10 күн, 4 сағат: 69 жастағы ер адам диджей болып, рекорд орнатты

69 жастағы италиялық диджей пультін 244 сағат бойы тоқтаусыз басқарған

10 күн, 4 сағат: 69 жастағы ер адам диджей болып, рекорд орнатты
Фото: guinnessworldrecords.com

Италияда 69 жастағы Фабер Морейра түнгі клубта 10 күн 4 сағат бойы тоқтаусыз диджей болып, Гиннес рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды turkystan.kz рекордтар кітабының ресми сайтына сілтеме жасап.

Оған дейін бұл рекорд 10 жыл бұрын Дублиндегі түнгі клубтардың бірінде тоқтаусыз ойнаған поляк диджей Норберто Локоға тиесілі болатын. Морейра оның рекордын 44 сағатқа асыра орындады.

Морейра Италияның Салуццо қаласындағы түнгі клубтардың бірінде диджей пультін басқаруды 15 мамыр күні бастап, 26 мамырдың таңертеңіне дейін үзбей жалғастырған. Осылайша ол 244 сағат 2 минут тоқтаусыз диджей қызметін атқарды.

Оның қасына барлық қажет заттар қойылған, соның ішінде төсек те орнатылған. Себебі оған аз уақытқа үзіліс жасауға рұқсат етілген. Ол ұйықтап қалмас үшін беті мен білегіне суық су шашып отырған. Диджей кофе ішпеген.

Ол аталған рекордқа жеке бапкер, диетолог, физиотерапевттің көмегімен екі жыл бойы дайындалған.