Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екеніне тоқталып, түркі халықтарының әрдайым ынтымақта болуы керек екенін айтты

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты
Ақорда
842

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде, ең алдымен, саммиттің «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін атап өтті. Сондай-ақ аталған басқосу түркі елдерінің игілігін көздейтініне, дамудың тың бағыттарын айқындайтынына және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететініне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде оның қызметі барынша тиімді болғанын қалайды.

Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз. Бұл ретте, «TURKTIME!» ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Бұған дейін 40-қа жуық іс-шара өткіздік. Елдеріміз арасындағы байланыстың жаңа тетіктері пайда болды. Бұл – әлеуметтік саясат, құқық қорғау, білім, технология, инновация және өнеркәсіп сияқты салалар. Сондай-ақ Астанада қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екеніне тоқталып, түркі халықтарының әрдайым ынтымақта болуы керек екенін айтты.

Біздің күш-қуатымыз – бірлікте. Жалпы, кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол – сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында «Медиацияға» ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары