Жамбыл облысында «Томирис ханыммен» кездесу ұйымдастырған мектепте тексеріс жүргізіледі

Жамбыл облыстық білім басқармасы мәлімдеме жасады.

Жамбыл облысында «Томирис ханыммен» кездесу ұйымдастырған мектепте тексеріс жүргізіледі
Коллаж Stan.kz
927

Жамбыл облысының білім басқармасы Тереңөзек ауылындағы “Томирис ханшайым” болып киінген емшіні құрметпен күтіп алған мектепте тексеру жүргізеді, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындарының "Томирис ханшайым" болып киінген әйелді салтанатты түрде қарсы алған видеосы желіде тарады. Желідегі видеолардың бірінен басына тәж киген әйелдің көйлегінің етегін бірнеше оқушының ұстап жүргенін көруге болады. Ал екінші бір видеода мектепке кірген әйелдің аяғының астына тұрғындардың раушан гүлдерін лақтырып жатқаны бейнеленген.

Видеоны жергілікті журналист Мадияр Ералыұлы өзінің желідегі парақшасында бөлісіп, мәселенің мән-жайы туралы жазба жариялады. Журналистің айтуынша, “Томирис ханшайым” болып киінген әйел Тереңөзек ауылының тумасы Гүлсара Суазқызы екен. Әйел өзін денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мишель Нострадамус атындағы проскопия ғылымдарының академигі деп таныстырған. Сондай-ақ ауыл мектебінің басшылығы әйелді қарсы алу үшін мұғалімдерден ақша жинағаны да анықталды. 

Желіде тараған ақпаратқа қатысты Жамбыл облыстық білім басқармасы мәлімдеме жасады. 

"Жамбыл ауданы Тұрар Рысқұлова атындағы орта мектеп басшылығының айтуынша, осы мектептің түлегі Көпбаева Гүлсара Суазқызы аз қамтылған отбасынан шыққан 100 оқушыға қайырымдылық көмек көрсетуді ұсынған. 2024 жылдың 29 тамызында Тереңөзек ауылының мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының қатысуымен іс-шара өткен. Мектеп басшылығы кездесу туралы жергілікті атқарушы билікке хабарламаған. Аталған мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілі, Жамбыл облысы әкімдігінің білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасы арнайы тексеріс жүргізіп жатыр", – делінген Жамбыл облыстық білім басқармасының хабарламасында. 

 

Серіктес жаңалықтары