Талдықорғанда бұрынғы білім бөлімінің бастығы 11 жылға сотталды
Басшы 80 миллион теңге пара алған кезде ұсталған.
Жетісу облысы білім бөлімінің бұрынғы бастығы сот шешімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Облыстың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының шешімімен, сотталушы ҚК-ның 366-бабының 4-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
«Бұрынғы білім бөлімінің бастығы бухгалтер мен оның екі сыбайласының ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғанын анықтаған (оларға қатысты жымқыру фактісі бойынша жеке қылмыстық іс жүргізілуде). Өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ол бухгалтерден атқарып отырған лауазымын босатуды немесе қамқорлығы үшін 380 млн теңге пара беруді талап еткен. Бухгалтер мен оның сыбайластары 200 миллион теңге жинап, оны көлік жүргізушісі арқылы бөлім бастығына берген», - делінген ақпаратта.
Кейінірек, басшы параның қалған сомасын талап еткенде, бухгалтер құқық қорғау органдарына жүгініп, басшы 80 миллион теңге пара алған кезде ұсталған.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, қылмыстық іс материалдарымен және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен расталады.
Прокурор сотталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қорғаушы тарап ақтау үкімін сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады.
«Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайды асырауында жас балалардың болуын ескерді. Ауырлататын мән-жай – мемлекеттік қызметшінің антын бұзу. Сотталушы ҚК-ның 366-бабының 4-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген сот үкімінде.