БҚО-дағы жылу магистральдарын жөндеуге 4,9 млрд теңге бөлінді

Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

БҚО-дағы жылу магистральдарын жөндеуге 4,9 млрд теңге бөлінді
istockphoto.com
568

Алдағы жылу беру маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін ҚР Үкіметінің резервінен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне шамамен 4,9 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қаражат Орал қаласындағы екі жылу магистралін реконструкциялауға бөлінеді. Олар тәуекелдің «қызыл аймағындағы» 19 жылу көзінің тізбесіне кіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке оларды басым тәртіппен жаңғыртуды тапсырған болатын.

Премьер-Министр Олжас Бектенов биылғы ақпан айында өңірге жұмыс сапары барысында әкімдікке көп кідірмей реконструкциялауды талап ететін жылумен қамту нысандары бойынша құжаттама дайындауды тапсырған болатын. ТМ-5 және ТМ-2 жылу магистральдары бойынша жобалар дайындалды.

Орал қаласындағы ұзындығы 1,6 шақырым болатын ТМ-5 жылу магистралі 1987 жылы пайдалануға берілген, оның тозуы 80%-ды құрайды. Жөндеу жұмыстарына 574 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Екінші жоба 4 шақырым ТМ-2 жылу магистралін реконструкциялауды қамтиды, оның тозу деңгейі – 75%. Жобаны 4,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Екі учаскеде де күрделі жөндеу бұрын соңды жүргізілмеген. • Бөлінген қаражат 106 көпқабатты үй мен 20-ға жуық әлеуметтік нысанды, яғни 24 мың абонентті, балабақшалар, мектептер, колледждер, ауруханалар мен емханаларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары