Жазушылар одағының жаңа жобалары
Жиын соңында БАҚ өкілдері ұйымдастырушыларға сұрақ қойып жоба туралы толық мәлімет алды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы стратегиялық әріптестікті іске асыру аясында «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «ТМД Елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты үш маңызды жобаның таныстырылымына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Конференцияны ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов үш жобаның міндеті мен мақсаты жайлы айта келіп, былай деді:
«Мемлекет басшысы «стратегиялық әріптестік» туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. Сол тапсырма орындалды деп есептейміз. Себебі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив құжаттама жөніндегі кітап ісі комитеті мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және оны танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру бағытындағы мемлекеттік тапсырыспен стратегиялық тапсырысты іске асыруға арналған конкурста Қазақстан Жазушылар одағы үш жобаны жеңіп алды. Үш жоба да қазір Қазақстан жазушыларына, қазақ әдебиетіне өте керекті жобалар. Биылғы жылдың екінші жартысында аталмыш жобаларды толықтай орындауға ұйымдастырушылар дайын.
Біз қашан да жас таланттарға мүмкіндік туғызып, өзінің шығармашылық кеңістігін кеңейту үшін осындай мүмкіндіктер жасағанымыз дұрыс деп ойлаймыз. Бұл жобалар, осындай іргелі істердің алғашқы бастауы болғалы тұр. «Қазақ әдебиеті» газетіне осы үш жоба туралы жариялағанда, сұраныстың көптігін байқадық. Ізденушілер, жобаға қатысқысы келетін таланттардың көптігі бізді қуантты».
Конференцияда жоба жетекшілері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегаманов, Бейбіт Сарыбайлар сөз кезегін алып, өздері басшылық ететін жоба туралы әңгімелеп берді.
Бауыржан Жақып «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жөнінде айтып, жас жазушылардың білімін көтеру мәселесіне тоқталды. Ол бұл мәселенің болашақта ашылуы тиіс әдебиет институтының алғышарты екенін айта отырып, жас қаламгерлерге қазақ және дүниежүзілік сөз шеберлерінің шығармашылық лабораторияларымен таныстырудың, сондай-ақ шеберлік сабақтарының қандай пайдасы тиетіні жөнінде кең түрде әңгімеледі. Жас қаламгерлерге дәріс беру үшін елімізден және өзге елдерден білікті мамандар тартылып жатқанын айтты.
Қасымхан Бегманов «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы бойынша жетекшілік етеді. Ол архив материалдары арқылы қазақ әдебиетінің тарихын терең зерделеу; архив материалдарын жинау және ТМД елдерінің архивтері материалдарының негізінде тарихи шығармалар жазу; Қазақстанның өткен ғасырлардағы әдеби-мәдени өмірі туралы әдеби зерттеулер негізінде кітаптар шығару; Қоғамның мәдени деңгейі мен зияткерлік әлеуетін одан әрі көтеру; Архив материалдары негізінде жазылған бірегей әдеби шығармаларды дүниеге әкелу арқылы қоғамның түрлі топтарын, соның ішінде жастарды ел тарихын білуге қызықтыру жөнінде өз ойларын айтты.
Бейбіт Сарыбай «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында істелетін жұмыстар жайында баяндады. Бұл жоба бойынша еліміздің түпкір-түпкірінен талантты 20 жас қаламгер таңдап алынып, оларды еліміздің әр облысына атандырып, өздері бұрын аяқ баспаған өлкелер туралы кітап жазуға мүмкіндік берілетінін және олардың бәріне қаламақы төленіп, кітаптары шығарылатынын айтты. Аталмыш жобалардың мазмұны мен мақсаты, өткізу жолдары туралы кеңінен әңгімелеп, таныстырды.
Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Қали Сәрсенбай және Qazaqstan, Abai.tv телеарналарының, «Қазақ әдебиеті», Egemen Qazaqstan, Turkistan, «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыз» журналының тілшілері қатысты.
Жиын соңында БАҚ өкілдері ұйымдастырушыларға сұрақ қойып жоба туралы толық мәлімет алды.
А.ЖҰМАҒАЛИ