Аралдағы Арыстан баб кім?

Арал қаласынан өткен соң, күре жолмен оңтүстікке қарай 80 шақырымдай жүргенде оң жақта Ақирек тауы мұнарта көрінеді. Жергілікті жұрт тау атағанымен, биік жота деуге лайық сол Ақиректің бөктерінде Түркістан сопыларының пірі атақты Арыстан бабтың бейіті бар.

Аралдағы Арыстан баб кім?
сурет: Нұрболат Нұржаубай
1393

Алла аманатын арқалаған әулие 

Арал қаласынан өткен соң, күре жолмен оңтүстікке қарай 80 шақырымдай жүргенде оң жақта Ақирек тауы мұнарта көрінеді. Жергілікті жұрт тау атағанымен, биік жота деуге лайық сол Ақиректің бөктерінде Түркістан сопыларының пірі атақты Арыстан бабтың бейіті бар. Бір ғажабы, арнайы тағайындалған шырақшылар әулеті әулиенің басын ерте замандардан бері күзетіп келеді. Сірә, Арал маңы халқының қысылған сәттерінде:

Мәдинада Мұхаммед,

Түркістанда Қожа Ахмет,

Маңғыстауда пір Бекет,

Ақиректе Арыстан баб,

Аталарым, жәрдем ет! –

деп келетін бата-тілектерінде де аты аңызға айналған әулиенің есімі бекер аталмаса керек-ті. Десе де, бұрын естімеген кісілер бұл мәліметке бірден сене қоймасы анық. Өйткені көпшілік Арыстан баб мазарының Түркістан облысындағы көне Отырар жерінде, Шәуілдір қыстағы жанында орналасқанын жақсы біледі.

Алайда баспасөзде және әлеуметтік желілерде жарияланған әртүрлі дереккөздерде Арыстан бабтың мазары алты не жеті жерде бар екенін мәлімдейді. Мысалы, 2017 жылы сәуірде STAN.KZ сайтында жарық көрген Назарбек Байжігітовтің  «Арыстан бабтың мазары еврей елінде де бар» атты мақаласында олардың «біріншісі – Отырар ауданында, екіншісі – Қыр­ғыз Республикасның Базарқорған ау­да­нында, үшіншісі – Бағдад қаласынан бірнеше шақырым қашықтағы Мадаинде, төртін­шісі – Мәдинада. Бесіншісі – Израильде» деп жазады. Арыстан баб әулиенің мәңгілік мекені жайындағы аңыздар Арал маңы тұрғындарының арасына  да кең тараған. Qazaly.kz ақпараттық агенттігі сайтында (11 маусым, 2019 жыл) жарық көрген  мақаласында қазалылық журналшы Есет Табынбаев өзі жазып алған ел аңыздарын былайша тарқатады: «Арыстан баб өмірден өткенде әлемнің түпкір-түпкірінен адам келіп, оның мәйітін өз еліне алып кетпекші болып, талас туындайды. Ақыры, ел бір мәмілеге келе алмайды. Сонан соң, Алланың құдіретімен мәйіт жеті мүрдеге айналады. Ел ішіндегі ақсақалдар «мүрдені жеті түйеге артып, басын бос қойып, қай жерге шөксе, сол жерге жерлеңдер» деп пәтуа шығарады. Сол жеті жайдың екеуі қазіргі Қазақстан жерінде екен. Бірі – барлығы білетін Түркістан облысындағы Шәуілдірде болса, екіншісі осы – Аралдың Ақирегіндегі бейіт». Автор Ақиректегі Арыстан баб зиратының басындағы шырақшы Жайық ақсақалмен жүргізген сұхбатын баяндай отырып, әулиенің басқа да елдердегі кесенелері туралы тәптіштеп өтеді. Білуімізше, бұл ақпараттардың түп-төркіні бір-бірінен онша алшақтамайды, керісінше толықтырып, мақұлдай түседі.

Бір назар аударатын мәселе, БАҚ-та жарияланған кейбір мақалаларда Арыстан бабтың прототипі ретінде Салман Фарси деген діни тұлғаның есімі жиі аталып жүр. Расында, хатқа түскен аңыздар мен көне қолжазба деректерінде Салман Фарси атты кісінің хазіреті (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың сахабаларының бірінен болғаны айтылады және соған орай кейбір зерттеушілер оның есімін кейін Ахмет Йасауиге берілетін «аманат-құрма» оқиғасымен байланыстырады. Кейінгі кезде бұл пікірдің теріс екенін дәлелдейтін тың тұжырымдар да пайда болды. Жаңа көзқарас жөнінде тарихшы ғалым Мұхтар Қожа өзінің «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында былайша сөз сабақтайды. Зерттеуші: «Салман Фарси – Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с.) замандасы әрі сахабасы. Оның қабірі Ирак мемлекетінің Мадаи­н қаласының маңында. Қабірінің басына тұрғызылған мавзолейі, мешіті бар. Осының өзі-ақ Арыстан баб пен Салман Фарсидің әр заманда өмір сүрген екі бөлек кісі екенін көрсетеді. Салман Фарси сопылық ағымның негізін қалаушылардың бірі ретінде барлық сопылық шайқыларға ұстаз есебінде болған. Осыдан барып, ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен Арыс­тан бабты VІІ ғасырдың қайраткері, ұлты парсы Салманмен шатастыру пайда болған» деп санайды (Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам., 25.06.2014).  Яғни, автордың жазуынша, Арыстан баб пен Салман Фарси екі дәуірде өмір сүрген екі бөлек тұлға.

Ел аузында Арыстан бабтың кереметке толы өмірі, оның хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың аманатын Қожа Ахмет Йасауиге жеткізгені жайында бірнеше аңыз сақталған. Мысалы, солардың бірінде былайша әңгімеленеді: Хазіреті Пайғамбарымыз өзінің Миғраж сапарында ғаршының бір сатысында Қожа Ахметтің бейнесін көреді. Кейін бір мәжілісте сахабаларына болашақта Түркістан өлкесіне дін таратушы осы бала болатынын айтады. Оған деген аманат құрманы 500 жылдан соң кім жеткізетінін сұрағанда, олардың ешқайсысы үндемейді. Сол уақытта Арыстан баб деген қарт сахаба орнынан тұрып, «рұқсат болса, мен жеткізейін» депті-мыс.

Арада көп заман өтеді. Алланың құдіретімен ұзақ өмір сүрген Арыстан баб Сайрам шаһарына келіп, Ахметтің үйін іздеп табады. Әулие әке-шешесі Ибраһим шейх пен Қарашаш анаға балаларының болашақта үлкен дін иесі болатынын айтып, оған ұстаздық етуге рұқсат сұрайды. Бұл кезде жеті жасар Ахмет далада балалармен ойнап жүреді. Өзін іздеп келген Арыстан баб әулиені таныған Ахмет: «Ата, аманатымды беріңіз», – дейді. Әулие аузын ашқан кезде құрма зып беріп баланың аузына еніп кетеді. Арыстан баб баланы сынамақ үшін: «Құрмадан маған да қалдырмайсың ба?» дегенде, Ахмет: «Ата, сіз құрманың маңызын жеп, маған сүйегін ғана қалдырыпсыз», – деп жауап береді. Көне заманнан жеткен аңыздың бар оқиғасы осымен бітеді. Бұл сюжет әрқилы аңыздарда аз-кем құбылғанымен, олардың ешбіреуі оқиға өзегінен алыстай қоймаған.

Аталған аңыз Қожа Ахмет Йасауидің сирек қорларда сақталған ескі қолжазба мұралары мен әр жылдары жарық көрген «Хикмет» жинақтарында да көрініс тапқаны мәлім. Мысалы, қазақ тілінде алғаш жеке кітап (1993) ретінде шыққан түркі шайырының 2-хикметінде мынадай жыр жолдары ұшырайды:

Йә, достар, құлағың сал осы кепке,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Меғражда Хақ Мұстафа рухымды көрді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,

Әр сырымды көрген сайын бүркеп жапты.

«Бихамдиллаһи» көрдім деп ізімді өпті,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Әзірейіл кеп Арыстан бабам жанын алды,

Хорлар келіп торғын тоннан кебін қылды.

Жетіс мың періштелер жиылып келді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге... (22-бет)

Ал Арыстан баб әулиенің Түркістанға келіп, Йасауиге «аманат құрмасын» тапсырған сәті 2000 жылы Тегеран шаһарында «Әл-Хұда» баспасынан жарық көрген «Диуани Хикмет» кітабында төмендегіше сипатталады:

«Аузыңды ашқын, – деді ол, – Аманатың берейін,

Дәмін алып жұтпадым, аш, аузыңды, салайын.

Хақ Расулдың бұйрығын үмбет болсам, қылайын».

Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз, тәбәрік.

Аузымды аштым мен дағы, салған құрма қылды мас,

Екі дүниені кешіп мен тек қана болдым хақ пәраст.

Қожа, молда жиылды, алып жүрді қолымнан,

Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз, тәбәрік.

Бабам айтты: «Ей, балам, қылмасаң да сен міндет,

Бес жүз жылдан кем емес, саған сақтап едім, – деп, –

Дәмін өзің аларсың, маған сүйек берерсің».

Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз, тәбәрік. (112-113 беттер)

Әдетте, Орталық Азия жерінде кең тараған көне аңыз-әпсаналарда Арыстан баб хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) замандасы әрі сахабаларының бірі болғаны және 400 немесе 500 жыл аралығында ұзақ өмір сүргені айтылады. Әйтсе де, тарихшы Мұхтар Қожаның жоғарыдағы сұхбатында түркістандық әулиенің ұзақ өмір сүруіне қатысты өзгеше ұстанымын ұшыратамыз: «Бұл мұсылмандықтың сопылық ағымындағы әрбір белгілі шайқының Мұхаммедпен (с.а.с.) байланысын көрсететін «силсилеге» ұқсайды. Арабтың «силсиле» сөзінің мағынасы – «шынжыр». Ол – нақты бір шайқыға Мұхаммедтің (с.а.с.) ілімі, сөзі кімдер арқылы, қандай дін иелерінің айтуы­мен жеткенін көрсететін тізім» (М.Қожа: Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам., 25.06.2014). Әрине, бұл пікірдің де жаны бар. Йасауи өмірін біршама зерттеген ағылшын ғалымы Дж.Тримингэмнің: «Ахмет Ясауи – барлық түркі сопыларының бабасы. Ясауи дәстүрі таза түркілік бағытта болды. Ол түркі шайқы Арыс­тан баб дүние салғанша соның қолында тәлім-тәрбие алды, кейін Бұхараға аттанды» деп жазғаны жайдан жай болмаса керек. Осындай деректерді француз ғалымы Ирене Меликофф, орыс зерттеушілері В.Бартольд, Ә.Диваев, И.Аничков т.б. ғалымдардың жазбаларынан оқуға болады.

Шынында, Арыстан баб қай ғасырда, қай дәуірде өмір сүрген адам деген күрделі сұрақ күн тәртібінен әлі түсе қойған жоқ. Дегенмен қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, атақты «Пір-Мұғанның» ХІ ғасырдың бедерінде ғұмыр кешкен тарихи тұлға болғандығын топшылауға негіз бар. Бұл ойымызды академик В.Бартольдтің төмендегі пікірлері арқылы тұжырымдауға болар еді. «Бұл аңыздар бойынша, – дейді атақты түркітанушы, – Ахмет Йасауидің алдында оған жол ашушы түрік Арслан баба немесе Баб-Арслан (Түркістанда «баб» сөзі, арабша «қақпа», яғни исламды таратушыларды ерекшелеу үшін қолданылады. – В.Б.); Арсланның ұлы Мансұр ата бірінші халиф немесе Ахметтің мүриді болды. Ал Ахметтің өзі Мервте ұзақ жыл сопылық мектепті басқарып, 1140 жылы өмірден өткен парсы мистигі Йусуф Хамаданидің үшінші халифі болған» (ВБартольд: 1993, 108 б.).

Дәл осындай мәліметті 1884-1885 жылдары Түркістан өлкесіне саяхат жасаған белгілі шығыстанушы Николай Веселовский де жазып қалдырғаны мәлім. Ғалымның Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағатында қолжазба күйінде сақталған «Қазалыдан Ташкентке барар жолдағы ежелгі қалалар мен қирандылардың сипаттамасы» атты жолжазба еңбегінен төмендегідей деректі кезіктіреміз: «Жалпыға ортақ ислами білім алған соң ол (яғни, Ахмет Йасауиді айтып отыр. – С.Қ.) барша мұсылман әлеміне кең тараған «Жахрия» бағытының басшысы, сол кездері Түркістанда тұратын Арслан бабтың мүриді қатарына кіреді. Осы ұстазының мектебінде бірнеше жыл оқығаннан кейін Сұлтан Ахмет Алланың Арыстан бабқа жіберілген аяны бойынша діни сенімін бекіте түсу үшін сол уақытта Бұхарада шәкірт тәрбиелейтін [Йусуф] Хамаданидің хұзырына аттанады». Байқайтынымыз, өткен ғасырлардағы көптеген зерттеушінің Орталық Азия көнекөздерінен жазып алған мәліметтері бір арнаға саяды. Бұл тұрғыдан алғанда, Арыстан баб әулиені 500 жасаған сахаба деп атағаннан гөрі Алла мен хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың рахым-шапағатына бөленген қасиетті адам, түрлі керемет-мұғжизалар көрсете алатын ерекше қабілет иесі ретінде таныған ләзім деп ойлаймыз.

Алланың нұры түскен әулеттер

Осыған орай, Қарахандар әулеті билеген Х-ХІІ ғасырларда Түркістан елдеріндегі хан-сұлтандардың «бура» және «арыстан» тотемдерін өз есімдеріне қосарлап жазу дәстүрі қалыптасқандығы еске түседі. Мысалы, 1999 жылы Ташкент маңынан табылған «Шежірелер жинағында» Қарахан мемлекетін басқарған Қашқар және Түркістан аймағының хандарының ататектерін тарқатқан тарауша бар. Осындағы ел билеушілерінің қатарында Махмуд Арыслан хан, Құтлұғ Арыслан хан, Көк Арыслан ибн Ақ Арыслан ибн Ахмад хан,  Арыслан хан ибн Мансур хан ибн Қылыш Қара хан т.б. тұлғалардың аттары аталады. Тарихи еңбектерде Түркістан хақандары ретінде Әли Арыслан, Қызыл Арыслан хандардың есімдері жиі ұшырасады. Көріп отырғанымыздай, барлығының дерлік есіміне «арыслан» лақабы қосарланған. Бір ғажабы, Ақ Арыслан мен Көк Арысланның шөберелері Мұхаммед Мәлік хан мен Абд әл-Халық хан Отырар өлкесін билегені жазылыпты («Маджма’ ал-ансаб уа-л-ашджар»: 2005, с.197). Демек, бір замандары Отырар өлкесі билеушілерінің есімдеріне «Арыстан» титулының қосылып жазылуы дәстүрге айналғаны рас болса, шежіре бойынша шартты түрде олармен туыс болып келетін Түркістанның ең үлкен пірінің Арыстан баб атануы – заңдылық сияқты. Ауыспалы мағынасында Арыстан баб, яғни «Ұлық адам» немесе ислам дінінің Түркістандағы «Үлкен Қақпасы» деген ұғымды ишаралайтынын аңғару қиын емес.

Айтайын дегеніміз, бірқатар Ортаазиялық шежірелерде қарахандық билеушілердің тегін қожалар тәрізді хазіреті Әли әулеттерімен байланыстырады. Жоғарыда аталған «Шежірелер жинағында» Арыслан ханның арғы аталары Мұхаммед-Ханафия ибн Әлиге барып тіреледі. Олардан тарайтын Абд ар-Рахим ибн Абд ал-Қаххар ибн Абд ал-Жаббар ибн Абд ал-Фаттах сынды аталардың бір тармағы хазіреті Құл Қожа Ахмет Йасауидің арғы бабасы Ысхақ бабпен туысатынын көреміз. Тіптен, Арыстан бабтың тегі жөнінде сирек кездесетін шежірелік мәліметтер де Түркістан пірлерінің ағайындықтан алыс емес екенін аңғартады. Асылында, өткен ғасырлардағы шежірешілер түркі руларының шежіресін Әнес сахабадан таратқандары сияқты, түркі қағандарының тегін хазіреті Пайғамбар әулетімен байланыстыруға барынша тырысқаны анық. Осы себептен, кезіндегі көне Оғыз хан ұрпақтары шежіресінің де бұрмаланған нұсқалары кездесіп жүр. Әзірінше, Түркістан аймақтарына дін таратушы ілкі әулие, ұлық бабтар мен атақты пірлердің ұлты араб па, әлде түрік пе деген сауалдың басы ашық қала беретіндей...

Ілгерідегі Абд ал-Қадир ибн Мұхаммед-Әмин тарапынан түзілген «Шежірелер жинағының» 195-бетінде Ахмет Йасауидің шәкірті әрі досы саналатын Зеңгі Атаның шежіресі былайша таратылады: «Хазірет Зеңгі ата ибн Тәдж ходжа ибн Абд ал-Мәлік ходжа ибн Мансұр ата ибн Арыслан баб ибн Мұхаммед ибн Әли (р.а.ғ.)». Бұл шежіреге қарап отырарлық әулие Арыстан баб пен оның даңқты мүриді Әзірет Сұлтанның түп аталары бір екенін байқауға болады. Алайда мұнда Әлидің немересі ретінде көрсетілген Арыстан бабты хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбармен замандас сахабаларының бірі болған деуге негіз жоқ. Былайша айтқанда аталған шежірелік нұсқа бойынша Түркістан пірі жас мөлшерімен есептегенде, Расул Аллаға шөбере деңгейінде ғана көрінеді. Тіптен, кейбір діни аңыздарда Арыстан бабтың прототипі делінетін Салман Фарсидің жасы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардан үлкенірек болғанын ескерсек, екі тұлғаның бір адам еместігі әшкере бола түседі. Әлбетте, шежіреде Мұхаммед-Ханафия мен Арыстан баб әулие арасындағы бірнеше атаның ұмыт қалуы да, ататек мәліметінің жетіспеушілігі болуы да бек мүмкін. Қалай десеңіз де, Отырарда туған тұғырлы тұлға ғұмырнамасының бізге беймәлім тұстары жетерлік.

Осы тектес тылсымы көп сауалдардың жауабын 2008 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Орта Азиядағы киелі шежірелер және исламдану үдерісі» атты кітаптан іздеп көрген едік. Көптеген дінбасы мен ғұламаның өмірі мен шежірелік тізбегін баяндайтын бірнеше қолжазба еңбектердің басын құраған ғылыми басылымды оқу барысында мына бір дерекке назарымыз ауды. Онда:

«Арыстан баба Пайғамбарымыздан (Оған Алланың рахметі мен сәлемі болғай!) оған аманат ретінде берілген мұраны жеткізді. Ол оны (Йасауиді) ұзақ тәрбиеледі. Ол бұ дүниеден өткенде Қожа Ахмет Йасауи оның Отырардағы қабірін зиарат етуге барып тұрды» деген мәлімет берілген. Бір қарағанда мұнда келтірілген мәтіндегі әңгіменің төркіні «аманат-құрма» туралы аңызды еске салғандай әсер қалдырады. Ал сәл төменіректе баяндалатын мәтінді мән бере оқыған соң мәселенің мүлде басқа жағдайды меңзеп тұрғаны сезіледі. Ескі жәдігер беттерінен Йасауиге иллаһи ілімнің қалай қонғаны жөнінде мынадай сұхбатты оқимыз:

«...Ол көптеген ұстаздың қызметінде болды. Оның соңғы ұстазы (яғни, пірі – С.Қ.) оған рұқсат берерде былай деді:

– Осы күнге дейін Хазіреті Пайғамбарымыздан (Оған Алланың рахметі мен сәлемі болғай!) қалай жеткізілді (ілім), сол ізбен мен сені осы силсиледегі таңдаулылар қатарына қосамын және рұқсатымды беремін.

Сонда оның шәкірттері арасында «мына түрік қалайша бақ-берекенің иесі бола қалды?» деген наразылық туындады. Хазірет Шейх жауап берді:

– Бұл түрік – әулиелердің жетекшісі. Егер кім де кімді Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі тәрбиелеген болса, ол қалайша байлыққа ие болмасын? (Орта Азиядағы киелі шежірелер және исламдану үдерісі: 2008, 229-бет)

Жоғарыдағы сұхбатқа тереңірек үңілсек, Ахмет Йасауиге Алла ілімінің жетуі аңызда айтылатындай сонау VІІ ғасырда өмір сүрген Расул Алланың сахабасы арқылы тікелей емес, сопылық тарқаттың силсиле-тізбегімен және Құдай Тағаланың қалауымен мұғжиза арқылы жеткенін сезінуге болады. Біздің ойымызша, Салман Фарси сахаба немесе Арыстан баб әулие болсын, олардың қайсыбірі 500 жыл жасап, «аманат-құрманы» бала Ахметке алып келді деген мәлімет – жай ғана аңыз! Ең абзалы, Арыстан бабтың жас Ахметке ұстаздық жасауы Алланың әмірімен, Жәбірейіл періштенің Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы аян беруімен жүзеге асқаны аңғарылады. Бұл құбылыс бірқатар діни аңыздарда ғана емес, кейбір хадистерде де көрініс тапқаны мәлім. Мысалы, Хазірет Сұлтан Ахмет Йасауи жайындағы мына бір аңызға назар аударайық:

«Пайғамбарымыз Миғражға (көкке) шығып бара жатып, үш адамның ұрқын (жанын) көріп таңданып:

– Бұл сәулетті ұрықтар кім болады? – деп жанындағы Жәбірейілден сұрапты-мыс. Жәбірейіл бұл сіздің үмбеттеріңіз: 1) Имам ағзам, 2) Ғаусыл ағзам (Қожа-и Пауадын) 3) Қожа Ахмет Йасауилер депті-міс. Қожа Ахметке тапсырғайсың деп, пайғамбарымыз өлерінде Арыстан деген сахабасына бір құрма беріп кетіпті. Арыстан бес жүз пәлен жыл жасап, сол құрманы Әзіретке  тапсырыпты... (Ж.Аймауытұлы: 1999, 274-б). Алаш қаламгері бұл аңызды өткен ғасырдың 20-жылдары Түркістандағы Йасауи кесенесін зиарат етуге арнайы барған сапарында жергілікті ишан, молдалардың аузынан жазып алған.

Осыған ұқсас діни аңыз-әпсаналар Қарахан әулетінің билеушісі һәм тұңғыш түркі-мұсылман мемлекетінің негізін қалаушы – Сатұқ Бура хан ғазы туралы көне қолжазба кітаптарда баяндалған. Әлем елдерінің кітапханаларында 30-ға жуық қолжазбалары сақталған «Тәзкире-и Бұғра хан» атты қолжазба кітаптың бір нұсқасын 1858 жылы Шығыс Түркістанға жасаған сапары кезінде Ш.Уәлиханов тапқан болатын. Осы мақаланың авторы көне түркі тілінен қазақшалаған сол кітапта Сұлтан Сатұқ Бурахан ғазының ислам дініне кіруі жайында Алладан аян түскені, оны Жәбірейіл періштенің Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға хабарлағаны баяндалады.

Бұл оқиға жөнінде, көне заман шежірешісі: «Әзіреті Сұлтан бұл әлемге келместен бұрын неше жыл ілгері оның рухын Миғраж түні Хақ тағала әзіреті Расул Аллаға пайғамбарлардың (с.ғ.с.) рухының қатарында көрсетті. Әзіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл хош хабарды естіп, қатты қуанды. Құдайға шүкір, Түркістан жақтан көңіліміз тыныш тапты. Өйткені,  көңілімде ылғи да Түркістан жағы мұсылман болмай, иманның  дәулетінен  нәсіпсіз қала ма деген  уайым бар  еді. Әрі  ертеңгі қиямет  күні  Түркістан  тарапындағы  үмметімнің  халі қалай болар екен деп  қатты абыржытатын-ды. Енді әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғрахан ғазының  тәрбиесіне кірісті.  Күнде   әзіреті Сұлтан рухына үзбестен бір рет фатиха оқитын. Сахабалары «Әмин» дейтін. Бірақ кімнің рухына арнап фатиха оқитынын білген жоқ», – деп жазады.

Бұдан соң бір күні Мағаз Жабал (р.а.ғ.) деген сахаба Алла Елшісінен оның кімнің рухына фатиха оқып жүргенін сұрайды. Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларға болашақта Түркістан халқын мұсылман қылушы үмметінің рухын көргені туралы әңгімелеп береді. Сонда хазіреті Мағаз Жабал орнынан тұрып: «Ей, Алланың  Елшісі,  сіздің  Пайғамбар екеніңіз  рас. Хақ  дұғаңыз қабыл болып,  дүние   және ақиретте Құдай Тағала Сіз үшін мейірім жаудырар екен. Бір дұға қылсаңыз, «әумин» десек, Құдай Тағала әзіреті Сұлтанның пәк рухын осы жерге даяр қылса, біз де көзімізбен көре алар едік. Әзіреті  Сұлтанның  бұл жаһан  көркіне  көз  жеткізіп,  содан  барып  Түркістан  тарапынан  көңіліміз  тыныш  болар  еді», –  деп  арыз  қылады («Тәзкире-и Бұғра хан»: 2007, 54-бет). Алланың сүйікті Елшісі сахабаларының өтінішімен әлі дүниеге келмеген Сатұқ Бура хан Ғазыны және оның қырық жігітін көз алдарына келтіреді. Астарына тұлпар ат мініп, үстеріне сауыт пен салтанатты киім киген қарулы азаматтарды көрген сахабалар қатты разы болады. Пайғамбар (с.ғ.с.) фатиха оқып, рұқсат берген соң әзіреті Сұлтан Сатұқ пен оның қырық жігіті көзден ғайып болады.

Алланың елшісі сол жерде: «Қырық  кісінің  бірінің аты – Хожа Әбу Нәсір Самани осы  әлемде  бар болды. Дүниеуи ғылым оқып, әзіреті Сұлтанның рухына иманды, Құранды үйретіп жүр және мұнда да жолдас болып жүр екен, ақыры бұл ғаламға келгенде де әзіреті Сұлтанды осы Хожа Әбу Нәсір Самани иманға кіргізеді, – деді. 

Сол мезет сахабалар тарих қылды (уақытты есептеді – С.Қ.) : «Әзіреті Пайғамбар дүниеден өткесін үш жүз отыз жыл өткеннен кейін Түркістаннан әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан атты бір қадірменді зат дүниеге келіп, он екі жасында  иманға  кіріп, көптеген халықты  мұсылман  қылып,  ғазылық  сипатқа  да ие  болады», – деген.  Одан әрі діни әпсана мына деректі баяндайды:

«Сол жерде пайғамбар (с.ғ.с.) тағы да: «Әуәл мән әслама мин әт-түрки әл-мұттақин» деген еді. Яғни бұл хадистің мағынасы: «Түркістан  тарапында әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы бірінші мұсылман болар», – депті. 

Сондай-ақ, Құдай тағаланың әмірімен біраздан кейін әзіреті Хожа  Әбу Нәсір Самани бұл әлемде бар болып, дүниеуи ғылым оқып жүріп: «Түріктен кім бірінші мұсылман болды?» деген хадисті көрді. Ол әзіреті Сұлтан қандай екен деп сырттай ғашық болды. Тарихқа қараса, әзіреті Сұлтанның дүниеге келуіне аз ғана уақыт қалыпты. Сүйіспеншілігі үстемдік құрып, Пайғамбардың (с.ғ.с.) рұқсатымен әзіреті Сұлтанды естіп,  Түркістан жаққа сапар қылды», –  дейді (Сонда, 55-бет). Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бура хан ғазы дүниеге келген күні қыс мезігілі болса да, күн жылынып, бұлақтардан сылдырап су ағып жатады. Дүние ғажайып бір тылсым күйге еніп тұрады. Қарап отырсаңыз, келешекте ислам дінінің қайраткері болатын түркі қағанының рухын 350 бойы Алла тағаланың қалауымен, Жәбірейіл періште, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың өзі қадағалап, тәлім-тәрбие беріп, желеп-жебеп жүреді. Аңыз бойынша Қызыр ата тарапынан жасалатын жәрдем мен діни жоралғылардың да өз үлесі барлығын айту ләзім.

Міне, дәл осы жағдай Арыстан баб пен Ахмет Йасауидің бастарынан да өтеді. Яғни, аңызда айтылатындай Арыстан баб әулие 500 жыл өмір сүрмей-ақ, Алланың Елшісінен берілген аян арқылы бала Ахметті іздеп тауып, Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) «аманатын» орындайды. Бәлкім, құрма дегеніміз «жиын», «ақыл-кеңес» ұғымын білдіретін сөз болуы да ықтимал. Ертедегі қазақ жырауларының толғауларында ұшырайтын «Жақсының көрдім құрмасын» деген жолдардың мағынасы соған саятыны анық.

Арыстан баб – шектілердің пірі ме?

Ендігі бір маңызды мәселе, Арыстан баб әулиенің Арал теңізіне жақын Ақиректегі мазары хақында болмақ. Мақаланың басында жазылғандай, ел аңыздарында айтылғандай Арыстан бабтың мәйітін жүктеген жеті түйенің бірі осы Ақирек жотасына келіп шөгіпті-міс. Сірә, бұл аңыздың шындыққа қаншалықты жақындығын дәлелдеудің өзі оңайға түспейтіні анық. Алдымен, Түркістан өңірін мекендеген тақуа, тариқатшы қауым өкілдерінің Арал теңізі жағалауына келуінің қандай алғышарттары болды деген сауал төңірегінде арыдан ой қозғағанды жөн көрдік.

Түркітанушылар Қарахандықтардың негізін құраған ұлыс-тайпалардың қатарында тоғыз-оғыздардан тарайтын қарлұқ, йағма, шигил халықтарын атайды. Араб географы Гардизидің жазуына қарағанда Х ғасырда Қашғар, Жетісу, Іле аймақтарында қарлұқ, йағма халықтары мекендесе, М.Қашғаридің «Түркі тілдері жинағында» тұхсилер мен шигилдер Шу, Ыстықкөл төңірегін жайлағаны жайында сөз болады. Осы арада шигил тайпасын ғалымдар кейінгі шеклі немесе шекті руларымен байланыстыратынын, ал шектілердің лақабы – жаманақ (шуманақтан шыққан – С.Қ.) екенін ескерген жөн болар. Осы аттас ру аты Шу бойын жайлаған жалайыр тайпаларында да кездеседі. Шектілермен бірге Әлімұлы бірлестігіне енетін шөмекей (шумугун-шумен-шөмен), тайпасының көне атауы да осы Шу өзенімен қатысты деген болжам бар. Олардың ұранға айналған «дөйт» атасы қырғыз халқының құрамында ұшырайды.

Шектілердің Сырдың төменгі жағалауына қоныс аудару оқиғалары «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш Баян сұлу» эпостарында да көрініс береді. Аталған екі жырдың бірінде шекті Сарыбай немесе Байсарының Байбөріге өкпелеп, көшіп кетуі немесе Сарыбайдың аңда жүріп қаза тапқан оқиғасы эпос нұсқаларындағы басты мотив саналады. Айтқандай, Арал қазақтары «сары» сөзін әлі күнгеше «шигіл» немесе «шикіл сары» деп қолданып келеді. Эпостағы Байсары мен Әлім-Шектінің ағасы Байсарының арасында тарихи-фольклорлық тұрғыдан көп ұқсастық байқалады. Ол жөнінде Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан сынды белгілі ғалымдардың еңбектерінде аздап сөз етілген. Белгісіз себептермен, шектілердің бұдан кейінгі тұрақты қонысы Қосөзен аралығына – Әму мен Сыр жағалауына біржола ауысады. Академик В.Бартольдтің Орта Азия тарихына қатысты еңбектерінде осыған орай мынадай дерек келтіріледі:

«Содан бері ұмытылған «шигил» атауы ХІ ғасырда көпсанды түркі ұлыстарына қолданылды; Селжүк сұлтаны Мәлікшаһтың Мәуренаһрға жорығы туралы әңгімесінен біз Қарахандықтардың әскери күштерін «шигилдер» деп атағанын білеміз; Махмұд Қашғаридың жазуынша оғыздар Әмудариядан Қытайға шейінгі барлық түріктерді шигилдер деп атады». Ғалым Тараз төңірегінде осы халықтың бір бөлегі қоныстанған Шигил атты шаһар да болғанын жазады. Кейін аталған қала Шыңғыс ханның ұлы Шағатайдың астанасы ретінде мәлім болған көрінеді (В.Бартольд: 1993, 58-бет).

Кейінгі дәуірлерде шекті рулары көп шоғырланған аймақ – Әму-Сыр өзендерінің төменгі ағысы, Арал теңізі жағалаулары және Жем, Ырғыз өзендері мен Қарақұм қойнауы. Cырдарияның теңізге құяр сағасында ірілі-ұсақты он шақты көлдер жүйесі қалыптасқан. Қамыстыбас, Ақшатау, Қосжар, Ақбай, Аманөткел, Көкшекөл, Жаркөл, Шөмішкөл, Мақпал сияқты көлдер теңіз жағалауы тұрғындарының, оның ішінде шектілердің де жанға жайлы жайлауы болған атақонысқа айналды. Осы өңірдің тумасы математик ғалым, академик Алуадин Сыдықов Түркияның Измир қаласынан елді сағынып жазған мақаласында Арыстан баб әулие жатқан қасиетті Ақирек жотасын былайша сипаттайды:

«Мен туған өлке – Арал маңайы. Биік таулары, ну орманы жоқ, жазық дала. Жері тегіс болғандықтан әредік кездесетін тоқал төбелер мен аласа қырат, жоталар алыстан менмұндалайды. Жергілікті тұрғындар оларды тауға балайды. Соның бірі – Ақирек. Ол Қазалыдан Аралға бағыт ұстағанда Бекбауыл, Қамбаш теміржол бекеттерінен оңға қарай он шақырымдай жерден бой көрсетеді. Қазір оның іргесінде Ақбай ауылы бар. Ертеректе, Сырдария суы мол кезде Ақиректі Көкшекөл, Жаркөл және Ақбай көлдері қоршап жатады екен» (TOLQYN.KZ ақпараттық агенттігі, 08 ақпан, 2023 жыл). Әлеуметтік желіде туған жері – Ақирек жайында толғанған тағы бір тұрғынның жазбасына назар аударайық:

«Осы кесене жайындағы алғашқы деректерді Қазалы жерінде қызмет істеген ғалым Игорь Аничков еңбектерінен де табуға болады, – дейді белгісіз автор, - Көнекөз қариялар бұрынғы кезеңдерде осы аймақтың жасыл желекті жер болғанын айтады. Қамыстыбас, Райым көлдерінің ортасында арал болған. Кесене маңында суы шипалы бұлақ бар екен. Дегенмен бертін келе ол бұлақ белгісіз себептермен жұрттың көзінен жоғалып кеткен екен» («ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі:15 шілде, 2018 жыл).

 Жергілікті тұрғындардың айтуларына қарағанда ерте замандарда Ақирек жотасы жан-жағын су қоршаған жасыл арал болған. Демек, бұл оңаша жер қарахандықтар заманында әлдебір тарихи себептермен шекті ұлыстарына ілесе елдің батысына қоныс аударған тариқат жолындағы тақуа жандар үшін таптырмас мекен екендігі талассыз.

Сұлтан Үпі мен Бегім ана аңызы

Сопы-дәруіштердің Түркістаннан Арал төңірегіне, Хорезмге және Маңғыстау өлкесіне қоныс аудару үдерісі бірнеше ғасыр бойы жалғасқаны тарихи деректерден де аңғарылады. Зар заманның көрнекті ақыны Мұрат Мөңкеұлының өлеңінде «Үш қиян атты толғауында:

Маңғыстаудың үш түбек,

Үш жүз алпыс әулие

Бес намаздың жайы үшін

Қадамдап аяқ басқан жер... –

деп бекер айтылмаса керек. Ежелгі Маңғыстау өңірінің әр тұсынан Қараман ата, Сұлтан Үпі ата, Оғыланды ата, Шопан-ата, Масат-ата, Шақпақ-ата, Бекет-ата, Сейсем ата, Қошқар ата, Жылаған ата сынды көптеген сопы-әулиелердің көрнекті кесенелері мен көне жерасты мешіттерін кездестіруге болады. Осы ондаған тақуалардың қай қайсысы да Ұлы далада ислам дінін насихаттау ісінде жан-тәнімен еңбек сіңірген ерен тұлғалар екендігі күмәнсіз. Байқап отырғанымыздай, аталған әулиелердің кейбіреулерінің есімдерімен байланысты жер-су атаулары мен мазар-кесенелерді Оңтүстік өңірлерден де жолықтырамыз. Осыған орай, шығыс халықтарында, оның ішінде мұсылман әлемінде атақты адамдардың бірнеше жерде зиарат мекені болуы – қалыпты жағдай екенін еске алу артық емес. Демек, бұл құбылыстың өзі Арыстан баб мазарының еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында ұшырасуын түсінуге жол ашары анық.

Расында ертедегі бабаларымыз кезінде ерекше қасиеті бар әулие кісілердің жайлаған, қыстаған не қона жатып, намаз оқыған, тіптен, бір түстеніп, ат байлаған жерлерін кие тұтып қастерлейтін болған. Кеңес кезеңіндегі солақай көзқарастарға қарамастан халқымыз ондай пәк рух өкілдерінің есімдерін ұрпақ есінде мәңгі сақтауға тырысқан. Ел арасына тараған аңыз-әпсаналар да осынау игі мақсатқа орай туып, ұрпақтар көшінде ұмытылмай, даңқты жандарды дәріптеуге сеп болғанын көреміз. Бәлкім, Арыстан бабтың Ақиректегі  «Әулие төбеге» орын тепкен ескі мазарының салынуына да атақты пірге деген халық құрметі, жергілікті Арал тұрғындарының сүйіспеншілігі себеп болған шығар. Баспасөз деректеріне қарағанда, әлі күнге дейін онда дертіне шипа іздегендер, Тәңірден перзент тілегендер, Алладан ақ жол сұрағандар зиарат етіп, түнеп тұрады екен. Әулиеге мінәжат етушілердің қарасы қысы-жазы арылмаған.

Қарахандықтар билігі кезінде сыртқы жаулардың қатері аз болмаған. Әсіресе, тілі бір, діні басқа Қарақытайлар мемлекеті көрші түркі-мұсылман елдеріне жиі қауіп төндіреді. 1137 жылдан бастап олар Батыс Түркістан елдерінің ішкі істеріне араласа бастайды. 1141 жылға қарай, қарақытайлар Баласағұн, Ходжент, Самарханд қалаларын басып алып, Әмудария бойындағы, Балх, Түркістан, Бұхара, Хорезм уәлаяттарын түгел бағындырады. Басқыншылар үй басына бір алтын динардан салық салады (В.Бартольд: 1993, 93-95 бб).  Қарахан мемлекетінің халқы ауыр жылдарды бастан кешіреді. Сірә, Түркістан төңірегіндегі Арыстан баб пен оның мүридтерінің уақытша болса да батыстағы қауіпсіз өңірлерге қоныс аударуы осы себептен туындауы ғажап емес. Қожа Ахмет Йасауйдің 95-хикметіндегі мына өлең жолдарынан сол заманның көрінісі елес береді:

                Уа, достар, ақырзаман болды, көргін,

                Дінсіз кәпір бұл әлемге толды, көргін.

                Хақ құлдығын қойып бәрі пасық болды,

                Сол үшін қаһар, азап, қылды, көргін.

                Күн көрмеген иесіз ғашық қас сұлулар

                Қорқыныштан жүректері қарс айрылар.

                Дерттеріне дауа таппай бейшаралар,

                Мұндай болып кәпірге қор болды, көргін.

                Біл бұларды, қараңғылық басты тұман,

                Бізге азап қылды бүгін қадірі ауған.

                Кәпір жығып алып, шықты шадыман,

                Мұсылмандар ойбай салып қалды, көргін... (Қ.Йасауи: 2000, 118-бет)

Ақырзаман сарыны Қорқыт атадан қалғаны мәлім. Одан әрі Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани, Асан қайғы, Бұқар жырау, Мөңке би, Шортанбай, Мұрат ақындарға шейін жалғасқан дәстүрлі мотивке айналды. Зерттеушілер жазып жүргендей, ақырзаман мотивінің жаңғыруына басты себеп ­– ел басына ауыр күндер туып, сырт басқыншылардың үстемдік құруы, ұлыстың бірлігі қашып, дін азып, жалпы халықтың көп қиындық көріп, нәубетке ұшырауы. Нақтырақ айтқанда, оғыз-қыпшақ ұлыстарының ыдырауы, қарақытай шабуылы, ноғайлы-қазақ айрылысуы, ақтабан-шұбырынды оқиғасы, орысқа бодан болу дәуірі секілді әр кезеңдегі тарихи трагедиялар жоғарыда аталған жыраулар мен ақын-шайырлардың поэзиясына басты арқау болғаны белгілі. Хакім ата Сүлеймен шығармаларының «Ақырзаман» деген атаумен елге мәлім болуы, кейіннен кітап болып жарық көрген хикметтерінің осылай аталуы да соның дәлелі.

ХІҮ ғасыр соңында Ақсақ Темірдің Алтын Ордаға жасаған басқыншылығы Үргеніш пен Сарай арасындағы қалың елді зор бүліншілікке ұшыратуы салдарынан С.Сараи, М.Хорезми, Құтыб, Тоғлықожа сынды ондаған ғұламалар мен сопы ақындар Мысыр жеріне көшіп кетеді. Соның жарқын мысалы ХІІ ғасырда Хакім ата Сүлеймен Бақырғанидың ұлдары Ер Үбі (Хұбби, Үббі, Үпі, Үпе нұсқалары кездеседі. – С.Қ.), Асғар және Махмұд қожалардың Маңғыстауға қоныс аударуынан көрінеді. Асылында, Арыстан баб әулиенің Арал маңынан, Хакім Атаның Хорезмнен пана іздеуі, Мұрат ақын ақын болжағандай, «бес намаздың жайы үшін»  болуы әбден мүмкін. Әлбетте, ел аузынан жеткен діни аңыз-әпсаналар мұның себебін «кереметке» балап, түрліше түсіндіргенімен, ауа көшудің біз жазып отырған тарихи себептеріне үңілгеннің еш артығы жоқ.

Бір ғажабы, ерте заманнан Арал-Каспий маңын жайлаған тұрғын қазақтар арасында Ер Үбі немесе Сұлтан Үбі жайында мифке бергісіз аңыздар сақталған. Аралдықтардың Арыстан баб әулиеге сыйынғаны сияқты Маңғыстау қазақтары да Ер Үбі рухынан жәрдем тілейді. Орта Азия халықтары оны «Су перісі ретінде танып, Сұлтан Үбі деп атаған» дейтін жорамал да кезігеді. Орыс этнографы Г.Снесаревтің «үбі» сөзін парсы тіліндегі (әб, уб) «су» деген сөзден шыққан деп жазғаны бар. Үбі тек жәрдем етумен шектелмейді, сонымен қатар теңізде дауыл тұрғызып, апат келтіретін жағдайлар да болады. Сыр бойында Үбі есімін атап шақырған адам суға түссе, батып кететіні туралы аңыздар жиі ұшырайды. Арал-Cыр өңірінің этнографиясын зерттеген ғалым, профессор Т.Қартаева еңбектерінде Үбі әулиенің тылсым құдыретіне қатысты бірнеше көне әпсаналар баяндалады (Т.Қартаева және басқалар: 2018, 48 бет). Яғни, Үбіні су перісі ретінде қастерлеумен бірге, оның рухынан көңілдеріне қорқыныш ұялайтын кездері де аз емес. Ертеректе әулиенің әруағына бағыштап, мал сойылатын болған. Расында, күні кешеге дейін Арал балықшыларының балаларын «Үби келеді» немесе «Үбіжік» алып кетеді» деп қорқытқанын көз көріп, құлақ естіді. Бұған қарап, теңіз жағалауы тұрғындарының арасында Ер Хұбби тұлғасына қатысты «Үбі культінің» бір нұсқасы «құбыжық» (су перісі) түрінде қалыптасқаны күмәнсіз. Маңғыстаулықтар да әулиеге қарата: «Сұлтан үпі, сақтай гөр пендеңді су апатынан» деп жалбарынатын болған.

Каспий жағалауындағы Сұлтан Үпі мешіт-кешені туралы БАҚ деректерінде: «Жанында орналасқан шағын қорымшылықта сағана тамдар, жәшік тәріздес сандықтастар, құлпытастармен орнатылған қойтастар, тас плиталар көлденеңінен немесе тігінен тұрғызыла қаланған қоршаулар, әр түрлі пішіндегі қабірүсті құрылыстары сақталған. Сұлтан-үпі сайы мен құдығы да назар аударарлықтай. Жардан 6 м жерден ойып салынған Сұлтан-үпі құдығының таза, салқын және өте дәмдi суы бар» деген мәлімет берілген. Кешеннің ар жағынан 3 шақырымдай жерде Каспийдің толқынды жағалауы көз тартады (Абай-Ақпарат (https://abai.kz/post/179832) Қараша, 2013 жыл).

Мұнда сипатталған көріністер Ақиректегі Арыстан баб қорымына ұқсайды. Арал теңізі жағасындағы әулиенің басында да осы тектес көне тас молалар, ежелгі заманның ескі жәдігерлері кездеседі. Олардың арасында әр кездері Арыстан баб қабіріне жақын қойылған жергілікті марқұмдардың қатарында жерленген Бекмырза ханның зиратын ерекше атауға болады. Сондай-ақ әулие дамылдаған жотада суы дәмді құдық суы бар. Ертеректе мұнда «Әулие бұлақ» та болған көрінеді. Оны Ералы сұлтанның қысымымен осы маңнан Хиуаға қоныс аударған қарақалпақтар көміп кеткен делінеді. Негізінде, Арыстан баб пен Маңғыстау әулиелерінің арасында сопылық тариқат жөнінен ғана емес, тарихи-генетикалық жағынан да туыстық қатынастың барлығы байқалады. Зерттеу жұмысымызды осы тақырыппен қортындылауды жөн көрдік.

Хатқа түскен діни аңыз-шежірелердің жазуынша, жоғарыда аталған Хакім ата Сүлеймен атақты Қарабура әулиенің екі қызының бірі Әнбар бегімге үйленеді (Маңғышлақта өмір сүрген және қайтыс болған ханафи бағытындағы әулиелер туралы адайлықтардың аңыздары. Тифлис: 1873, 7 бас.).  Қожа Ахмет Йасауидің ең жақын 4 шәкіртінің бірі болып танылған Хакім ата қайтыс болған соң, Әнбар ханым Арыстан бабтың шөпшегі Зеңгі атаға күйеуге шығады. Кейбір аңыздар Сүлеймен Бақырғанидің үшінші ұлы Асғар (Әли-Асқар) Зеңгі атадан туған деп есептейді. Біздің тақырыбымызға қатысты бір назар аударатын жайт, Қарабура әулиенің екінші қызы Бегім сұлу Жанкент билеушісі Санжар ханға ұзатылады. Бүгіндері Қазалы қаласынан шығатын қара жолдың Хиуа жақ бетінде теңізге жақын Бегім ана мұнарасы бар. Сұлулық пен тазалықтың рәмізіне айналған Бегім ана ескерткіші Арал-Сыр өлкесіндегі киелі жәдігер санатында мемлекет қорғауына алынған.

Қарахандар дәуірінде әйелдер арасынан шыққан сопы-тақуа ретінде Бегім ананың Арыстан баб әулетімен жегжаттық қатынасын да елемей кете алмаймыз. Тіптен, Түркістан пірі жатқан Ақирек пен Бегім ана мұнарасының арасы – қозы көш жердей екені де осындай ойға жетелейді. Қарабура әулиенің өзі Әзіреті Сұлтан Йасауиді жер қойнына табыстаған жақын достарының бірі болғандығы тағы бар. Оның Бегім анадай қызына әділетсіздік жасаған Санжар ханның астанасы – Жанкент қаласына теріс дұға оқып, көктен жылан жаудырған оқиғасына байланысты аңыз әңгімелер Сыр бойына кеңінен тараған. Кейбір тарихи аңыздардағы ол әулиенің Хорезм билеушісі Бура хан екендігі туралы мәлімет – өз алдына жеке тақырып ретінде зерттеуге сұранып тұр. Айтқандай, Қарахандар дәуіріндегі «жылан шағу» мотивінің Бегім ана аңыздарында ғана емес, Бура ханның (Қарахан әулие) қалыңдығы ретінде көпшілікке мәлім «Айша бибі оқиғасында» да ұшырайды. Тұжырымдай айтқанда, ежелгі Тараз бен көне Жанкент аңыздарын салыстыра отырып, Қарахан дәуірінің тарихында Арал маңы шектілерінің де маңызды орын алатынына көз жеткіземіз. Бұл орайда Түркістан пірі, Отырар жерін мәңгілік мекен еткен атақты Арыстан баб әулиенің Арал жағалауындағы Ақирек биігінде де киелі ізі қалғандығына күмән келтірмейміз.

Ақиректе - Арыстан баб

Ақырғы бір мәселені Ақиректегі Арыстан баб ескерткішін туристік маңызы бар маршруттардың қатарына енгізу жайынан қозғап көрелік. Жалпы, Қызылорда облысында сонау ежелгі сақ дәуірінен тамыр тартатын байырғы өркениет ескерткіштері: асарлар, бекіністер, көне қалалар, әулиелер мен тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар мен кесенелер өте көп кездеседі. Облыстың оңтүстік бөлігінде кезінде Ақорда мен Қазақ хандығының астанасы атанған сыралғы Сығнақ шаһары, көне заманның көзіндей көрінетін Баршынкент, Өзгент, Сырлытам, Жеті Абыз, Хорасан ата бастаған ғажайып ескерткіштер орналасқан. Ал Сырдың төменгі ағысындағы Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата кешені, Байқоңыр ғарыш алаңы, Сортөбе кенті, Марал ишан кесенесі, Қазалы өңіріндегі Жанкент қалашығы,  Бегім ана мұнарасы,  Қосымқожа, Сартай батыр, Толыбай батыр, Жанқожа батыр кесенелері, Арал ауданы аумағындағы Арыстан баб, Жетес би, Шірік-Рабат, Кердері қалашығы, экологиялық апат естеліктері т.б. маңызды мәдени ескерткіштерді қамтитын 3 ауданға ортақ  туристік «Сапар орталығын» жасақтауға негіз болар еді. Бұл бағыттардың бастауында Ақиректегі әулие Арыстан баб кесенесі тұрғаны тіптен жарасымды.

Оның үстіне жоғарыда Арал теңізі маңындағы Арыстан баб мазаратын қарт Каспий жағасындағы сопы-әулиелердің кесенелері орын тепкен киелі аймақтармен рухани-мәдени тұрғыдан байланыстыратын сакральді орталық ретінде танудың тарихи алғышарттары бар екендігі жан-жақты айтылды. Осыған орай, Ақирек ауылдық округы жанынан Арыстан баб әулиеге арналған мәдени-мемориалдық кешен мен «Сапар орталығы» (Визит-Центр) салынса деген ұсынысымыз бар. Болашақта бұл кешенді туристік Орталық еліміздің оңтүстік өңіріндегі тарихи-мәдени мұра нысандары мен батыс аймақтардағы киелі әрі құнды ескерткіштер арасын байланыстыратын аралық бекет – алтын көпір қызметін атқарады деп үміттенеміз. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» дейді бабалар өсиеті. Әулиенің мазараты Батыс Еуропа-Батыс Қытай күре жолынан бар-жоғы 10 шақырым жерде орналасқан. Аудан, округ орталығына жақын болуының үстіне, дәл жанында «Қамыстыбас» демалыс аймағы және туристер жиі келетін жағажай да бар. Мұның бәрі Ақиректегі Арыстан баб кешенінің келешегін баянды ететін оңтайлы факторлар десек, қателеспейміз. Олай болса, Арыстан баба ат шалдырып, Тұран жұртын имандылыққа үндеген әулиенің мәңгілік мекенін қайта жаңғыртып, келер ұрпақтың рухани сұранысын өтеудің реті келіп-ақ тұр.

PS. Бүгіндері «Арыстан баб» кесенесі - жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген қала құрылысы әрі сәулеттік мұра санатына жатады. Осы жылдың сәуір айында Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаевтың тікелей атсалысуымен, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ерікті жастар мен мәдениет мекемелерінің бастамасымен «Арыстан баб» кесенесі аумағында тазарту және кешендегі ғимараттарды сылау, әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімінің айтуынша, жақын келешекте Ақиректегі Арыстан баб мазаратына жаңа тілеухана, қонақ үй және автотұрақ салумен қатар, кешен айналасын абаттандыру жоспарланып, жобасы жасалған. Ендеше, Әзірет Сұлтанның ұлық ұстазы Түркістан пірінің «екінің бірі, егіздің сыңарындай» ескі кесенесін ерекше күтімге алып, еңселі орталыққа айналдыру бағытында ойға алған барлық істердің баянды болуын тілейміз.

 

Серікбай ҚОСАН,

түркітанушы, ф.ғ.к.

Серіктес жаңалықтары