«Dara» президенттік бастамалар қоры әлемдегі ең ірі өнер фестиваліне қатысты

Фестивальге жиналған жұрт Тайвань, Корея, Дания, Финляндия, Гонконг және басқа елдердің бағдарламаларын тамашалай алды.

«Dara» президенттік бастамалар қоры әлемдегі ең ірі өнер фестиваліне қатысты
«Dara» президенттік бастамалар қоры»
Автор
Админ
347

«Dara» президенттік бастамалар қоры Шотландияның Эдинбург қаласында өткен әлемдегі ең ірі өнер фестивалі Edinburgh Fringe-ге қатысты. 

Биыл Қор фестиваль аясында Қазақстанның бай мәдени мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру үшін «Fringe Fusion: Kazakhstan & Global Art Partnerships» атты іс-шараның өтуіне мұрындық болды. 

Қазақстанның креативті индустриясының әлемдік мәдени ландшафтқа қосатын елеулі әлеуеті бар. Мәселен, Қазақстан жаһан жұртшылығына инновациялық дизайн мен  музыкадан бастап, тарихи кино және заманауи өнер туындыларына дейінгі идеялар мен жобалардың кең ауқымын ұсынуға дайын. «Fringe Fusion» іс-шарасында Қазақстанды OzgeEpic, A. I. Theatre және ARTиШОК тәуелсіз театры сынды жетекші театр ұжымдарының арнайы шақырылған спикерлері қатысты. 

Іс-шараның бірінші бөлімінде Қазақстанның мәдени мұрасы мен шығармашылық ынтымақтастыққа бағытталған мүмкіндіктерін таныстырылса,  екінші бөлімінде панельдік пікірталас өткізілді. Бұл жиын кезінде Үндістан, Гонконг, Индонезия және Сингапурдан келген продюсерлер Қазақстанда туындаған шығармашылық бастамаларға қызығушылық танытты. 

Мәдени алмасу және ынтымақтастық перспективалары жайлы пікірталасты Даниядан келген халықаралық орындаушылық өнер бағдарламаларының жетекшісі Karen Toftegaard жүргізді.

«Қор Қазақстанның креативті экономикасының өсуі үшін қолдау құралдарын белсенді дамытуды жоспарлап отыр. Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы таланттарға назар аударуға және олардың тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға ықпал ететін халықаралық серіктестік құру», – дейді Қордың коммуникациялар және маркетинг бөлімінің директоры Бибігүл Мақажанова. 

Фестивальге жиналған жұрт Тайвань, Корея, Дания, Финляндия, Гонконг және басқа елдердің бағдарламаларын тамашалай алды. Осы ретте бұған дейін Қазақстан мен Орта Азия мұндай іс-шараларға сирек қатысқанын айта кету керек. 

«Жетекші мәдени алаңдармен халықаралық әріптестікті нығайту – Қазақстанның креативті индустрияларына деген қызығушылығын айтарлықтай арттырмақ. Креативті жобаларды дамыту оларды әлемдік шығармашылық кеңістікке біріктіруге ықпал етеді. Дегенмен, шетелдік алаңдармен тығыз ынтымақтастық нәтижелері уақытты талап етеді, бұл қажетті әрі жүйелі процес», – дейді Қор президенті Әсел Шілдебаева.

Жаһандану жағдайында Қазақстан мен Орталық Азияның мәдени бірегейлігін алға жылжыту басты міндетке айналды. Алайда аймағымыздың әлемдік мәдениетке қосқан елеулі үлесіне қарамастан, біз әлі де жаһандық мәдени диалогтан шеттеліп жүрміз.  Осы орайда Қор Қазақстанның креативті кәсіпкерлерінің дамуына ықпал ететін тәуелсіз экожүйені құруда белсенді жұмыс атқарып, бұл жағдайды өзгертуге ұмтылады. Себебі халықаралық креаторлармен ынтымақтастық орнату мәдени алмасу мен өзара түсіністікке ықпал ете отырып, халықаралық қатынастарды нығайтуға әсер етеді.

Серіктес жаңалықтары