Атыраудағы қайғылы оқиға: Ақбаян Мұқанғалиева әріптер мен сандарды қайта үйренуге кірісті

/
Атыраудағы қайғылы оқиға: Ақбаян Мұқанғалиева әріптер мен сандарды қайта үйренуге кірісті
azh.kz

Атырау облысының Жангелдин ауылындағы жантүршігерлік қылмыстан кейін ұзақ уақыт ем қабылдаған Ақбаян Мұқанғалиеваның қазіргі жағдайы белгілі болды. Ол денсаулығын қалпына келтіруді жалғастырып, қарапайым күнделікті дағдыларды қайта меңгеріп жүр, деп turkystan.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақбаян Мұқанғалиева – ата-анасы, ағасы мен әпкесінің өліміне кінәлі деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайы.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалардан Ақбаянның әріптер мен сандарды қайта үйреніп, тігін тігуге машықтанып, қолөнермен айналысып жүргенін көруге болады. Сондай-ақ ол үстел теннисін ойнап, дене белсенділігін біртіндеп арттыруға тырысуда.

Алайда денсаулығына байланысты оның ұзақ уақыт отырып жұмыс істеуі әлі де қиын. Сондықтан әрбір жаттығудан кейін үзіліс жасап, тынығуына тура келеді.

Ақбаян дәрігерлердің бақылауында болып, тұрақты түрде медициналық тексерулерден өтуде. Жақындары оған психологиялық және психиатриялық көмек көрсете алатын білікті мамандарды іздестіріп жатыр. Дегенмен әзірге тиісті мамандар табылмаған.

Бұдан бөлек, әйелге күрделі стоматологиялық ем қажет. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, оның 18 тісіне медициналық көмек көрсетілуі тиіс.

Айта кетейік, Ақбаян Мұқанғалиева – бес баланың анасы. Жарияланған суреттердің бірінде ол балаларымен бірге түскен. Ал әлеуметтік желідегі жеке парақшасының сипаттамасында "Бес баланың бақытты, мейірімді анасымын" деген сөздер жазылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар