Семейде офицер әскери бөлімге тиесілі мүлікті ломбардқа өткізген

Айыпталушы букмекерлік сайтта бәс тігіп, ұтылып қалған.

Семейде офицер әскери бөлімге тиесілі мүлікті ломбардқа өткізген
istockphoto.com
541

Семей гарнизоны әскери сотымен өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену фактісі бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Әскери соттың мәліметінше, айыпталушы штабтың топографиялық қызметінің басшысы бола тұра, өзінің қызметтік бабын пайдаланып, букмекерлік сайтта бәс тігіп, ұтылып қалған.

«Жеке басындағы қарыздардың көбеюіне байланысты пайдакүнемдік мақсатта әскери бөлімге тиесілі топографиялық құрылғыларды «Т» ломбардына өткізген. Соның салдарынан мемлекетке 2 миллион теңгеден астам залал келтірілген», – деді әскери сот.

Сот үкімімен сотталушы О ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

«ҚК-нің 49-бабы, 1-бөлігіне сәйкес «капитан» әскери атағынан айырылды. Сотталғаннан мемлекет пайдасына материалдық шығын мен мемлекеттік баж салығы өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары