Қазақстанда көкжөтелден тағы бір бала қайтыс болды

Айжан Есмағамбетова ата-аналарға балаларын иммундау шарасын кейінге қалдырмауға шақырды.

Қазақстанда көкжөтелден тағы бір бала қайтыс болды
Pixabay
578

 Қазақстанда көкжөтелден болған тағы бір бала өлімі тіркелді. Бұл жолы ауыр дерттен Ұлытау облысының тумасы көз жұмған, деп хабарлады КТК арнасы. 

Еліміздің бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова сәбидің екпе алатын жасқа толмағанын хабарлады.

«Көкжөтелден қорғанудың бір ғана жолы бар — вакцинация. Қазіргі таңда екпе екі айдан басталады, содан кейін балалар бір жасқа толғанша қатарынан үш рет екпе алады. Еуропалық сападағы вакцина. Өндірушісі — Франция. Сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Жалпы стастиканы қарасаңыз, науқастардың 90 пайыздан астамы — екпе алмаған», - деді Айжан Есмағамбетова. 

Дәрігерлердің айтуынша, көкжөтел, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге қауіпті. Егер дер кезінде екпе жасалмаса, аса қауіпті вирус ауыр түрде өтеді. Тіпті өлімге әкеледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, он науқастың төртеуі ауруға төтеп бере алмай көз жұмуы мүмкін. Жалпы жыл басынан бері Қарағанды мен Ұлытау облыстарында көкжөтелге қарсы екпе салдырмаған екі бала қайтыс болды. Ай сайын елімізде 400-ге дейін көкжөтел жұқтыру дерегі тіркеліп жатыр. Айжан Есмағамбетова ата-аналарға балаларын иммундау шарасын кейінге қалдырмауға шақырды. 

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында көкжөтелден бүлдіршіннің қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Серіктес жаңалықтары