Ақтөбелік ер адам мас күйінде әйелін өлімші етіп ұрып-соққан

Сот үкімімен әйеліне жұдырық жұмсаған азамат  кінәлі деп танылып, оған қатысты 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі қылмыстық жаза тағайындалды.

Ақтөбелік ер адам мас күйінде әйелін өлімші етіп ұрып-соққан
Polisia.kz
394

Мас күйде әйелін ұрып-соққан Ақтөбе тұрғыны сот шешімімен 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Тұрмыстық жанжал маусым айының соңында болған. Ерлі-зайыпты тұрғындар көршісінің үйіне қонаққа барған. Қонақтан мас болып қайтқан төрт баланың әкесі үйінде ұрыс-керіс шығарып, әйелін жұдырығымен бірнеше рет ұрып жіберген.

Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша дереу іс қозғап, күдіктіні қамауға алды.

Сонымен қатар жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысы әйел денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келгенін көрсетті. Сот отырысында 46 жастағы айыпталушы өз кінәсін толық мойындады, ал жәбірленуші алдағы уақытта күйеуімен ажырасуға ниетті екенін айтты. Себебі  мұндай жағдай бұрын да болғанын, алайда полицияға хабарламағанын жеткізді.

Сот үкімімен әйеліне жұдырық жұмсаған азамат  кінәлі деп танылып, оған қатысты 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі қылмыстық жаза тағайындалды. Сотталушы жазадан жалтарған жағдайда, жаза қамауға алуға ауыстырылатын болады.

Сонымен қатар қылмыстың алкогольдік мас күйде жасалғанын ескеріп, сот оған үш ай мерзімге алкогольдік ішімдіктерді қолдануға тыйым салды. Аталған құқық бұзушы азамат қазіргі таңда полицияның профилактикалық есебіне қойылып, ерекше бақылауға алынды.  
 

Серіктес жаңалықтары