Екібастұзда 5 жастағы бала ацетон еріткішін ішіп қойған
Балабақша тәрбиешісінің көмекшісі химиялық сұйықтық құйылған бөтелкені жуынатын бөлмеде қалдырып кеткен.
Екібастұз қаласында 5 жастағы бала ацетон еріткішімен уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады turkystan.kz сайты Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балаға 15 тамыз күні сағат 16:51-де Мәшһүр Жүсіп көшесі, 76/1 мекенжайындағы балабақшаға «жедел жәрдем» шақырылған. Дәрігерлер алдын ала химиялық улану (ацетон) диагнозын қойып, асқазанды тазалаған.
Білім беру бөлімінің мәліметінше, қызметтік тексеру барысында балабақша тәрбиешісінің көмекшісі химиялық сұйықтық құйылған бөтелкені жуынатын бөлмеде қалдырып кеткені анықталды. Кәмелетке толмаған бала бөтелкені алып, бір жұтым ішкен.
– Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады, – деп түсіндірді Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Науқас Екібастұз қалалық ауруханасында орта дәрежедегі жағдаймен бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі таңда толық дәрігерлердің бақылауында.