Ерлік Сертай Азия чемпионатында жүлдегер атанды
Қазақстандық спортшы семсерлесуден Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды.
Шпагамен семсерлесуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ерлік Сертай Кувейттегі құрлық біріншілігінде қола жүлде жеңіп алды.
Кувейтте семсерлесуден Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Кезекті жарыс күнінде қазақстандық спортшылар медаль үшін бақ сынады.
Жартылай финалдық кезеңде қазақстандық спортшы Ерлік Сертай Гонконг өкілі Хо Вай Хангтан жеңіліп, 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Жартылай финалға шығу үшін өткен тартыста Ерлік тағы бір қазақстандық спортшы, ұлттық құрама капитаны Эльмир Әлімжановпен кездескен еді.
Айта кетейік, Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына семсерлесуден Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов және Ерлік Сертайдан тұратын Қазақстан ерлер құрамасы қатысады. Париждегі жазғы ойындар 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.