Пәкістанның Пешавар қаласында жекеменшік мектеп ғимаратының шатыры опырылып, қайғылы жағдай болды. Салдарынан кемінде 28 бала мен екі мұғалім қаза тауып, 30-дан астам адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
The Express Tribune басылымының мәліметінше, Lady Reading Hospital ауруханасының өкілі Мұхаммед Асим қаза тапқандар арасында 13 жасқа дейінгі балалар бар екенін мәлімдеген. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Үйінді астында адамдар қалуы мүмкін болғандықтан, іздестіру шараларына Пәкістан армиясының әскери қызметшілері де жұмылдырылған. Құрбандар саны әлі де өсуі ықтимал.
Жергілікті полиция мектеп иесінің қамауға алынғанын хабарлады. Алдын ала болжам бойынша, шатырдың құлауына құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілуі себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.