, суреттерін көрсететін. Мі­не, ол кісі маған солай ұстаздық етіп, алаш­шыл әдебиеттің рухын бойыма сіңіріп жіберді. 
Тағы да ұстаздарым туралы айтсам, тілді, әде­биетті терең игеруіме тілші ға­лым Қинаят Шаяхметовтің, әдебиет тео­риясынан дәріс оқыған Қуандық Фазылұлы Мәшһүр-Жүсіповтің, төте жазуды үйреткен Жұмағали Сәрсеновтің еңбектері мол. Со­ның арқасында студенттер арасында өтетін рес­публикалық білім олимпиадасына жылда қа­тысатын едім. Жүлдесіз қайтқан кезім жоқ. Төте жазуды сол кезде жақсы білетін едім, қазір жиі қолданып жүрмеген соң ұмы­та бастаппын. Кезінде сол жазумен ауылдағы ата-анама хат жазатын едім. Олар сол жазу­мен хат таныған адамдар ғой, баласының өздеріне таныс жазумен жазған хаттарын рахаттанып оқиды екен.
Ол кезде Семейдегі Абай музейінің ди­рек­торы белгілі әдебиеттанушы ғалым Төкен Иб­рагимов болатын. Өзі ауылдас, нағашы­лы­ғы бар. Музей – ол кісінің екінші үйі еді. Музейде кітап көп, керемет. Ол кісі мені үйіне шақырып тұратын. Бірде тағы үйге келіп кет деді. Бардым. Төкен аға Семейге атақ­ты ақын Өтежан Нұрғалиев келеді, соны кү­тіп алуымыз керек деді. Вокзалға бардық. Үс­тінде спорт киімі бар, шашы дудыраған, ке­лісті кісі екен. Өтекең Төкен ағаның Алма­тыда бірге жүрген досы екен мені ол кісіге таныстырды: «Мынау Әбубәкір Қайранов деген мықты жас ақын. Бұйырса, сенен де күш­ті ақын болайын деп тұр, бұдан қорық» деп әзілдеп қояды. Сосын Өтежан ағаны ко­нақ қылдық. Ондай атақты ақынмен алғаш дас­тарқандас болуым. Ағалар шараптан ма­ған да құйды. Ол кезде жаспыз, ұрттағанға ал­дыра қоймайтын кезіміз. Үлкендерден қа­лыспай сілтеп отырмын. Ағалардың кең­дігі ғой, мені бала демей, өздерімен тең са­най­ды. Сосын өлең оқытты. Дауылдатып, ек­піндеп оқимын. Өтекең о кезде «Жалын» ба­с­пасында редактор екен. Менің өлең­дерім­ді тыңдап, «тәп-тәуір жазады екен, мына ба­ланың кітабын шығару керек қой» деп ри­за болып отырды. Ертеңіне Өтежан ақын­ды Семейге қыдырттым. Сосын студент­тер­мен кездесу өткіздік. Сөйтіп, қазақтың бел­гілі ақынын сыйлап, шығарып салдық. Ол кез­де пединституттың ІІ курс студентімін. Өте­­кең Алматыға қайтқан соң ол кісіге өлең­­­­дерді жіберу қамына кірістік. Абай музейінде жазушы Кәмен Оразалиннің қызы Зере апайға екі қалың дәптер өлеңімді апар­дым, ол кісі сартылдатып басып берді. Сосын Төкен аға Алматыға іссапармен бара жатқан му­зейдің қызметкерінен өлеңдерімді беріп жі­бер­ді. Солайша, ІІІ курста Өтежан Нұрға­лиев ағамның шарапатымен қазақтың бір­не­ше дарынды ақынымен бірге менің де 1980 жылы «Бастау» деген кітабым шықты. Ол кітап туралы Ақылбек Манабаев, Мерғали Иб­раев секілді ақындар «Семей таңы» газе­ті­не кітабымды мақтап мақалалар шығарды. Сөй­тіп жүргенде Ақсуат ауданында кеңшар­лар арасында жергілікті өнерпаздар арасын­да байқау өтіп жатыр екен, соған барып, Ақ­суаттың жуан жұдырық бір жігітімен тө­бе­лесіп, милицияға түсіп қалдым. Онда үш күн жатып, аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы шығарып алды. Бірақ аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Семей пединс­ти­тутының ректорына мені қоғамдық орын­да тәртіпсіздік жасады, төбелесті деп хат жі­беріпті. Чернов дейтін ректор мәселемді өзі қарап, оқудан шығармақ болды. Бірақ фи­лология факультетінің студенттері тік кө­теріліп қарсы болды. Факультет деканы мен оқытушыларымның бәрі мені қолдады. Оқудан шығармады, бірақ ректор «оқуда қал­ғаныңа қуан» деп, мені жатақханадан шы­ғарып жіберді. Ол кезде жақсы оқитын сту­дент ретінде 50 сом көтерме стипендия ала­тын едім, одан да айырды. Сосын ақын Айбек Сапышев екеуміз пәтер жалдап тұр­дық. 

– Институтты бітірген соң аз ғана уақыт мектепте жұмыс істеген көрінесіз. Еркін жүріп қалған ақын адамға қиын болмады ма?

– ІІІ курста курстасым Гүлзияға үйлен­дім. Келесі жылы оқуды қызыл дипломмен бі­тіріп, жолдама бөлер кезде мені Алматы об­лысына жіберетін болды. Сирек кездесетін қы­зық жағдай: Семей пединститутының фи­лология факультетін бітіріп жатқан жас ма­манға бір жолдама келген, Алматы облы­сы­ның Ұйғыр ауданына. Соны маған берді (ол кезде тұңғышымыз дүниеге келген). Сөй­тіп, жүгімізді пойызға салып, Алматы об­лыстық білім бөліміне бардық. Жаны­мыз­да бізді апарып орналастырып қайтамын деген достар бар. Бірақ ол жер бізді Ұйғыр ау­данына емес, Күрті ауданына жіберетін бол­ды. Сонсоң жолдаманы қолымызға ұстап, Күр­ті ауданының білім бөлімінің бастығы Аман­беков деген кісіге жолықтық. Ол кісі маған «Өзің ақын екенсің, сені бір тамаша жерге жіберейін, өзен де сонда, аң да сонда» деп Топар деген кеңшарға жіберді. Ол жерге ба­рған соң Толқын деген мектеп дирек­торы­ның орынбасарының үйінде 5-6 күн тұрдық, сосын бізге 3 бөлмелі үй берді. Бір жарым став­ка сабақ берді мектептен. Топарда мен қатар­лы жастар көп екен, бәрімен достасып ал­дым. Адамдарының бәрі бауырмал, мейірбан. Тура, өзімнің туған ауылымдай болып кетті ол жер. 
Ол кезде асаба деген жоққа тән. Мен сту­­дент кезден кездесулерді жүргізіп үйрен­ген адаммын. Ауылда той басқарып, одан атағым Күрті ауданына белгілі болып, жан-жақ­тан той басқаруға шақырушылар көбей­ді. Тойда сөйлейтін адамдардың тізімін алып келіп тұрады. Кеңшардың басшыларымен де жақсы болдым. Олар мектептен шығып келе жатқанымды көрсе дереу кеңсеге шақырып ала­ды. Мені асаба ретінде танытқан да сол кі­­­сілер болды.
Бір жыл істеген соң келіншегім екеуміз ауылға бардық. Бір жастан өткен қызды ше­шем алып қалды, сендерге қолбайлау бол­ма­сын деп. Екінші оқу жылында Гүлзия да ме­к­тепке орналасты. Сосын мені кеңшардағы интернатқа меңгеруші етіп қойды. Жас кез, жұ­мысты үйіріп әкеттім. Негізі жас адамға қол жұмыс емес, сонда да тазалыққа мән бе­­ріп, интернатты түрлі плакат, транспарант­пен безендірдім. Бірде интернатты көруге келген баяғы Аманбеков ақсақал жұмы­сым­ды көріп мақтады, «Жас келсе – іске» деген, ин­тернат осындай таза, әдемі болуы керек қой» деп. Тек шашыма сын айтты, «педагог адамның мынадай шашы ұзын болмауы ке­рек» деп. Ол кезде шаштың артын жіберіп қоя­тын кез ғой. Шашымды қысқартқым кел­­­­­мейді, қидырсам, біртүрлі, сымпиып қа­ла­тын сияқтымын. Бір жағынан Алматыға кет­кім келіп жүр, бірдеңем жақпай қалып, жұ­мыстан шығарып жіберсе екен деген ой ғой, жиналыстан соң қасына барып «Аға ша­шымды қиғым келмейді, болар-болмас қыс­қартсам қайтеді» деп, ол кісі «Шашыңды қимай-ақ қой, жиналыста кішкене болса да сын айту керек, сосын айта салғам» дейді.

