Сақтансаң да, сақтамайды
Халық, ең алдымен сақтандыру аясында қажет көмекті уақытында ала алмайтынына алаңдаулы.
Ауруханаға аяқ баспаған адамды «қаралды» деп, сыртынан тіркеп қойғаны туралы бұрын да естіген едік. Дегенмен бұл жолы Алматы тұрғыны Damumed-тен өзінің бұрын нашақор болғанын, тәуелділіктен емделгенін «білген». Бұл тек техникалық қателік пе?
Одан бөлек, TikTok әлеуметтік желісінде халықтың медициналық сақтандыру жүйесіне төлеген жарналары екінші деңгейлі банктерде инвестицияланып, одан айтарлықтай қыруар пайда түсіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Көпшілікті «бұл ақшаның бәрі қайда?» деген сауал алаңдатқан.
Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Қорға кіріс не үшін қажет?
Иә, коммерциялық емес ұйым инвестициялық қызметті жүзеге асыра алмайды деген заң жоқ, бірақ белгілі бір шарттар мен шектеулерді сақтауы қажет. Негізгі ереже – инвестициялық қызметтен түскен табыс ұйымның жарғысында жазылған мақсаттарға жету үшін ғана жұмсалуға тиіс.
Ресми мәліметке сүйенсек, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша медициналық сақтандыру қорының инвестициядан түскен кірісі 30,3 млрд теңгеге жеткен. Ал былтыр түскен инвестициялық кіріс – 113 млрд теңге. Жалпы, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 741 млрд теңге МӘМС активі ұзақмерзімді мемлекеттің құнды қағаздарына, 108 млрд теңгесі облигацияларға, 171 млрд теңгесі Ұлттық Банктің қысқамерзімді депозиттеріне салынған.
Қордың ресми түсініктемесінде халықтан түскен барлық жарна мен аударым Ұлттық Банктегі арнайы шотқа түсетіні, одан кейін халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін медицина ұйымдарына жіберілетіні айтылған. Яғни, халықтан түскен уақытша «бос тұрған», медициналық қызметтерге төленгеннен қалған артық қаражат, Ұлттық Банк бекіткен қаржы құралдарының тізіміне сәйкес бағалы қағаздар мен депозиттерге салынады.
– Бұл инвестициялық кіріс алуға мүмкіндік береді, яғни МӘМС-те жиналған актив сомасын арттырады, бұл кіріс тек медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсалады және қорды ұстауға пайдаланылмайды. Сонымен қатар қор МӘМС қаражатын өз бетінше инвестицияламайды, – деп жазылған қор мәліметінде.
Сонымен қатар қор қаражатты тиімді сақтау механизмі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнаманы бекіткен кезде енгізілгенін және жүйенің активтерін көбейтуге мүмкіндік беретінін, бұл жыл сайын көрсетілетін медициналық қызмет көлемін ұлғайтуға және медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді деп түсіндірді. Сонымен үнемі үздіксіз аудит жүргізілетіні туралы айтады.
Жалпы, 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда инвестициялық кіріс өсімі былтыр 1,6 есеге артқан. Бұл қаражат биыл жыл басында басқа да активтермен қатар медициналық ұйымдармен 2024 жылға жасасқан шарт бойынша 30 пайыз алдын ала төлемді (251 млрд теңге) төлеуге жұмсалыпты.
Демек, қорға түсіп жатқан қаражат 2017 жылдан бері инвестицияланып келеді. Қор бұл түсімнің барлығы орнымен жұмсалып жатқанына сендіреді. Дегенмен медициналық сақтандыру жүйесі туралы жақсы пікір көп айтыла бермейтіні де өтірік емес. Халықтың жиналып қалған шағымын жақында Мәжіліс мінберінде бірқатар депутат көтерген болатын.
Дәл сол жерде, бірақ дәл қазір емес
Халық, ең алдымен сақтандыру аясында қажет көмекті уақытында ала алмайтынына алаңдаулы. Дәрігерге апталап, тіпті айлап кіре алмай жүргенін айтып шағымданатындар жетерлік. Басқа-басқа, жаны қысылып, ем іздеп келген науқасқа «осынша уақыт күтіп, шыдай тұр» деу қисынсыз. Дегенмен бір айта кететін дүние – тегін көмек алу үшін күту керек, бірақ ақысын төлесеңіз, дәл сол кезде, сол жерде қарала аласыз. Жалпы, бұл мәселе біраздан бері айтылып, көтеріліп жүр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкіметке сауал жолдап, бірқатар ұсыныс та айтқан болатын.
