Павлодар облысында бүтін бір ауыл екі айдан бері сусыз отыр

Халық суды қаладан тасып ішуге мәжбүр

Павлодар облысында бүтін бір ауыл екі айдан бері сусыз отыр
Фото: astanatv.kz
333

Павлодар облысында бүтін бір ауыл екі айдан бері сусыз отыр. Бұған су тазарту стансасының істен шығуы себеп болған. Ал ауыл әкімі насосты істеу біздің құзыретімізге жатпайды дейді. Екі ортада тұрғындар қиналып отыр. Бұл туралы turkystan.kz Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақсу ауылдық аймағына қарасты Спутник ауылында бар- жоғы 300-дей тұрғын бар. Тіршілік нәрін ауылдағы су тазарту стансасынан алады. Алайда, оның өзі 2 айдан бері жұмысын тоқтатқан. Халық суды қаладан тасып ішуге мәжбүр.

«Ішетін суды дүкеннен сатып алам. Оның құны шамамен 300 теңге. Күнде су алуға ақша жоқ. Анамның үйінен барып әкелем. Ол тұщы суды тазартатын қондырғы қойған. Ай сайын 20 мың теңге төлейді. Ал ауылға тартылған су шаруашылыққа арналған. Тіпті, онымен кірде жуа алмайсың. Киімдер ағарып қалады. Су өте тұзды», - дейді Спутник ауылының тұрғыны Лариса Брус.

Ауыл халқы жаз бойы суды алыстан тасып ішіп келген. Енді қыс түссе тасып ішу де қиын болатынын айтады. Ал ауыл әкімі «су тазарту стансасы менің құзыретіме кірмейді» деп отыр.

«Су «Теміржол су Павлодардың» балансынан Ақсу қаласының коммуналдық балансына аударуға шешім қабылданды. Жаңғыртуға ақша бөлініп тұр. Соны мемлекеттік сатып алу жариялап, жөндеп Алла жазса, осы жыл деп отырмыз», - деді Достық ауылдық окрігінің әкімі Айгүл Бекбергенова.

Ауылда өткен ғасырда тартылған су құбыры бар. Бірақ, бұл тіршілік нәрі ішуге жарамайды. Тек шаруашылық мақсатта ғана қолдануға болады. Суға жауапты мекеме стансаны жөндеп, халыққа су беретін болды.

Серіктес жаңалықтары