– Алматыға, әдеби ортаға қалай кел­діңіз? 

– Шарт бойынша екі жыл жолдамамен мек­тепте жұмыс істеген соң ішім ұлып, әдеби ор­таға аңсарым ауа бастады. Қалайда мек­теп­­тен кету керек. Алматыға келгенде Тұр­сын Жұртбай ағама соғып тұратын едім. Де­малыста ағамның үйіне барсам, ол үйге Ас­қар Егеубаев, Несіпбек Айтов, Баянғали Әлім­жанов үшеуі әйелдерімен қонақ болып ке­ліп отыр екен. Мәре-сәре болдық та қал­дық. Мен Алматыға келгім келетінін айттым. Дәл сол кезде Несіпбек Айтов «Балдырған» журналынан баспаға ауысқалы жатыр екен. Аға­лар мені соның орнына жұмысқа орна­лас­тырғысы келіп, дереу журналдың редак­то­ры Мұзафар Әлімбаевтың үйіне алып бар­ды. Мені Мұзағаңа таныстырды, өлең оқыт­ты. Ол кісі мені балаларға арнап шығар­ма жазуым керек екенін ескертті. Сөйтіп, аяқ ас­тынан 15 күннен соң «Балдырғанның» қыз­меткері болып шыға келдім. Гүлзия тағы бір жыл Топардағы мектепте мұғалім болды. Ал мен «Балдырғанда» 3 жыл істедім.
Мұғалім болып жүргенде түк өлең жаз­­бадым десем де болады. Күндіз жұ­мыста, кешкісін достармен жүру. «Балдыр­ғанда» балаларға арнап жазуды үйрендім. Кейін «Жалын» баспасына балалар әдебиеті бө­ліміне ауысып кеттім. Ол жерде талай бала­лар ақынының кітабын редакцияладым. Небір нашар авторлардың кітаптары жолын тауып жоспарға кіріп кетеді. Соларды кітап деңгейіне келтірем дегенше шашың ағарады...

– Басылымдарда, баспада редактор болу­дан не сабақ алдыңыз?

– Басылымдарда редактор болудың пай­дасы зор. Түрлі авторлардың туындыларын ре­дакциялап отырып, өз шығармаңа өзің сын көзбен қарауға үйренесің. Талғамың кү­шейеді. Өзіңді тәрбиелейсің! Бір сөзбен айт­қанда, баспада жұмыс істеуім маған үл­кен мектеп болды.

– «Қазақстан мектебі» қазақ педагог­тары­ның төл басылымы ғой. Онда да еңбек етіпсіз?

– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қа­зақ басылымдарына, баспаларына әсерін ти­гізді ғой. Барлық жерде тазарту жүрді, бізді де ретін тауып жұмыстан шығарып жіберді. Содан бір-екі жыл жұмыссыз жүрдім. Бірде «Қа­зақстан мектебі» журналында бір орын бар деп естіп, журнал редакторы Сайраш Әбі­­­­­шеваға жолығып, жұмысқа тұрдым. Ма­мандығым – мұғалім, педагогика мәселесі ма­ған жақсы таныс. Журналдың жұмысын тез игеріп кеттім.

– Енді шығармашылығыңыз жайлы әң­­гімелессек: баяғы «Бастауыңыз» бен «Маңдайдағы жазулар» (2003) атты кі­табыңыздың арасында ширек ғасырдай уақыт бар. Кітаптарыңыздың шығуына не кедергі болды?