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу медициналық қызметтердің қол жетімділігі мен сапасын арттырып, денсаулық сақтаудың тұрақты қаржылық моделін құруы керек еді. Медициналық сақтандыру бірнеше жыл бойы жұмыс істегеніне қарамастан, медициналық көмектің сапасына қатысты мәселелер әлі де көп, – деген еді Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзінше, мәселенің бір себебі жасанды түрде құрылған қаржыландыру жүйесіне байланысты болып отыр.
– Егер азамат тегін тексерілгісі келсе, ол көбінесе бір ай, тіптен үш ай күтуге тура келеді, бірақ ақылы болса, қызметті бірден алуға болады. Бұл, соның ішінде жасанды түрде құрылған қаржыландыру мәселесіне байланысты. Емханалар іс жүзінде ай сайын қызмет түрлері бойынша квота алып отырады. Мысалы, КТ 10, МРТ 5 және т.б. Егер өтініштер көп болса, олар келесі айларға жазылады, – деген еді депутат.
Осыған байланысты ол көрсетілген қызметтер фактісі бойынша төлемге көше отырып, жоспарлы және ай сайынғы қаржыландырудан бас тартуды ұсынған болатын. Сондай-ақ МӘМС шеңберінде сақтандырылушыларға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын беруді қарастыру қажет екенін де айтты. Оған қоса, ТМККК және СМС пакеттеріне кіретін медициналық қызмет түрлерін нақтылаған жөн екенін жеткізген.
Көрсетілген қызмет бойынша қаржы бөлу туралы ұсыныс бір қарағанда мәселені шешуге мүмкіндік беретін сияқты көрінеді. Дегенмен қазір дәрігерге қаралмаған адамдарды «қаралды» деп, сыртынан тіркеп қою да жиілеп кетті. Жақында тура осы мәселе бойынша Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде шағым айтқан болатын. Оның сөзінше, Damumed оны есірткіге тәуелді емделуші ретінде тіркеп қойған, бірақ мұндай оқиға ешқашан болмаған. Осыдан кейін басқа да азаматтар осындай оқиғаға тап болғанын айтып жатты. Яғни, емделген науқастардың санын қолдан көбейту үшін осындай небір айла-амалдар ойлап табудың негізгі себебі осы қаржыландыру мәселесіне келіп тіреледі.
– Талдау қаржыландыруды жоспарлауда мәселе бар екенін көрсетеді. Мысалы, өзекті бағыттар бойынша қаржыландыру тапшылығының болуы (консультациялық-диагностикалық қызметтер) көбінесе басқа бағыттар бойынша дамымаумен қатар жүреді (кәсіби тексерулер, скринингтер және т.б.), яғни саланы қаржыландыруға байланысты проблемалардың бір бөлігін ішкі ресурс есебінен шешуге болады, атап айтқанда оларды ұтымды және негізделген жоспарлау, – деп ұсыныс айтқан болатын Асхат Аймағамбетов.
Ал бұл сұрақ пен ұсынысқа Үкіметтің берген жауабында Қазақстанда медициналық көмектің көлемін алдын ала бөлу моделі тұтынудың болжамына негізделген және медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуіне бағытталғаны айтылады. Бұл медициналық көмекті күту уақытын ұлғайтады екен.
Сондай-ақ Үкімет қазір бюджет шектеулі екенін, медициналық қызметтерді айтарлықтай артық тұтыну байқалатынын айтыпты.
– Осыған байланысты қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесін толығымен цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде, оның ішінде Е-Денсаулық бірыңғай ақпараттық-технологиялық платформасы аясында жоспарлау, сатып алу, мониторинг және медициналық көмекті төлеу процестерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыруды жетілдіреді, – деп жазылған Үкімет жауабында.
Сонымен қатар денсаулық сақтау ресурстарын тиімді бөлу және пайдалану мақсатында, түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу үшін, 2024-2026 жылдарға арналған медициналық көмек көрсету кепілдіктерінің Үкімет бекітетін бағдарламасы шеңберінде КТМК және МӘМС қаражаты есебінен медициналық көмек түрлерін нақты ажырату бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны да айтылыпты.
Жалпы, қаралушылардың «жылыстап» кетпеуі емханалардағы негізгі мәселе екенін дәрігерлер де растайды. Себебі қаралушымен бірге емханадан ақша да «жылыстайды». Мәселен, дәрігер Бейбарыс Нұрлан кей емханалар ақша басқа емханаларға кетпеуі үшін жолдама беруге тыйым салғанын айтады.
– Егер біз жолдама берсек, қаражат басқа емханаға кетіп қалады, сондықтан бізге басқа емханаларға жолдама беруге тыйым салды. Ал бізде қажет маман жоқ. Сондықтан бәрін өзіміз қарап, өзіміз емдеуге тура келеді. Ал жалпы практика дәрігеріне бұл айтарлықтай қиын, себебі салалық дәрігерлердің жұмысын қатар атқаруға тура келеді, – дейді ол.
Ал осы жерде медицина кадрларының тапшылығы мен жүктеменің көптігіне байланысты мәселе шығады.
Дәрігердің міндеті не?
– Қазір дәрігерлер пациентті тексерудің орнына олардың деректерін әртүрлі ақпараттық жүйелерге енгізуге және формулярларды толтыруға мәжбүр болғандықтан, олардың науқастарды қарауға уақыты жоқ. Ал бір пациентті тексерудің стандартпен шектелген уақыты дәрігердің толығымен дерлік компьютерде жұмыс істеуіне кетеді, – деген еді Асхат Аймағамбетов. Расымен де, онсыз да тапшы кадр күнінің жартысын қағаз толтырумен өткізетіні жасырын емес. Оған қоса, дәрігерді үйге шақыру қызметі де олардың жүктемесін көбейтіп отыр.
– Дәрігерлерді үйге шақыру қызметі бар, бұл – жедел жәрдем емес. Күні бойы ауруханада жүргенде, үйіне барып тексеру керек науқастар көбейіп кетеді, сосын жұмыс уақытынан тыс үй аралауға тура келеді. Бұл да белгілі бір деңгейде артық жүктеме, – деді дәрігер Бейбарыс Нұрлан.
Мәжілісте Асхат Аймағамбетов бұл мәселені барлық құжаттаманы толтыруды медбикелерге тапсыру, штат бірліктерін кеңейту арқылы бір дәрігерге жүктемені азайтуды жалғастыру, сондай-ақ бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу жөніндегі жұмысты аяқтау арқылы шешуді ұсынған болатын.
– Қазір денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 16 мемлекеттік ақпараттық жүйе және 30-дан астам жеке ақпараттық жүйе бар, олар өзара интеграцияланбаған. ТМККК және МӘМС қаражаттарын басқару әлсіз және тиімсіз болып отыр, бұл ең алдымен цифрландыру деңгейінің төмендігімен байланысты. 2024 жылдың бірінші жартысында бірыңғай деректер қоймасын іске қосу және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық көмектің бірыңғай төлем жүйесін толықтай медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялай отырып өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар медициналық персоналдың жүктемесін азайту мақсатында «бір терезе» қағидасын іске асыру жоспарда бар, бұл медицина қызметкерінің бірнеше ақпараттық жүйеге деректі қайталап енгізбеуі үшін әзірленбек, – деп мәлімдеді Үкімет.
Дәрігерлердің сөзінше, осындай қауырт жұмыс, қарбалас тірлік дәрігерлердің ауруханада жұмыс істеуіне деген бетін қайтарады, оған қоса жалақы да мұндай жұмысқа лайық емес.
– Қаншама жыл оқып келгенде, сенімен қатарлас басқа саланың мамандары аяққа тұрып, орнығып жатады, ал сен енді бастайсың. Осындай кезде жалақының аз болуы қынжылтады. Бұл – кадр тапшылығының негізгі себебі, – дейді Бейбарыс Нұрлан.
Тариф белгілеу әдістемесін шұғыл қайта қарау қажет
Тағы бір мәселе – медициналық сақтандыру қорының соңғы деректері төленген, бірақ іс жүзінде көрсетілмеген қызметтердің, яғни «тіркемелердің» көп екенін көрсетеді.
– Қордың шамамен 10 пайызын тексерген кезде, 52 мың тіркемені анықтады. Егер 100 пайыз тексерілсе, нақты жағдай қандай болар еді? Бұл неге байланысты? Бірінші себеп – ауруханаларды көбірек науқас тіркеуге ынталандыратын қордың айыппұл жүйесі. Қаржыландыру моделін толығымен өзгерту керек, тіркеудің пайда механизмін алып тастау қажет. Екінші себеп – тарифтердегі ауытқулар. Медицина қызметкерлерінің жалақысы өскен кезде, медициналық қызмет тарифі де пропорционалды өскені байқалмады. Жалақы тарифтің көп бөлігін ұстап қалады және дәрі-дәрмектерге, медициналық мақсаттағы бұйымдарға, тексерулер мен талдауларға аз ақша қалады. Оның салдары медицина сапасына кері әсерін тигізеді және науқастар зардап шегеді. Бұл тарифтік жағдай медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегінің өсуіне әкелді. Тариф белгілеу мәселесін шұғыл қайта қарау қажет. Сонымен қатар медтарифтен коммуналдық қызметтерді алып тастау керек, өйткені өңірлерде инфрақұрылымдар әртүрлі, ауа-райы жағдайлары да бірдей емес және коммуналдық қызметтердің құны бар, – дейді Асхат Аймағамбетов. Ол тариф белгілеу әдістемесін шұғыл қайта қарау қажет екенін жеткізген еді.
