Декларацияның үшінші кезеңі: кімдер және қалай тапсырады?

Декларацияны қағаз түрінде де, электронды түрде де 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет.

Декларацияның үшінші кезеңі: кімдер және қалай тапсырады?
gov.kz
412

Биыл Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Яғни, 2024 жылы кәсіп иелері мен олардың жұбайлары 250.00 нысан бойынша салық есебін өткізуге міндетті.

Декларацияны «e-salyq­azamat», «салық төлеуші каби­неті», «электрондық үкімет» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Сондай-ақ бүгінгі күні екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында декларацияны тапсыру функциялары іске қосылған. Декларацияны қағаз түрінде де, электронды түрде де 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет.

Декларацияда Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі барлық мүлік көрсетілуге тиіс. Атап айтқанда, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, 10 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 34,5 млн теңге шегіндегі қолма-қол ақша, сондай-ақ шетелдегі жылжымайтын мүлік пен авто­көлік құралдары.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде жалпыға бірдей декларациялау аясында 2024 жылы салық декларациясын тапсыру бойынша ең жиі қойылатын сұрақтардың дайындаған жауабын ұсынамыз.

1. 2024 жылы жалпыға бірдей декларацияны кім тапсырады?

Ағымдағы жылы активтер мен міндеттемелер туралы "кіру" декларациясын (250.00-нысан):

- заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары;

- дара кәсіпкерлер (оның ішінде бірлескен кәсіпкерлік мүшелері) мен олардың жұбайлары ұсынады.

Жыл сайынғы кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 – нысан) - жалпыға бірдей декларациялаудың 1-2-кезеңінің декларанттары ұсынады.

2. Декларацияны тапсыруға міндетті заңды тұлғалар басшыларының, құрылтайшыларының (қатысушыларының) санатына кім жатады?

Алғаш рет активтер мен міндеттемелер туралы "кіру" декларациясын (250.00-нысан) мына тұлғалар ұсынады:

 - заңды тұлғалардың (коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың) басшылары;

- директорлар кеңесінің төрағасы;

 - заңды тұлғаның алқалы басқару органының бірінші басшысы;

- жеке басшы;

- тұрғын үй / саяжай кооперативтерінің төрағасы;

- заңды тұлғалардың құрылтайшылары;

- заңды тұлғалардың қатысушылары;

- сондай-ақ жоғарыда аталған тұлғалардың жұбайы/зайыбы.

Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қатысты.

Жалпыға бірдей декларациялаудың 3 кезеңінің декларанттары тізіміне кірмейді:

- филиалдар мен өкілдіктердің басшылары

- діни бірлестіктердің бастамашысы-азаматтар

- тұрғын үй / саяжай кооперативтерінің мүшелері.

3. Активтер мен міндеттемелер туралы (250.00-нысан) декларацияда не көрсетіледі?

Декларацияда 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша мынадай активтер мен міндеттемелер көрсетілуі тиіс:

- шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;

- шетелдік банктегі ақша, 7,3 мың АҚШ долларынан асатын (1 000 АЕК);

- шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;

- бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т. б.);

- үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);

- инвестициялық алтын (құйма алтын);

- зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;

- 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК) шегінде қолма-қол ақша;

- декларация тапсырғанға дейін нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен қарыз шарттары;

- құны 3,4 млн.теңгеден асатын басқа мүлік (қалауы бойынша) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т. б.) – бағалауды декларация тапсырылғанға дейін жасау қажет.

4. Декларацияны тапсырудың мерзімдері мен тәсілдері қандай?

2024 жылдан бастап декларацияны табыс етудің бірыңғай мерзімі 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін деп белгіленді. Азаматтар өзінің тұрғылықты жері бойынша декларацияны тапсыруы керек.

Электрондық нысанда декларацияны "Салық төлеушінің кабинеті" МКК web-порталы арқылы (cabinet.salyk.kz), "электрондық үкімет" порталы (egov.kz), moldir.qoldau.kz, сондай-ақ E-Salyq Azamat, eGov mobile, банктердің мобильді қосымшалары (HALYK, ЦентрКредитБанк, Kaspi.kz) арқылы ұсынуға болады. Декларациянын тапсыру үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет емес, оны SMS-пароль арқылы жіберуге болады.

Қағаз түрінде салық декларациясын ХҚКО, мемлекеттік кірістер органдары немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынуға болады.

5. Декларацияда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін жеке тұлға көрсетуі қажет пе?

Қазақстан Республикасында тіркелген мүлікті декларацияда көрсетудің қажеті жоқ. Бірақ шет мемлекетте тіркелген мүлік туралы мәліметті ерлі-зайыптылардың екеуі де көрсету қажет.

Серіктес жаңалықтары