"9,5 млн теңге бөлінген, бірақ жұмыс басталған жоқ": Депутат Арқалықтағы әуежайдың мәселесін көтерді

Берік Бейсенғалиев халықтың жақсы басталған іс аяқсыз қалып қоя ма деп алаңдап отырғанын жеткізді.

"9,5 млн теңге бөлінген, бірақ жұмыс басталған жоқ": Депутат Арқалықтағы әуежайдың мәселесін көтерді
сурет: parlam.kz / Жаслан Жумабеков
389

Депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев Арқалықтағы әуежайдың мәселесін көтерді. Оның сөзінше, қаражат бөлінгенімен, қандай да бір жұмыс әлі басталмаған. Бұл туралы ол Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында айтты.                                                                   

Өткен жылғы желтоқсанында біз бір топ депутат болып Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық логистиканы күшейту, туризм саласы мен шағын және орта бизнес жұмысын жандандыру үшін Арқалық қаласының бұзылып, жекенің қолына сатылып кеткен әуежайын қайта қалпына келтіру қажеттілігі туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдағанын айтқан Берік Бейсенғалиев әуежай төңірегінде қандай да бір тексеру жұмыстары мен іс-шаралар жасалып жатқанын көрмегенін жеткізді.

Сонда Үкіметтен әуежайдың жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен ұшу-қону жолағын, аэровокзалды және әуежай инфрақұрылымын тексеру үшін 9,5 млн теңге қаражат бөлінді және әуежай инфрақұрылымын қалпына келтіру және жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүргізудің орындылығы айқындалатын болады деген жауап келген. Одан бері міне 8 айдай уақыт та өтіп, біз бірнеше рет сол өңірге барып сайлаушылармен көптеген кездесулер өткіздік. Бірақ әуежай төңірегінде қандай да бір тексеру жұмыстары мен іс-шаралар жасалып жатқанын көрмедік. Керісінше, әуежайдың ауадай қажет екеніне одан сайын көз жеткіздік. Өңірдің алғашқылар қатарында су тасқынынан болған апатты басынан кешіргені белгілі. Сол кезде су ортасында қалып қойған ауылдарға авиакеросиннің жоқтығына байланысты басқа өңірлерден барған тікұшақтар дер кезінде жете алмай тұрып қалған. Сонымен қатар, Арқалықтан науқас адамды облыс орталығына жеткізбекші болған санитарлық авиация ұшағының апаттық жағдайда еріген қар суына қонып авиациялық оқиға орын алған. Бұл жағдайлар өңірде бір толыққанды әуежай болуының орындылығын сөзсіз айқындап берді, – дейді депутат.

Берік Бейсенғалиев халықтың жақсы басталған іс аяқсыз қалып қоя ма деп алаңдап отырғанын жеткізді. 

Оған қоса біздің былтырғы депутаттық сауалымыздағы әуежайды қалпына келтіру үшін жаңадан ұшу-қону жолағын салмай-ақ, бұрынғысын жөндеуден өткізіп, кіші және орта авиацияны қабылдауға инфрақұрылымдық нысандар салу жеткілікті болар еді деген сөзіміз де осы жазда расталды. Оған Чехиядан екі әскери жүк тасымалдаушы ұшақтарымен Арқалық ескі әуежайынан қалған орынға (кертағы) керқұландардың келуі дәлел бола алады. Осы жазда өңір сайлаушылармен кездесулер барысында бұл мәселенің жергілікті тұрғындар тарапынан көптеген рет көтерілуі оның маңыздылығы мен ерекше өзектілігін тағы да көрсетті. Халық жақсы басталған іс аяқсыз қалып қоя ма деген алаңдаушылықтарын ашық айтуда, деді депутат.

 

 

Серіктес жаңалықтары