FlyArystan басшысы қызы әуежайда жалғыз қалып қойған анадан кешірім сұрады
Қыздың анасы мен әпкесіне жыл соңына дейін Қазақстан аумағында ұшу құқығын беретін сертификаттар берілді.
FlyArystan компаниясының бас директоры Ричард Леджер Астана әуежайында рейске кіргізілмей, жалғыз қалып кеткен 12 жастағы қыздың анасымен кездесті.
12 жастағы қызды әуе компаниясының қызметкерлері ұшаққа кіргізбей, елордада жалғыз қалдырған еді. Әуе компаниясының басшысы қыздың анасы Жазира Мусинамен кездесу үшін Оралға ұшып барды.
"Әуе компаниясының басшысы 2024 жылдың 21 шілдесінде КС 7367 рейсіне міну кезінде Астана әуежайында қалған Зере Ғалиеваның анасы Жазира Мусинадан кешірім сұрау үшін Оралға ұшып барды", – делінген хабарламада.
Ричард Леджер Зере Ғалиеваға, оның әпкесі Заураға және анасы Жазираға FlyArystan компаниясымен 2024 жылдың соңына дейін Қазақстан аумағында ұшу құқығын беретін сертификаттар тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін FlyArystan әуекомпаниясы 12 жасар қызды рейске мінгізбей, жалғыз өзін өзге қалада қалдырып кеткен еді. Оқиғадан кейін қыздың анасы әуекомпанияның қызметіне наразылық білдірген.