Цифрлық теңге жемқорлықты жеңе ме?

Цифрлық теңге былтыр, 15 қарашада іске қосылған болатын. Енді оны бюджет қаражатын жұмсауға пайдалануға байла­ныс­ты сынақтан өткізу туралы шешім қабылданды.

Цифрлық теңге жемқорлықты жеңе ме?
www.istockphoto.com
1239

Бөлінген қаражатты басқа мақсатқа жұмсауға болмайтындай етіп «таңбалап», әр тиынды қадағалауға болады. 
Ертегі секілді естіледі, дегенмен былтыр жыл аяғында іске қосылған цифрлық теңге мемлекеттік сатып алу мен әлеуметтік төлемдер жүйесінде сынала бастады. Осылайша, бюджет қаражатының талан-таражға түспей, тек өз мақсатында пайда­ланылуын бақылауға мүмкіндік туады деген үміт бар.
Жақында Ұлттық Банк цифрлық теңге арқылы бюджет қаражатының жұмсалуын таңбалайтын пилоттық жоба бас­талғаны туралы мәлімдеме жасаған еді. 
Ақша қалай «таңбаланады»? Бұл тетік нақты қандай жобаларға қолданылмақ? Цифрлық теңгемен жемқорлықты жеңу мүм­кін бе?

Құрылысқа бөлінген қаражат қадағаланады


18 шілдеде Ұлттық Банк цифрлық теңге бюджет қаражатын таңбалауға қолданыла бас­та­ғаны туралы хабарлады. Ұлттық цифрлық валю­таны енгізудің екінші кезеңі аясында цифр­лық теңге «Достық-Мойынты» теміржол учас­кесін салуға жұмсалмақ. 
Ұлттық Банктің мәліметінше, цифрлық тең­гені бағдарламалау технологиясы қаражатты ба­қылауға және тиімді жұмсауға мүмкіндік бе­реді. Нақтырақ айтқанда, цифрлық теңге плат­формасында жобаны қаржыландыруға бөлінген ақшаға таңба қойылды. Таңбаланған цифрлық тең­ге қажетті міндеттемелерді толық көлемде ор­ын­даған ұйымдардың атына ғана төленеді.Демек, теміржол учаскесіндегі құрылыс жұмыстарына жұмсалуы керек қаражат то­­­­­­­­лық цифрлық теңгеде бөлінетін болады, сонымен қатар қатаң бақыланады. 
– Осылайша, таңбалау технологиясы бөл­інген қаражаттың түпкі мақсатынан тыс, басқа бағытта жұмсалып кету қаупін азайтады. Сондай-ақ мемлекеттік қаржы жұмсаудың айқын және тиімді болуын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Пилоттық жобаны «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» және «Қазақстан Ха­лық Банкімен» бірлесіп іске қосты. Пи­лоттық жобаны дамыту аясында цифрлық тең­гені таңбалау үшін эталондық дерек­көздерді (ақпараттық жүйелерді) кеңейту, нарыққа қатысушылардың (екінші деңгей­лі банктердің) санын кеңейту және Ұлттық қордың қаражатынан қаржыландыры­латын өзге де жобаларға арналған плат­фор­маны пайдалану жоспарланып отыр, – деп айтылған хабарламада.
Сонымен қатар ресми ақпаратқа сүйен­сек, Үкімет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп ауыл шар­уа­шылығы, құрылыс салаларына бө­лінген бюджет қаражатын жұмсау, сондай-ақ мемлекеттің қолдау шараларын цифр­лан­дыру бойынша бірқатар пилоттық жоба іске асырып жатыр. Салықты басқару са­ла­сын цифрландыру, ұлттық цифрлық валю­та­лардағы трансшекаралық есеп айырысу және цифрлық активтер саласындағы есеп айырысу бойынша пилоттық жобаларды іске қосу да жоспарда бар екені айтылады.   
Демек, пилоттық жоба, яғни сынақ аяқ­та­л­ған соң нәтижесі талданып, цифр­лық теңге басқа да салаларды қаржылан­дыруға қолданылмақ. Цифрлық теңгені енгізудің екінші кезеңінің есебі 2024 жыл­дың аяғында беріледі. Нақты нәтиже сол кезде анық болмақ. Бұған дейінгі бірінші кезеңде цифрлық теңге мектепте оқушы­лар­дың тегін тамақтануын ұйымдастыруда қолданылған болатын.

Бірінші кезең оң қорытындыланды

Былтыр Алматыда мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруға арналған «цифрлық ваучерлер» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба балаларды тамақтандыруға бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын бақылауға бағытталған еді. 
Биылғы наурызда Алматыда қалалық «Антикор орталығы» алаңында мемлекеттік органдар мен сарапшылар жаңа жүйені талқылап, пилоттық жоба нәтиже беріп жатқаны айтылған болатын.
– Цифрлық ваучер жобасының негізде­месі сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­саттың тұжырымдамасында көзделген. Ол 2022-2026 жылға бағытталған. Үш айдың ішінде жобаның тиімділігі және білім саласындағы бюджет қаражатының жұмса­луына оң әсерін тигізетініне сенеміз. «Цифрлық ваучердің» тәжірибесін әрі қа­рай басқа да облыстарға кеңінен таратуға ұс­ын­ыс берілді, – деген еді Алматы қала­сындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-­қимыл департаментінің басшысы Арман Рахымов.
Енді жобаның нақты қандай нәтиже бергеніне тоқталсақ, 3 ай сынақ мерзімі кез­інде тегін тамақпен қамтамасыз етілген 645 баланың 60-қа жуығы асханаға мүлдем бармағаны анықталған. Қала бойынша бастауыш сынып оқушыларын тамақтан­дыру үшін шамамен 20 млрд теңге бөлінген. 
Сарапшылар цифрлық жүйені барлық мектепке енгізсе, бюджет қаражатын ай­тар­лықтай үнемдеуге болады деген қоры­тындыға келген. 

Жемқорлықты жеңе аламыз ба?

Иә, бұл бастама бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге сеп болады. Бірақ жемқорлықты толықтай жоюға көмекте­седі деу, әлбетте, утопия болар еді. Мұны бұған дейін Ұлттық төлем корпорация­сының басшысы Бинұр Жаленов те айтқан болатын. Оның сөзінше, цифрлық теңгені бағдарламалау мүмкіндіктері мемлекеттік шығындардың тиімділігін және айқынды­ғын арттыруда маңызды құрал болмақ. Яғни, цифрлық теңгедегі бюджет қаража­тын мақсатты пайдалану үшін белгілеуге болады, ал белгі бюджет қаражаты жұмсал­ған­нан кейін жойылады. Бұл, бір жағынан, мемлекеттік шығындарды бақылауды қо­ғам мен мемлекеттік органдардың бақы­лау­ына мүмкіндік береді, ал екінші жағы­нан, азаматтардың конституциялық құ­қы­ғы­ның бұзылмауына кепіл болады.
– Белгілі бір мақсатта пайдалану үшін бөлінген кейбір цифрлық теңгеге нақты қайда және не үшін аударылатынына белгі қоюға болады. Қаражатты сол мақсатта пайдаланғаннан кейін бұл белгі автоматты түрде алынып қалады және осыдан кейін бұл цифрлық теңге тізбекте ары қарай бақы­ланбайды. Біздің серіктестермен бұл құралды тиімді пайдалану үшін өте көп әдістемелік жұмыс жүргізу қажет. Әрине, цифрлық теңге – жемқорлыққа қарсы панацея емес, бірақ бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін құрал, – деген еді Бинұр Жаленов Ұлттық Банк брифингінде.
Бұл бастаманың жұмыс істеу механи­змі­не нақтырақ тоқталайық. Мәселен, Үкімет мектептердің инфрақұрылымын жақсарту үшін қаражат бөлді делік. Бұл қаражат мектептердің цифрлық әмиян­дарына аударылады және оған «Мектеп инфрақұрылымы» деген «таңба» қойылады. Мектеп әкімшілігі қаражатты құрылыс ма­териалдарын сатып алуға жұмсағанда, әр­бір сатып алу транзакциясы блокчейнде тіркеледі. Орталық банк немесе білім басқармасы мониторинг жүйесі арқылы барлық транзакцияларды бақылап отыра­ды. Жыл соңында барлық транзакциялар талданып, есеп беріледі, сәйкесінше әр тең­генің қайда кеткені анық көрінеді, өйткені ізі анық қалып отырады.

Әлем бетке алған бағыт

Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою және қаржы операцияларының ашықты­ғын арттыру мақсатында орталық банктер­дің цифрлық валюталары әлем бойынша маңызды құралға айналып келеді. 
Көптеген мемлекет осы технологияны енгізу арқылы экономикалық тұрақтылық­ты қамтамасыз етуге және заңсыз әрекет­тер­ді азайтуға тырысып көрмек.
Мәселен, Қытайда цифрлық юань бел­сенді түрде сынақтан өткізіліп, қолданысқа енгізіліп жатыр. Цифрлық валютаның арқа­сында барлық транзакциялар толық­тай ашық болады, бұл жемқорлық пен заңсыз әрекеттердің мүмкіндігін азайтады. Қытай үкіметі цифрлық юань арқылы қаржы операцияларын тиімді бақылап, сы­байлас жемқорлыққа тосқауыл қоя ала­мыз деген үмітте.
Багам аралдарында «Сэнд доллар» деп аталатын цифрлық валюта енгізілді. Бұл жүйе арқылы билік ақша ағындарын бақы­лап, күмәнді транзакцияларды анық­тай алады. 
Швецияда e-Krona жобасы жүзеге асыр­ылып жатыр. Цифрлық крона арқылы ел би­лігі ақша ағындарының ашықтығын қамтамасыз етіп, салықтан жалтару және жемқорлық қатерін азайтпақ.
Нигерияда eNaira жобасы қолға ал­ынған. Бұл жоба арқылы ел цифрлық валю­таны пайдаланып, қаржы операция­ларын барынша арттырып, жемқорлықпен күресу мүмкіндігін зерттеп жатыр. 
Гана да eCedi жобасын қарастыруда, ол ақша ағындарын бақылап, жемқорлық дең­гейін төмендетуге бағытталған.
Дегенмен цифрлық теңгені айналымға енгізу үлкен күш-жігер мен мұқият жоспар­ды талап етеді. Сондықтан оны толықтай енгізіп, нәтижесін көру де аз уақыт алмай­тыны анық.
Жалпы, алдағы бағыт-бағдар, «Достық-Мойынты» теміржол учаскесін салуда цифр­лық теңгені қолдану туралы Ұлттық Банк қызметкерінің мәлімдемесін назар­ларыңызға ұсынамыз. Сонымен қатар тә­-
у­­елсіз сарапшы маманнан цифрлық теңгені жемқорлыққа қарсы күресте қолданудың мүмкіндіктері мен болуы мүмкін сын-қатері туралы сұрап-білген едік.

Аңсар Қалибаев, ҚҰБ төлем жүйелері департаментінің жетекші экономист-маманы:

Бюджет қаражатын жұмсауда цифрлық теңгені қолдану ауқымы кеңейтілмек

– Цифрлық теңге не себепті мемлекет­тік сатып алуда қолданылады? Жақында ғана цифрлық теңге платформасында ал­ғаш рет қаражат таңбаланды. Бұл қаражат «Достық-Мойынты» теміржол құрылысын салуға жұмсалады. Жеткізу тізбегінің бар­лық кезеңінде, соңғы жеткізуші мен мер­дігерлерге дейін таңбаланған цифрлық тең­гемен есеп айырысады. Таңбалау техно­логиясы бөлінген қаражаттың өз мақсатын­да пайдалануын бақылауға мүмкіндік бер­еді. Демек, ақшаны тек қажетті материал сатып алуға, атқарылған жұмыс пен қыз­мет ақысын төлеуге, сондай-ақ жалақы бе­ру­ге жұмсауға болады. Құрылыс аяқтал­ғанша қаржыны пәтер, машина сатып алу­ға жұмсап қою мүмкін болмайды. Бұл – пилоттық жоба. Кейін бюджет қаражатын жұмсауда цифрлық теңгені қолдану ауқымы кеңейтілмек. Мәселен, ауыл шар­уашылығы, құрылыс салаларында да қол­дан­ыла­тын болады.

Арман Бейсембаев, қаржы сарапшысы:


Әр тиынды бақылауға болады

– Цифрлық теңге былтыр, 15 қарашада іске қосылған болатын. Енді оны бюджет қаражатын жұмсауға пайдалануға байла­ныс­ты сынақтан өткізу туралы шешім қабылданды. Негізі, бүкіл әлем осы бағытқа мән беріп, жұмыс істеп жатыр. Мәселен, цифрлық еуро жобасы әзірленіп жатыр. Қытай цифрлық юаньды іске қосқанын және оны белсенді түрде сынақтан өткізіп, күнделікті өмірде қолданысқа енгізіп жатқанын білеміз. Яғни, 2030 жылға дейін көптеген ел цифрлық валютаға көшеді деп күтілуде.
Ең алдымен, цифрлық теңге басқа ақша формаларынан несімен ерекшеленеді? Ол тек цифрлық түрде ғана болады. Яғни, вир­ту­алды валютаның физикалық тасы­мал­даушысы жоқ. 
Екіншіден, цифрлық теңге крипто­валютаға өте ұқсас. Негізі, ол – сол крип­то­ва­лютаның өзі. Тек, оны Ұлттық Банк шы­ғарады. Яғни, егер кәдімгі крипто­валютаның негізгі реттеушісі, белгілі бір криптоактивтің эмитенті болмаса, цифр­лық теңгеде ол бар. Цифрлық теңгенің бас­ты эмитенті, бенефициары және басты реттеушісі – Ұлттық Банк. 
Енді, цифрлық теңге қалай жұмыс іс­тейді? Басында айтып өткендей, ол крип­товалюта сияқты блокчейн негізінде жұ­мыс істейді. Блокчейннің ерекшелігі – крип­тография, яғни ол блоктардың тізбегі. Бірнеше валидаторлары бар, олар тізбек­тердің дұрыс болуын қадағалайды. Яғни, әрбір жазба блок ретінде тіркеледі. Блок­чейн жүйесіне кіру және оны өзгерту өте қиын, себебі жүйе қателіктерді автоматты түрде анықтайды. Егер өзгертсеңіз, тізбек құрылмайды, қате болады. Блокчейн ано­ним­дікті және толық ашықтықты қамтама­сыз етеді. Бұл әрбір цифрлық теңгенің қай­дан және қайда кеткенін бақылауға мүмкіндік береді.
Кәдімгі ақшаны бақылау, әсіресе қолма-қол ақшаның қайда кеткенін, қандай мақсатқа жұмсалғанын бақылау қиын. Тек, жалпы транзакцияларды көруге болады. Бірақ цифрлық валюта әрбір бірліктің қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Әрбір ақша бірлігі, әр тиын нақты белгіле-
н­еді және оның қайда кеткенін қадағалауға болады. Транзакцияның бүкіл тізбегін қадағалай аласыз. Мысалы, орталық банк белгілі бір цифрлық теңгені шығарып, оған қол қояды. Бұл қаражат банкке түседі, банк өз қолын қояды, кейін клиентке төлейді, клиент өз қолын қояды. Клиент дүкенде тауар сатып алғанда да қол қояды, сатушы да қол қояды. Осылайша, бүкіл тізбекті қа­да­ға­лауға болады. 
Бұл бюджет қаражаттарын тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Цифрлық теңге арқылы мемлекеттік бюджеттің қаражатын мақсатты пайдалануды бақылау оңай бола­ды. Мысалы, мемлекеттен бөлінген қаржы әрбір кезеңде тіркеліп, цифрлық қолтаңба­мен расталады. Мысалы, милли­ард цифр­лық теңге бюджеттен белгілі бір әкімдікке түсті, әкімдік оны әртүрлі мақсатқа жұ­мсауы керек делік. Мысалы, 100 миллион тең­ге – балабақша салуға, 10 миллион – ойын алаңын салуға, 10 миллион – жалақы төлеуге, тағы 10 миллион жол салуға неме­се жөндеуге және тағы да басқа. Осы мақ­сат­тан басқа бағытқа кетпеуі үшін әр тр­ан­закцияны бағыттаған жеріне ғана түс­е­тін­дей етіп бұғаттауға да болады. 
Әрине, цифрлық валютада да хакерлік қауіптер бар. Бірақ бұл –киберқауіпсіздік мәселесі, яғни басқа тақырып, басқа әңгіме. Қолма-қол ақша сияқты, цифрлық валюта­ны да ұрлауға болады. Дегенмен цифрлық валютаның ашықтығы оны қадағалауды жеңілдетеді. Кейбір жағдайларда оларды араластырып, ізін жасыруға болатыны туралы айтылады, бірақ бұл әдістердің тиімділігі және қаншалықты мүмкін екені нақты анық емес.
Ал жалпы цифрлық валютаны пайдала­ну жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді деп есептеймін. Бұл – мемлекет қаражатын ашық әрі нәтижелі пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді құрал.

Мұрат Қастаев, экономист:

Бұл тетікті жемқорлықпен күрестің тек қосымша құралы ретінде қарастыра аламыз

Цифрлық валютаның жемқорлыққа әсері дүние жүзінде әлі зерттелмеген. Жалпы цифрлық валютаны әлемде 3 кішігірім ел енгізіп, тағы 36 ел (Қазақстан да олардың қатарында) пилоттық жобаларды іске асырып жатыр. Бұл тетікті жемқорлықпен күрестің тек қосымша бір құралы ретінде қарастыра аламыз. Ал жалпы жемқорлықпен күресудің ең тиімді және жемісті жолдары – ол саяси реформалар мен бостандық, биліктің барлық деңгейлерінің тікелей халықпен сайлануы, биліктің халық алдында ашық және толық есеп беруі, тәуелсіз және кәсіби біліктілігі жоғары сот жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдарының толық бостандығы. Осының бәрін тиісті дәрежеде дамыта алсақ, цифрлық валютасыз-ақ жемқорлық деңгейін бірнеше есе төмендетуге болады. Сондықтан, алдымыздағы бірнеше жыл ішінде жемқорлықпен күрес елеулі нәтижелерге қол жеткізеді деп үміттенуге болмайды.

Қорыта айтқанда, цифрлық теңге бюд­жет қаражаты ашық әрі тиімді жұмсауға, оны қадағалауға мүмкіндік бере алатындай әлеуетке ие. Бұл механизм блокчейн, см­арт-келісімшарттар және мониторинг жүйе­лерінің үйлесімі арқылы жүзеге асады. Әрине, белгілі бір сын-қатер, қауіп болуы да ықтимал, оны ешкім жоққа шығара ал­майды. 
Яғни, бұл бастама жемқорлықты тыюға сеп болуы мүмкін, ал түп-тамырымен жою­ға көмектеседі деу, әрине артық. Деген­мен іске асар болса, бюджет қаражатының жұ­мса­луын ашықтық етуге айтарлықтай үлес қосатыны анық.

Серіктес жаңалықтары