Ал Үкіметтің ресми мәліметіне қарасақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 20,8 млрд теңге болатын 3 миллионнан астам заң бұзу анықталған, оның ішінде 403 миллион теңге (1,8 пайызы) осы жалған көрсеткіштерге қатысты екен.
– Жалған көрсеткіштер мәселесі денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру арқылы шешілетін болады, бұл 100 пайыз мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Цифрландыру медициналық қызметтерді тұтынушылардың виртуалды шоттарындағы ақша қаражаттарының қозғалысын бақылау және дербес қаржылық есепке алу принципі негізінде жүзеге асырылады, – деп жауап берді Үкімет. Сонымен қатар қазіргі тарифтер нақты шығындарға сәйкес келмейтінін, медициналық қызметтердің нарықтық бағасынан 3-4 есе төмен екенін жеткізген.
– Жалақыны көтеруге бөлінген қаражат медициналық ұйымдардың шұғыл қажеттіліктерін жабуға бағытталады. Тарифтерді арттыру мәселелерін шешу барлық жалған көрсеткіштерді анықтау және емдеу клиникалық хаттамаларына ревизия жүргізу бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізу нәтижелері бойынша жоспарлануда. Қазір тарифтерді қайта қарау ең қажетті қызмет түрлері бойынша жүзеге асырылуда (ана мен бала, әлеуметтік маңызы бар аурулар). Коммуналдық қызметтерге тарифтер мәселесі медициналық және бизнес қоғамдастықпен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен жан-жақты талқылауды талап етеді, – деп жауап берді Үкімет.
Жарна төлемей, жан қысылса
Қордың 2020-2025 жылдардағы даму Стратегиясына қарасақ, мемлекет жарна төлеуден босатылған, саны шамамен 11 миллион болатын адам үшін немесе халықтың 59 пайызына жарна құяды. Яғни, халықтың жартысынан астамына сақтандыруды мемлекет төлейді. Дегенмен бұл бағытта да шешілмеген мәселе бар.
– МӘМС туралы заңның 26-бабын бұза отырып, азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін төленетін мемлекеттің жарналары заңда көрсетілгендей қаржы жылының алдыңғы екі жылындағы орташа айлық жалақыға емес, орташа жалақыға негіздеп есептеледі. Бұл жүйеде тапшылық тудырып, жалпы медициналық қызметтердің сапасына кері әсер етеді. Кейбір есептерде біз экономика бойынша орташа айлық жалақыны есептейміз, ал денсаулық сақтауды қаржыландыруға келетін болсақ, біз орташа жалақыны есептейміз. Жеңілдетілген санаттар үшін мемлекет жарнасын есептеу әдістемесін шешуді ұсынамыз, – деді депутаттар.
Сонымен қатар жарна төлеу 1-2 айға кешіктірілсе, азамат сақтандырылмайтыны, көмек ала алмайтыны да үлкен мәселе болып тұр. Мысалы, жарнаны тұрақты төлейтін, бірақ ұзақ демалыста, шетелде 3 йдан астам уақыт болған азаматтар қарала алмайды. Сол үшін сақтандырылушының мәртебесін айқындаудағы мәселелерді шешу ұсынылды. Ал Үкімет жарна төлемеу қаржылық жағдайды қиындататынын, дегенмен кей ерекше жағдайлар үшін арнайы тетіктер әзірлемек жоспар барын жеткізді.
Жалпы, Үкімет халықтың жарна төлеуге құлықсыз екені мәселенің бір себебі деп көрсеткен екен. Ал халық сапалы көмек ала алмайтындықтан жарна төлегісі келмейді. Тұйықталған шеңберді жазып, мәселенің шешімін табу оңайға соқпасы анық. Себебі оның астарында көлеңкелі нарық, жемқорлық, кадр тапшылығы және басқа да кешенді проблема жатыр.
Мақаланы бір қарағанда бір-біріне қатысы жоқ сияқты көрінетін екі жағдаятты шендестіру арқылы бастадық. Қор жұмысының механизмі мінсіз дегеніміз емес, дегенмен денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелер шешілмейінше, медициналық сақтандыру жүйесінен жүйелі жұмыс күтудің негізі жоқ.