«Балабақшаға інісін апарып келе жатқан»: Алматы облысында 12 жастағы қыз қаза тапты

Ал ауыр жарақатпен түскен 14 жастағы әпкесі дәрігерлердің бақылауында.

«Балабақшаға інісін апарып келе жатқан»: Алматы облысында 12 жастағы қыз қаза тапты
Алматы телеарнасы
797

Алматы облысында 2 оқушыны жүк көлігі қағып кеткен болатын. Жантүршігерлік оқиғадан зардап шеккен жеткіншектер ауруханаға жеткізілген, алайда ауыр жарақат алған 12 жастағы қызды аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлады turkystan.kz сайты «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, республикалық жолдарда жүк тасымалдайтын көліктер Байсерке ауылының көшелерін трассаға айналдырып алған. Ақылы жолдан айнала қашып жүрген жүргізушілер соңғы жылдары елді мекендегі 8 адамның өліміне себепші болған. Күні кеше балабақшаға інісін қалдырған екі қыз жаяу жүргіншілер жолағына таяп, жан-жағына қарап жүре бергенде қарама-қарсы жолаққа шығып алып, қатты жылдамдықпен келе жатқан жүк көлігінің астына түскен. Ауруханаға жеткен 12 жастағы жеткіншек сол жерде жан тапсырды. Ал ауыр жарақатпен түскен 14 жастағы әпкесі дәрігерлердің бақылауында. Қайғыдан қабырғасы қайысып, кенжесінің орны толмас қазасынан қан жұтып отырған Үсеновтер отбасы мұндай оқиға қайталанбас үшін көшеге жүк көліктерінің кіруіне шектеу қойып, жасанды жол кедергілерін орнатуды талап етіп отыр.

«Камерада көрсетілген, жан-жағына қараған, күткен. Қарама-қарсы екі бағытта көліктер тоқтап, жолдан өтіп келе жатқан кезде, арғы жақтан келе жатқан "Газельдің" тоқтауға деген ниеті болмаған. Себебі жол-көлік оқиғасы болған жерді көрдім, ешқандай дөңгелектің ізі жоқ. Ол екі машинаның ортасынан өтемін деп қарындасымды қағып кеткен. Ақылы жолмен жүрмеу үшін ауылдың ішінде бір-бірімен жарысып жүреді. Бір жылда қарындасымды қосқанда, бұл - үшінші қайғылы оқиға. Ал одан бөлек 5 кісі тіл қатпай кетті», - деді марқұмның ағасы Диляр Үсен.

Ауылдағы жаяу жүргіншілер жолағымен жүріп өту қауіпті болып шықты. Себебі жақын маңда жылдамдықты шектейтін белгі жоқ.

«Ауыр жүк көліктері ауылдың ішімен өтеді. Екіншіден, қатты жүреді. 7-сыныбына өткен қыз, жақсы оқитын бала еді. Отбасында 7 бала бар. Балалары өте тәртіпті, жақсы оқиды», - деді №12 орта мектебінің директоры Анар Монтаева.

Байсеркеде дәл осындай жағдай 28 желтоқсанда қайталанған. Жүк көлігі 9-сынып оқушысын қағып өтіп, жеткіншек оқиға орнында жан тапсырды. Жергілікті тұрғындар ақылы жолдың ақысын төлегісі келмейтін жүк көліктерінен әбден мезі болып, балаларының амандығына алаңдаумен отыр. Аудандық жол басқармасы өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта елдімекендерде 53 бейнебақылау камерасы орнатылады. Ал жасанды жол кедергісін жасау үшін өтініш жіберілгенін айтты.

«Жаяу жүргіншілер өткелдері бойынша ұсыныс хат жолдап отырмыз. «Республикалық маңызы бар жолдарда орналасқан терминалдан қашады, айналып өтеді» деген халық назын естідік. Жол басқармасы облыстық маңызы бар жолда салмақты өлшейтін құрылғы орнату туралы ұсыныс берді», - деді Іле ауданы Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Сүлейменов.

17 маусымда ойламаған жерден ойын баласы өмірімен қош айтысты. Бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалды.  Жүк көлігінің оқиғаға кінәлі 46 жастағы жүргізушісі ұсталып, сараптама тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары