Майқайыңдағы апат: Автобус жүргізушісінің денесі табылды
Бүгін сағат 16.20-да соңғы құтқарушы - жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі табылды.
Майқайыңдағы шахтаға құлап кеткен соңғы құтқарушының денесі табылды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлім етті.
Бүгін сағат 16.20-да "Майқайың-алтын" АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде соңғы құтқарушы - жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі табылды. Құтқарушының денесі жоғары көтеріліп, сараптама жүргізу үшін жедел-тергеу тобына берілді, - деп жазды өңір әкімі Желідегі парақшасында.
4 қаңтар күні Майқайың кенішінің жанында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС құтқарушылары отырған автобус құлап кеткен болатын. Осы қайғылы оқиғадан кейін 7 ай уақыт өтті.
Осы уақыт ішінде, қаза болған жандардың туыстары сияқты, біз де жоғалған құтқарушыларды табамыз деген үмітте болдық. Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмға иман байлығын берсін. Жоғалған адамдарды табу үшін күндіз-түні жұмыс істеген барлық жанға алғыс айтамын. Өкінішке қарай, адамдарды құтқаруға деген үміт қайғыға алмасты, - деді Байханов.
Еске салсақ, 4 қаңтарда шахтаға құлап кеткен автобустың ішінде төрт құтқарушы болған еді. Олардың екеуінің денесі сол күні табылып, жер қойнына тапсырылды. Кейін бір жарым айға жалғасқан іздестіру жұмыстары қауіптің жоғары болуына байланысты тоқталып, маусым айында қайта жанданды.
19 шілде күні мамандар тағы бір құтқарушы Айдос Шаймерденнің денесін тапты. Ал 55 жастағы төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылмаған болатын.