«Өзбекстандық азаматпен сөйлесіп жүрген»: Алматы облысында оқушы қыз жоғалып кетті

Бойжеткен 14 шілдеде сағат 17.00 шамасында үйден шығып кеткен

«Өзбекстандық азаматпен сөйлесіп жүрген»: Алматы облысында оқушы қыз жоғалып кетті
Жеке архивтен
4696

Алматы облысында 16 жастағы қыз ұшты-күйлі жоғалып кетті. Massaget.kz тілшісіне жоғалған қыздың анасы мән-жайды баяндады, деп жазады turkystan.kz.

Еңбекшіқазақ ауданында жоғалып кеткен Айкүміс Талғатқызы 2008 жылы дүние келген. Биыл 9-сыныпты бітірген ол колледжге оқуға құжаттарын тапсырып қойған. Айкүмістің анасының айтуынша, үй ішінде ешқандай проблема болмаған. Ал бойжеткен 14 шілдеде сағат 17.00 шамасында үйден шығып кеткен.

"Дүкенге барып келемін" деп шығып кеткен. 17.45-те ағасына хабарласып, "анама, сізге балмұздақ алайын деп едім, 900 теңге ақша саласыз ба?" деген. Ағасы ақшаны салып жіберген. "Түсті" деп хабарласса, телефоны өшірулі тұр екен. Сол күйі жоқ. Таппадық. Кешке жақын полицияға барып арыз жаздық. Олар да бір-екі сағат ішінде келіп тексерді", - деді ол.

Қазір жоғалған қызды бүкіл ауыл, полиция қызметкерлері іздестіріп жатыр.

"Қала жақта" деген сыбыс болды, қаладан да іздеді. Табылып қалар деп отырғанымызға бүгін алтыншы күн. Қыз бала ғой. Мал жоғалса да іздейміз. Құрбыларынан, достарынан сұрап жатырмыз. Оларға да ештеңе айтпаған. Ерсі қылығы жоқ, сен деген сөзі, беттен алып шапшитын әдеті жоқ еді. Мұғалімдері - бәрі іздеуге қатысып жатыр. Сабағы орташа болатын", - деді Алматы облысының тұрғыны.

Жоғалған жасөспірімнің туыстары осы жағдайдан кейін оның Өзбекстан азаматымен сөйлескенін, қарым-қатынасы болғанын білген.

"Біз өзбекстандық азаматпен сөйлесіп жүргенін көрмеген екенбіз. Айкүміс әлеуметтік желіге бірге түскен суреттерін салған екен, содан сырттан бір адам көріпті, іздеу басталған күні осы жағдайды бізге айтты. Жоғалатынынан 5-6 күн бұрын бірге түскен суретін статусқа қойған екен. Полициядан жігіт Өзбекстаннан екенін, сотталған екенін біліп отырмыз. Өтпелі кезеңнің әсері ме дейміз. "Олар біррге жүр" дейді, "алып кеткен" дейді. Қазір екеуін бірге іздеп жатыр", - деді жоғалған қыздың анасы.

Бұл жағдайға қатысты Алматы облыстық Полиция департаменті өкілдері пікір білдірді.

Ведомство мәліметінше, 14 шілдеде аудандық полицияға Кырбалтабай ауылының тұрғыны жүгінген. Ол жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қызын іздеуге көмек сұраған. Полиция іздеу шараларын бастаған.

"Кәмелетке толмаған қызды іздеу тобы құрылды. Полиция жоғалған адамның жақындары мен таныстарынан жауап алды, оның жүрген бағыты, такси жүргізушілері және басқа да куәгерлер анықталды. Өңірлік полиция бөлімшелеріне бағдар жолданды.

Жоғалған адамның орналасқан жерін тезірек анықтауға және оны үйіне қайтаруға бағытталған барлық қажет жедел іздестіру іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Туыстары іздестіру жұмыстарының барысы туралы үнемі хабардар", - деп жазылған Алматы облыстық Полиция департаментінің Massaget.kz-ке жауабында.

Серіктес жаңалықтары