– «Жалын» баспасынан кеткеннен соң, не­нің әсері екенін қайдам, басылымдарда өлең­дерім жарияланбады. Бәлкім, Желтоқсан оқиғасынан соңғы кездің әсері ме, кім білсін. Сол кезде ащы өлеңдер жаздым, ашып та, астар­лап та. «Албан Ұзақ батырдың ақырғы сөзі» деген өлеңім де сол кезде жазылды. Өн­діріп жазып, екінші тынысым ашылғандай бол­са да, ұсынған кітаптарым баспалардың цен­зурасынан өтпей, жеке кітап шығару мүм­кін болмай біраз жүрдім. Ортақ жинақ­тарға бір жарым, екі баспатабақтық өлең­де­рім енгізіледі, әйтеуір. Сөйтіп, еліміз тәуел­сіз­дік алғанына 12 жыл болғанда ғана «Маң­­­дайдағы жазуларым» шығып, жолым ашыл­ды ғой. Ол кітапты әдеби жыл қоры­тын­ды­сын­да баяндама жасаған белгілі ақын Сәкен Има­насов «Жыл кітабы» деп атады, 2005 жы­лы халықаралық «Алаш» сыйлығына лайық деп танылды. «Бастаудан» басқа кіта­бым шықпаса да, Жазушылар одағына 1990 жы­лы өттім. Сол кезде Мәскеуде өткен бү­кі­ло­дақтық жас ақын-жазушылардың жиы­ны­на Тұрсынжан Шапай, Гүлнар Салықбай бә­­­­ріміз қатыстық. Мұндай жиынның қоры­тын­дысында әр республикадан бір адамды КСРО Жазушылар одағына бірден қабыл­дай­ды екен. Соған орай, поэзия бойынша мен, проза бойынша Жүсіпбек Қорғасбек өтті. Егер сол кезде жолым болып кетпегенде, одақ­қа да кеш өтер ме едім, кім білсін.

– Шығармашылығыңызға әсер еткен ақындардан кімдерді айтар едіңіз?

– Әрине, ақын бірден қалыптаспайды. Елік­теу жолынан өтеді, өзгелерден көп үй­ренеді, сөйтіп дарыны болса өз жолын тауып кетеді ғой. Шығармашылық жолда өзіне тартатын ақындар болады. Оның бәрі заңды. Тұманбай Молдағалиевтің лирикасының нәзіктігі жүрегіме жылы тиетін. Ол кісі ма­хаб­батты көп жазды ғой, бірақ Тұмағаң жыр­ларын ұната тұра, махаббатты жазуға құш­тар болмадым. Ол кісіден жырдың жү­рекке әсер ететін жылы ағысты сіңірген шы­ғармын деп ойлаймын. Ал Қадыр Мырза-Әли­дің өлеңдері түзу кірпіш қалағандай мүл­тіксіз. Қадағаңдай жазуға талпынғандар көп болған шығар, бірақ сол жолда оны маңай­лай алғандар өте аз деп білемін. Тұма­ғаңды қайталауға болатын шығар, бірақ Қа­­­дағаңды қайталау өте қиын. Сосын сту­дент кезімде тереңдігіне таң қалдырған ақы­ным – Жұмекен Нәжімеденов болды. Тө­ле­ген Айбергеновтің кітабын оқушы ке­зім­де көріп, өлеңдерін жатқа оқитын едім. Оның атақты «Бір тойым бар» атты өлеңін асабалық жасағанда талай тойда оқыдым. Ал Жұматай Жақыпбаевтың студент кезімде қолыма түскен «Саратан» атты кітабын сүйіп оқыдым. Жұматайдан сұлу поэзияны көрдім. Жұмағаң мен Алматыға келгенде «Жалын» журналында істейді екен. Одақта таныстым. Өле-өлгенше жұбымыз жазылмады. Тіпті, қайтыс боларынан 4 күн бұрын, ауруханада жат­қанымда келіп, көңілімді көтеріп кет­кен... Мұндай жайлар туралы кезінде жазғам.

– Кейінгі жылдарда өндіріп жазып жат­қаныңыз байқалады.

– Құдайға шүкір, кітаптар шығып жатыр. Ба­лаларға арналған «Өскелең» деген кітабым шық­ты. «Жасыл жаңбыр» деген таңдамалым, екі томдығым жарық көрді. Өзге де бірнеше поэ­зия кітабым басылып шықты. Өткен жы­л­ы «Атамұра» баспасы «Жылдарым менің – жырларым» атты кітабымды шығарып берді. Кейінгі кезде новелла жазумен айналысып, бұл жанрда 20-дан артық туынды бітірдім. Олар­дан жинақталған «Күмән мен күнә» кі­табым мемлекеттік тапсырысқа қабыл­дан­ды. Қомақты қаламақы төледі. Одан кейін «Фолиант» баспасынан «Байтақ» деген қалың өлең кітабым «Абай жолы» сериясымен жа­рық көргелі жатыр. Сондай-ақ Abai бас­па­сынан «Қара қоныс, қара жұрт» деген кітап ба­сылып шықпақ. Сөйтіп, бұйырса, биыл үш кітабым оқырманға жетпек.
Жас келген сайын адамның жүрегі сал­­қындай бастай ма, кейінгі кез­дері лирикаға зауқым соға бермейтін бо­лыпты. Тарихи поэмалар жазуға ден қойдым. Олар­дың тақырыбы сонау Алтын Орда дәуі­рінен ашаршылыққа дейінгі кезеңді қам­тиды. «Кенесары» деген поэмамның өзі 100 бет­тік кітап болды. Алтын Орда дәуірі тура­лы «Үш арыстан» деген поэма жаздым. Үш арыс­тан деп отырғаным – Ақсақ Темір, Тоқ­тамыс, Едіге. Бұлар Алтын Орданың түбіне жет­кендер ғой, сол туралы айтылады поэ­мада. Жеті жарғы туралы «Низам» деген поэ­ма жаздым. Ол туынды Қазақ хан­дығының 550 жылдығына орай өткізілген әдеби байқауда жүлде алды. Қабанбай батыр туралы жазған «Ерасыл» деген поэмам бір кітабыма кірді. Шығармашылықтағы кейінгі жылдардағы жаңалығым осындай.
Жалпы, әдебиет деген жеке адамды ғана емес, ұлтты да тәрбиелейтін үлкен күш қой. Адам­дардың ішкі рухының мықты, жүрегінің жылы болуына әсер ететін, ел мен жерге де­ген махаббатын оятып, маздататын құ­ді­рет. Қазақ әдебиеті осы қасиетінен айрылмауын тілеймін.

– Кейінгі жастардың поэзиясын оқып тұрасыз ба?

– Менің негізгі оқитыным – әдеби басы­лым­дар ғой. Содан көріп тұрамын. Жалпы, жас­тардың жазғандары туралы асықпай зерт­теп оқып пікір айтпаса, бұл – бір өте нәзік, ше­тін мәселе. Өйткені, үстіртін пікір айтсақ, жас­тардың жан-дүниесін ауыртып алуымыз мүм­кін. Біреуін асыра мақтап «ауыртып» ал­сақ біреуін қаттырақ сынап, бетін қай­тарып алуымыз мүмкін. Сондықтан бұл мә­селеге өте сақ қарау қажет. Атүсті айта салу обал.

– Сіздердің кезіңіздегімен салыстыр­ған­да бүгінгі поэзияның қандай айыр­ма­шылығы бар?

– Айырмашылығы үлкен. Өткен ғасыр­дың 50-жылдарында Қасым Аманжолов поэзиясы біраз саясиланған қазақ жырына жаңа екпін әкелсе, 60-жылдардағы ақындар оны тереңдетіп әкетті. Одан кейін 70-80 жыл­дарда қазақ жыры өзгеше екпіндегі, азат­тыққа ұмтылған поэзия дер едім. Тәуел­сіздіктен бергі жерде поэзиямызға келген жас­тарда шетел әдебиетін оқуға ден қойып, өзге жаққа көз тіге бастады. Әрине, оның әсері болмай тұрмайды. Кей жастардың шет­ел поэзиясына еліктегені сонша, қазақ өлеңі­нің өзіне тән қасиетіне үрке қарайтын жағ­­­­дайға жеткен сияқты. Бұлыңғыр, күңгірт бір сарындар көбейді. Қазақ ақыны боламын де­ген адам ұлттық негізден айрылмауы ке­рек. Астарлы ой айту, өзінше жол салуға ұм­тыл­ған жақсы, бірақ тамыры басқа жақ­тан болса, ол өзге елдің туындысын аудар­ған­дай әсер етеді. Өздері үшін жаңалық, қан­ша тосын көрінгенімен, мұндай құбы­лыс­тардың бәрі өткінші деп ойлаймын. Қа­зақ барда қазақы ұғым, қазақы таным жо­ғал­майды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары