Париж-2024: Қазақстандық атлет Паралимпиада ойындарына жолдама алды
Қазақстандық спортшы Салтанат Әбілхасымқызы пара жеңіл атлетикадан Париж-2024 лицензия алды.
Франция астанасы Париж қаласында өтетін Паралимпиада ойындарына тағы бір қазақстандық атлет жолдама жеңіп алды, деп хабарлады turkystan.kz.
Нақтырақ айтсақ, қазақстандық спортшы Салтанат Әбілхасымқызы пара жеңіл атлетикадан Париж-2024 лицензия алды. Ол Т35 классында 100 м жүгіру дисциплинасында өнер көрсететін болады.
Бұл осымен пара жеңіл атлетикадан Қазақстанның төртінші лицензиясы. Бұдан бөлек, Паралимпиада ойындарында аталған спорттан ел намысын Дастан Мұқашбеков, Жоламан Еламан және Қайыржанова Гүлбахыт қорғайтын болады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Паралимпиада ойындарында спорттың 8 түрінен 22 лицензия бар.
Олардың ішінде: пара пауэрлифтинг (5), пара жеңіл атлетика (4), пара жүзу (4), волейболды отырып ойнау (1), пара үстел теннисі (1), пара таеквондо (3), пара каноэ (2) және пара оқ ату (2).
XVII жазғы Париж-2024 Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Жарыста 23 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады.