Су тасқыны: Петропавлда зардап шеккен тағы 47 отбасыға жаңа баспана берілді
Жоспар бойынша «Бірлік» шағын ауданындағы үйлер 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Петропавлдағы «Бірлік» шағын ауданында су тасқынынан зардап шеккен 47 отбасыға бүгін салтанатты түрде жаңа үйлердің кілті табыс етілді, деп хабарлады turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келді. Мақсат – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан және жөнделген үйлердің сапасын көру. Сапар барысында зардап шеккен Бескөл ауылында, Петропавлдағы шағын аудандар болып, тұрғындармен кездесті.
Кейін «Бірлік» шағын ауданында болып, көптің қуанышына ортақтасты. Бүгін тағы 47 отбасы жаңадан салынған баспанаға кірді.
Жоспар бойынша «Бірлік» шағын ауданындағы үйлер 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілуі тиіс.
«Бірлік» шағын ауданында 700 үй демеушілердің қаржысына тұрғызылады. 1300 баспананы сатып алатын боламыз. Қазірдің өзінде 300-ден астам үй-пәтер сатып алынды. Облыстық әкімдіктің қорында да, меценаттар бөлген қаражат жеткілікті. 1 шілдеге дейін жергілікті әкімдік баспана сатып алуға қатысты жұмысты аяқтайды. Ал құрылысы жүріп жатқан үйлер 1 қыркүйекке дейін салынып болады. Мәселе туындаған жағдайда 1 қазанға дейін үйлерді тапсырады. Сапасын бақылауда ұстау үшін комиссия құрылған. Мен ай сайын келіп, жағдайды біліп отырамын, тұрғындардан түскен әр шағым назардан тыс қалмайды. Жақында бұл шағын ауданға автобустар жүре бастайды. Аялдамалар салынады. Балабақша құрылысы жүріп жатыр. 1,5 км жерде мектеп бар. Келесі жылы ішіндегі жолдарға толық асфальт төселеді», - деді Қанат Бозымбаев.
Өңірде тасқын кезінде зақымданған ғимараттарды бағалау, үйлерді зерттеу жұмысы аяқталуға жақын.
«СҚО-да 4 мыңнан астам үй су астында қалса, оның жартысы апатты деп танылды. Яғни жергілікті атқарушы билікке осынша үйді салу керек немесе сатып алу қажет. Екі мыңға жуық үйді жөндеп, қалпына келтіру міндеті де тұр. Бескөл ауылында бұған дейін мәселе болды, қазіргі уақытта ол шешілді. Бағалау дұрыс жүргізілмеген үйлерді мамандар қайта бағалады. Кейбіріне басқа үй алынатын болды. Бұдан бөлек электр желісін, инфрақұрылымды және сумен қамту жүйесін қайта қалпына келтіру жұмысы тұр. Қажетті қаражат бөлініп жатыр, әкімдік жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатыр. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттің шамасы жетпесе, республикалық қазынадан қаражат бөліп, көмектесеміз. Солтүстік өңірде жаз қысқа, сондықтан бұл уақытты тиімді пайдалануымыз керек», - деді Қанат Бозымбаев.
Естеріңізге салайық, 6 маусым күні «Бірлік» шағын ауданында бес аптаның ішінде бой көтерген үйлердің алғашқы 53-і салтанатты түрде тапсырылған болатын.